Балалық шақтың жарқын жазы

Жаз жайнатып, күн күлдіріп

Жаз әр баланың асыға күтетін мезгілі. Олардың сабақтан уақытша қол үзіп, табиғат аясында тынығып, жаңа достар тауып, спортпен айналысып, кітап оқып, шығармашылыққа ден қоятын ерекше кезеңі. Сондықтан, балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру әрдайым маңызды міндеттердің бірі саналады. Ақмола облысында да биыл бұл бағыттағы жұмыстар кең көлемде қолға алынған.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың жазғы кезеңінде өңір бойынша 119 мыңнан астам баланы, яғни, мектеп оқушыларының 95 пайызын жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Сонымен қатар, балалардың 77,6 пайызы жаз мезгілінде еңбекпен қамтылып, түрлі үйірмелерге қатысып, спорттық, мәдени және танымдық іс-шараларға тартылуда.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 155 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат әлеуметтік осал санаттағы балалардың сауықтыру лагерлерінде демалуына мүмкіндік жасауға бағытталған.

Бүгінде облыста 16 балалардың білім беру-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Оның жетеуі мемлекеттік, тоғызы  жекеменшік болып саналады. Сонымен қатар, лицензиялауға жатпайтын екі шатырлы лагерь де балаларды қабылдауда. Барлық лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, қауіпсіздік талаптарына толық сай жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда лицензияланған 12 сауықтыру орталығында 9386 бала жазғы демалысын өткізуде.

Жазғы демалыстың негізгі бөлігі мектеп жанындағы лагерьлерде ұйымдастырылуда. Биыл облыс бойынша тамақтандырумен және тамақтандырусыз жұмыс істейтін 771 мектеп жанындағы лагерь ашылды. Бүгінгі күнге дейін олардың қызметіне барлығы 97 126 бала қатысып үлгерді.

Олардың ішінде 18 153 бала әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балалар. Сондай-ақ, 86 бала мектепішілік және полиция есебінде тұрған жасөспірімдер. Бұл санаттағы балалардың да жазғы демалыспен қамтылуы олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қоғамға бейімделуіне, жақсы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, тамыз айында Астрахан, Атбасар, Есіл, Жақсы және Сандықтау аудандарындағы 96 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын жалғастырып, тағы 2517 баланы қабылдайды.

Балалардың жазғы күндерін қызықты әрі пайдалы өткізуге қосымша білім беру ұйымдары да белсенді үлес қосуда. Жазғы уақытта облыс бойынша 5230 үйірме жұмыс істеуде. Мұнда балалар жүзу, волейбол, робототехника, сурет салу, қолөнер, музыка және басқа да бағыттар бойынша қабілеттерін шыңдап жүр. Сонымен қатар, 72 ұйымда қосымша білім беру бойынша 9588 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған.

Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. Мәселен, «Звездный» лагерінде әлеуметтік осал санаттағы және мектепішілік есепте тұрған 300 бала үш ауысымда демалады. Ал, «Сокол» лагерінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 180 бала жазғы сауықтырудан өтуде. Жаз маусымының соңына дейін «Звездный», «Сокол» және «Жас дәурен» лагерьлері балаларды қабылдай береді.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Лагерьлерде 103 қосымша білім беру педагогы мен тәлімгер, 30 полиция қызметкері және медицина мамандары қызмет көрсетуде. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Звездный», «Парус», «Жас дәурен», «Сұңқар» лагерьлерінде профилактикалық кездесулер өткізіп, зиянды әдеттердің алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, облыстық Дін істері басқармасы балалармен діни экстремизмнің алдын алу бағытында тұрақты кездесулер ұйымдастыруда.

Биыл да «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жаздық жолдама – 2026» қайырымдылық жобасы өз жалғасын тапты. Соның аясында 15–24 шілде аралығында республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында ауылдық жерлердегі интеллектуалдық олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстардың жеңімпазы атанған 19 ақмолалық оқушы демалуда.

Ал, Астана қаласы әкімдігінің «Астана – менің Отанымның Елордасы» әлеуметтік жобасы аясында Аршалы, Есіл, Зеренді, Қорғалжын және Целиноград аудандарынан әлеуметтік осал санаттағы 50 бала елордаға үш күндік танымдық саяхат жасап, тарихи және мәдени орындарды аралайды.

Жазғы демалыстың сәнін келтіріп жүрген игі бастамалардың бірі  кітапханалар мен музейлер ұйымдастырып жатқан мәдени-танымдық шаралар. Егіндікөл ауданындағы Армавир ауылдық модельдік кітапханасында өткен «Кітап қазынасын іздеп» атты кітап көрмесінде балалар өздеріне ұнаған шығармаларды таңдап, жаңа авторлардың кітаптарымен танысты.

Ал, Ұзынкөл ауылдық модельдік кітапханасындағы «Сиқырлы ғалам» үйірмесінде балалар шығармашылықпен айналысып, қиялдарын түрлі туындылар арқылы бейнеледі. Ал, Қоржынкөл ауылдық кітапханасында ұйымдастырылған «Біз оқимыз, ойнаймыз, демаламыз, уақытты тиімді өткіземіз» атты шарада балалар кітап оқып қана қоймай, ашық аспан астында түрлі ойындарға қатысып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әсерлі күн өткізді.

Степногорск қаласының Үлгілі балалар кітапханасы «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы арқылы мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілерін әдебиет әлемімен таныстырып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырды.

Ал, Көкшетау қаласының тарихы музейі Зеренді ауданындағы «Сұңқар» балалар лагерінде ерекше мәдени бағдарлама өткізді. Балалар Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шара барысында Елордаға виртуалды саяхат жасап, музей қорындағы ұлттық музыкалық аспаптарды тамашалады. «Музей чемоданы» жобасы арқылы тарихи жәдігерлердің тарихымен танысып, «Өз домбыраңды жаса» шығармашылық алаңында ұлттық аспаптың шағын үлгісін өз қолдарымен безендірді. Кеш соңында жас домбырашылар қазақтың күйлерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Балдәурен» лагерінің екінші ауысымындағы балалар үшін аудандық кітапхана ұйымдастырған «Кітапханадағы жазғы шытырман оқиғалар» бағдарламасы да есте қаларлықтай өтті. Балалар кітапханамен жақынырақ танысып, қызықты ойындарға қатысып, кітаптың білім мен қиял әлеміне бастайтын жол екенін тағы бір мәрте сезінді.

Бүгінде Ақмола облысында жазғы демалыс жай ғана каникул емес, сонымен қатар, әр баланың денсаулығын нығайтып, шығармашылығын шыңдайтын, білімін толықтырып, туған елінің тарихы мен мәдениетін танытатын, кітап оқуға қызығушылығын арттыратын үлкен тәрбие мектебіне айналып отыр. Мемлекет, білім беру ұйымдары, мәдениет мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен еңбегінің арқасында мыңдаған бала жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз өткізіп, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен, жаңа әсерлермен және тың серпінмен қарсы алады деген сенімдеміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар