Жаңа заңдағы талап пен жауапкершілік

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 12 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заңына қол қойды.

Аталған актімен еліміздің Қылмыстық кодексіне, Қылмыстық-процестік кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, Еңбек кодексіне және 35-тен астам заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қабылданған заңдарда мынадай негізгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар, сондай-ақ құқық қолдану практикасының қорытындысы бойынша толықтырулар көзделген. Мәселен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік қызметтегі және квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысының алдын алу мен оны реттеу тәртібін айқындайтын новеллалар қарастырылған. Енді «мүдделер қақтығысы» ұғымы ықтимал, нақты және орын алған деп бөліне отырып мазмұндалады. Ал, «жеке мүдделілік» ұғымы мемлекеттік қызметшінің немесе оған теңестірілген тұлғаның – өзі, өзінің жақын туыстары, жұбайы, зайыбы, жекжаттары немесе өзімен байланысты басқа да тұлғалар үшін мүліктік және мүліктік емес сипаттағы кез келген игіліктерді, пайданы немесе артықшылықтарды сатып алуға, алуға немесе иеленуге мүдделілігі ретінде енгізіледі.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу «лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүдделеріне пайдалануға тыйым салу» арқылы белгіленді. Сондай-ақ, жеке мүдделерді декларациялау енгізіліп, мұндай декларацияны толтыру тәртібі, оның нысаны ҚР Үкіметінің актісімен айқындалатын болды.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің, ал олар болмаған жағдайда, кадр қызметтерінің тиісті мемлекеттік органның (квазимемлекеттік сектор субъектісінің) мемлекеттік қызметшілері мен оларға теңестірілген тұлғаларының мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу жөніндегі шараларды сақтауын қамтамасыз ету үшін жауаптылығы бекітіледі. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың мүдделер қақтығысы кезіндегі іс-әрекеттерінің егжей-тегжейлі алгоритмі регламенттелген, онда ықтимал немесе нақты мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда хабарлау тәртібі, мүдделер қақтығысының алдын алу, оны анықтау және реттеу бойынша басқа да қажетті шаралар, шаралар қолданудың нақты мерзімдері, сондай-ақ, жауапты тұлғалар айқындалған.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларды, әдеп жөніндегі уәкілдер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қызметкерлерін мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу бойынша шаралар қолданбағаны үшін тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тарту негіздері көзделген. Дәлірек айтсақ, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпаған, мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу бойынша шараларды қолданбау немесе уақтылы қолданбау мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың, сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкілдің немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы және кадр қызметтері қызметкерлерінің тәртіптік жауаптылығына әкеп соғады. Сондай-ақ, егер жоғарыда аталған іс-әрекеттердің нәтижесінде жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан шарттар немесе мәмілелер жасалса, актілер немесе басқа да шешімдер қабылданса, онда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар ӘҚБК-нің әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жататын 680-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар белгіленген тәртіп пен мерзімде мүдделер қақтығысы туралы хабарлаған немесе бас тарту туралы өтініш берген жағдайда жауаптылыққа тартылмайды.

Орын алған мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған, жеке, заңды тұлғалардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан актілерді, шарттарды, мәмілелерді және басқа да шешімдерді Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және Азаматтық процестік кодекс белгіленген тәртіппен жарамсыз деп тану негізі бекітіледі.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың жұбайларымен, жақын туыстарымен және жекжаттарымен тікелей бағыныстылықта қызмет істеуіне қолданыстағы тыйым салу басқа да байланысты тұлғаларға қолданылатын болады.

Енді мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлға» ұғымына мемлекеттік бюджет немесе Ұлттық қор қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеуге және іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшелердің басшыларынан төмен емес лауазымдарды атқаратын басшылық пен тұлғалар ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бюджет немесе Ұлттық қор қаражатынан қаржыландырылатын жобалар мен бағдарламаларды іріктеуге немесе қаржыландыруға немесе іске асыруға немесе мониторингіне қатысатын, аталған лауазымдарды атқаратын тұлғалар да жатады.

Бұдан басқа, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлғалардың тізбесі мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды және бағдарламаларды іріктеуге қатысатын не жобаларды және бағдарламаларды қаражат есебінен қаржыландыру туралы шешімдер қабылдауға қатысатын алқалы органдардың мүшелерімен толықтырылады.

Бұл ретте, жоғарыда аталған алқалы органдардың мүшелері ақы төленетін мемлекеттік лауазымдарды атқармайтындығын ескере отырып, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің барлығын емес, тек мыналар бойынша шектеулерді сақтауға міндетті болады. Атап айтқанда, мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтарды алу немесе иелену мақсатында ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалануға, өз өкілеттіктеріне байланысты материалдық сыйақыларды, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауға, өкілеттіктерді жеке мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады. Бұдан бөлек, салық декларацияларын ұсыну туралы талап алқалы органдардың мүшелеріне қолданылмайды.

Заң мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшыларына тәртіптік жаза қолдану үшін «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоймау» және «бағынысты ведомстволық бағыныстағы ұйымдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу бойынша лауазымдық міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы» сияқты негіздермен толықтырылады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігі бөлігінде де түзетулер көзделген.

Өзара іс-қимыл жасау тәртібін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бекітетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ереже айқындайтын болады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап пара беруді уәде еткені/ұсынғаны, сондай-ақ, параны талап еткені үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі.

Тиісінше, тіпті шенеунік өзіне пара беру туралы ұсынысты байсалды қабылдамаса да, пара ұсыну фактісінің өзі енді қылмыстық қудалауға жатады.

Жеке тұлғаларды әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды.

Арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылығы енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған тұлғалар үшін мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салу түріндегі қосымша жаза тек мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға ғана қолданылатын болады.

Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаны квазимемлекеттік сектор субъектісіндегі кез келген лауазымға жұмысқа қабылдауға жол берілмейді.

Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде цифрлық кадрлық жүйенің жұмыс істеу негіздері бекітіледі.

Осы мақсатта Еңбек кодексі жаңа 12-1-тараумен, яғни, «Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кадрлық процестерін цифрлық кадрлық жүйеде жүргізу ерекшеліктері» атты тараумен толықтырылады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің цифрлық кадрлық жүйенің толықтырылуын мониторингтеу, цифрлық кадрлық жүйені қалыптастыру және жүргізу бойынша жалпы үйлестіруді жүзеге асыру, сондай-ақ, цифрлық кадрлық жүйеде кадрлық процестерді жүргізу тәртібін айқындау жөніндегі өкілеттігі бекітіледі.

Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган ретіндегі және оның аумақтық бөлімшелерінің құзыретіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту мәселелерін үйлестіру жататынын атап өту маңызды.

Гүлмира САҒАДИЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар