Депутаттар денсаулық сақтау саласының қордаланған  мәселелерін талқылады

Тұрақты комиссияларда

Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында депутаттар денсаулық сақтау саласының қордаланып қалған өзекті мәселелерін талқылады.

Өңірдің денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелері мен алдағы даму басымдықтары ашық талқыланған отырысқа аталмыш комиссияның төрағасы, депутат Саят Сыздықов төрағалық етіп, облыстық мәслихаттың депутаттары мен мүдделі мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының нәтижесіз, сәтсіз жұмыстарына депутаттар талай рет сын айтқаннан кейін бе, әйтеуір, комиссия отырысына басқарма басшысы келмеді.

Күн тәртібіндегі негізгі тақырып тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі, кадр тапшылығы және емдеу мекемелерінің қаржылық тығырықтан шығу жолдары болды. Басқарма басшысының орынбасары Саят Толықбаевтың баяндамасында атап көрсетілгендей саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі. Жыл басынан бері облыстағы ауруханалардың жалпы қарызы 7 миллиард 409 миллион теңгеге жеткен, оның 1,4 миллиард теңгесі мерзімі өткен уақытылы төленбеген қарыздар. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың басымен салыстырғанда 2,5 есеге өсіп кеткен. Баяндамашының айтуынша, Степногорск көпбейінді қалалық ауруханасы қаржылық қиындыққа тап болғандардың көш басында тұр. Бұл мекеменің қарызы 873 миллион теңгені құрап, облыстағы бүкіл мерзімі өткен берешектің 67 пайызына тең болып отыр. Сондай-ақ, жоғары кредиторлдық қарызы бар аудандық ауруханалар қатарында Жарқайың, Аршалы және Бұланды аудандарының медициналық ұйымдары бар. Мамандардың пікірінше, бұған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету аясындағы тарифтердің жеткіліксіздігі, дәрі-дәрмек пен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржының кешігіп аударылуы себеп. Бұл ретте, комиссия депутаттары денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана басшыларының жеке жауапкершілігін күшейтуді және тиімсіз шығындарды шұғыл қысқартуды талап етті.

Сонымен бірге, облыста 2267 дәрігер еңбек етіп жатқанына қарамастан, өңірде әлі де 190 дәрігер қолы жетіспейді, соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлерге 125 маман қажет. Атап айтқанда, акушер-гинеколог, кардиолог, хирург және педиатр секілді аса тапшы мамандарға сұраныс жоғары. Бұл ретте, мәслихат депутаты Анар Аяпбергенова ауылды жерлердегі кадр тапшылығын жою үшін медицина саласына бөлінетін облыс әкімінің гранттарын ауыл балаларына беру туралы  орынды ұсынысын айтты. Расында да,  ауылды жерлерге қаладан шыққан жастар барғылары келмейді, барса да, ондағы жағдайларға шыдамай, кетіп қалады. Сондықтан, депутаттың бұл айтқаны алдағы уақытта ескерілсе, бірқатар елді мекендер алдағы 4-5 жылда алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандармен қамтылар еді.

Жалпы, биылдан бастап облыста денсаулық сақтау саласы бойынша кадр тапшылығын шешу үшін мемлекеттік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілді. Ауылға келетін дәрігерлер үшін біржолғы көтермеақы 8,5 миллион теңгеге дейін, ал, қалалық маман үшін 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.  Жыл басынан бері 17 дәрігерге 130,5 миллион теңге төленді, тағы 58 маманның өтінімі қаралуда. Биыл 30 дәрігер баспанамен қамтылса, алдағы уақытта тағы 141 маманды үймен қамту қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар, өңірде кадрлық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әкімдік грантымен 333 студент оқытылуда. Биыл резидентураға арналған гранттар саны тағы 40 орынға ұлғайтылмақ.

– Жоғарыда айтылған қиындықтарға қарамастан, облыстың медициналық инфрақұрылымы тұрақты түрде жаңарып келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда 10 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны бой көтерді. Алдағы уақытта облыс орталығында құны 332 миллиард теңгені құрайтын 630 төсек-орындық жаңа көпбейінді облыстық аурухананың және Қосшы қаласындағы 350 орындық емхананың құрылысы аймақ медицинасын мүлдем жаңа деңгейге көтереді. Сондай-ақ, онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін биыл 573,9 миллион теңгеге жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынуда, – деді баяндама барысында Саят Толықбаев.

Депутаттар баяндамашыға облыс тұрғындарының скринингтен өту, ауылдық жерлердегі тұрғындардың ай сайын алатын тегін дәрі-дәрмектерінің уақытылы жеткізілмеуі, сырқаттанып қалғанда тар шеңбердегі дәрігер мамандарына жазылу үшін айлап күту қажеттігі секілді бірқатар мәселелерді алға тартып, сын-ескертпелерін жеткізді. Сонымен бірге, тұрақты комиссияның алдыңғы отырысында Астрахан ауданының депутаты аудандық аурухананың рентген аппаратын шешіп беру мәселесін көтергенде,  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы биыл шешіп беретіндігіне уәде берген еді. Алайда, оның бөлгізген рентген аппараты істен шыққан, жарамсыз құрал болып шыққаны белгілі болды.

Бұдан әрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақмола облыстық филиалы басшысының орынбасары Әлия Жүсіпова мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омархановтың ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындылары бойынша баяндамалары тыңдалды. Алғашқысы өз баяндамасында өңірде халықтың медициналық көмегіне жұмсалатын шығын тұрғындардан түсетін жарналардан айтарлықтай асып жығылғанын, өткен жылы филиал 89,1 миллиард теңгенің қызметін төлесе, халықтан тек 35,7 миллиард теңге жарна жиналғанын айтып, нәтижесінде  53,4 миллиард теңгеге тапшылық туындап, МӘМС жүйесіне үлкен салмақ түскенін айтты. Сондай-ақ, өңірде МӘМС жүйесінен тыс қалған тұрғындар саны 17,1 пайызға өсіп, 112,8 мың адамға жеткен. Сақтандырылмағандар саны, әсіресе, Көкшетау, Қосшы қалаларында, Целиноград, Степногорск және Атбасар аудандарында күрт көбейген. Әлия Жүсіпова қор тарапынан жүргізілген мониторинг барысында емханалардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз немесе лицензияға қосымшасыз медициналық көмек көрсету фактілері анықталғанын айтты. Бұл ережені бұзғаны үшін ең үлкен айыппұлдар Степногорск көпбейінді қалалық ауруханасына, Ақкөл, Шортанды, Сандықтау аудандық ауруханаларына салынған. Бұл ретте мәслихат депутаты Нұрлан Жаров МӘМС қоры медициналық мекемелерге қаржы бөлу кезінде алдын ала анализ жасап, халықтың көп жүгінетін қызметтерін ескеру керектігін айтып, қордан бөлген қаржыны бір қолдарымен беріп, мониторинг арқылы екінші қолдарымен тартып алатындарын сынады.

Сонымен қатар, қор өкілі мониторингте берілетін ұсынымдардағы кемшіліктерге медициналық ұйымдар да мән бере бермейтіндігін, оған денсаулық сақтау басқармасы да ден қоймайтындығын алға тартты. Комиссия төрағасы Саят Төлегенұлы қор басшысының орынбасарына: «облыс тұрғыны ретінде жақсы медициналық қызметке сіз де қол жеткізгіңіз келетін шығар, сондықтан, медициналық мекемелерді тексергенде жазалаушы орган емес, жанашыр мекеме ретінде қарағандарыңыз дұрыс» деді.

Отырыста Ақкөл аудандық ауруханасының күрделі жөндеуіне жобалық-сметалық құжаттама бойынша 1,7 миллиард теңге белгіленіп,  бірақ, мемлекеттік сатып алу процесі кезінде тапсырыс 1,3 миллиард теңгеге берілгені, мұндай кемшіліктің қайдан жіберілгені анықталып, енді, жетпеген соманы аурухана қайдан табады деген мәселе де қаралды. Бұл мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы мүлде білмейтін болып шықты, ал, мемлекеттік сатып алулар басқармасының өкілі аурухана ғимаратын күрделі жөндеу үшін 1 миллиард 171 миллион 170 мың теңгеге мемлекеттік тапсырыс берілгендігі туралы, мемлекеттік тапсырыс бергендегі жобалық құжаттағы баға 1,5 миллиард теңге шамасында деген  анықтамасын оқып берді. Бұл мәселені алдағы уақытта арнайы комиссия құрып, барлық жауапты мамандарды шақырып анықтау және шешу туралы ұсыныс жасалды. Бюджеттен қосымша қарастыру туралы ұсынысқа облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бюджетте қарыз ақша жоқ екендігін айтып, іштен бір жобаларды тоқтата тұру арқылы шешу жөнінде кеңес берді. Бұл орайда комиссия төрағасы:

– Соңғы уақытта облыста денсаулық сақтау саласының мәселелерін шешумен мәслихаттың депутаттары, әкімдік қызметкерлері, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы айналысады да, тек неге екені белгісіз, денсаулық сақтау басқармасы айналыспайды, – деп қатты сынап, басқарма басшысының орынбасарына әр мәселенің мәнісіне үңілуді тапсырды. Себебі, әр мәселенің артында ақмолалық тұрғындардың денсаулығы тұрғандығын баса айтты. Бұдан әрі депутаттар облыстық денсаулық сақтау басқармасының салғырт жұмысына байланысты облыс әкіміне баяндаухат жазатындарын ескертті.

Тұрақты комиссия отырысының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау басқармасына медициналық мекемелердің қарыздарын реттеу, кадрлық әлеуетті арттыру және ауылдық жерлердегі дәрі-дәрмек тапшылығын жою бойынша нақты мерзімдер белгіленген тапсырмалар жүктелді. Депутаттар облыс тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың орындалуын тікелей өз бақылауында ұстайтын болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар