Қазақстандағы халық саны ең жылдам өсіп келе жатқан қалалардың бірі Қосшыда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар облыс әкімі Марат Ахметжановтың жетекшілігімен сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Жуырда облыс тілшілеріне көрікті шаһарға арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Қала әкімі Азамат Қапышевтің ұйымдастыруымен өткен пресс-тур барысында БАҚ өкілдері шаһардың даму бағытымен, жаңа әлеуметтік нысандармен және инженерлік желілердің жаңғыртылу барысымен танысты.
Қаланың мәдени өмірінің орталығына айналған заманауи мәдени-спорт кешенінде бүгінде 20 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, коворкинг аймағы және түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Әсіресе, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген робототехника үйірмесінің оқушылары мен ЮНЕСКО байқауларына қатысатын жас суретшілердің, сондай-ақ, ұлттық өнерді насихаттап, ұршық иіруден рекорд орнатуды жоспарлап отырған сырмақ шеберлерінің еңбегі ерекше.
– Біздің оқушылар басқа жаттықтырушылармен бірге Италияға барып, халықаралық турнирге қатысты. Онда жүлделі бірінші орынды иеленді. Біз бұл жетістікті ерекше мақтан тұтамыз. Бұл балалар – болашақтағы олимпиада чемпиондары болады деп сенеміз, – деді робототехника үйірмесінің оқытушысы.
Қаланың экономикалық әлеуетін арттыру бағытында 209 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылып жатыр. Шыны, металл конструкциялары мен тамақ өнеркәсібі өндірісі шоғырланатын бұл аймақ ашылғанда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамту үшін қазандықтар орнатылып, жылу мен жол жүйелері орташа жөндеуден өтуде.
Білім беру саласындағы орын тапшылығын жою мақсатында 1500 орындық жаңа заманауи мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызы орындалған, ал, нысанды 2027 жылдың наурызында пайдалануға беру жоспарланған. Мектептің басты ерекшелігі бастауыш және жоғары сынып блоктарының бір-бірімен қатыспайтын жеке блоктарда орналасуында.
– Жобаның ерекшелігі, мына бастауыш сынып пен жоғары сыныптың жеке блоктары, оқу блоктары жеке, олар қатынаспайды. Келешек мектепке сай, сол стандартта салынған. Өздеріңіз білесіздер, қазір мына жайлы мектептердің программасы қысқартылды, енді осындай заманауи мектептерді салуға біз құмартып жатырмыз, – деді қала әкімі Азамат Қапышев.
Денсаулық сақтау саласында құны 29 миллиард теңге болатын «Viamedis» көпбейінді медициналық орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Құрамында ауысымына 1000 адам қабылдайтын емхана қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, 350 орындық аурухана, пансионат және дәрігерлерге арналған тұрғын үйлері бар бұл алып кешен 1200-ге жуық маманды жұмыспен қамтиды. Орталық Қосшы тұрғындарымен бірге іргелес жатқан 7 ауданның халқына жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетпек.
– Бізде жалпы бәрі жұмыс істегеннен кейін 1200-дей адам осы жерде жұмыс істейді, орталықта. Қазіргі күнде емханада 262 адам жұмыс істейді, оның 74-і дәрігер. Енді біз олар үшін тұрғын үйлерді салып жатырмыз, егер өзіміз шақырған білікті мамандар болса, біз оларды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, – деді «Viamedis Kosshy» ЖШС Бас директорының орынбасары Нұрлан Қасымов.
2021 жылдан бері қала мәртебесіне ресми түрде ие болған Қосшы шаһары «Тарлан Астана» атауымен белгілі ЛРТ желісі де жалғанып жатқанын білеміз. Елорда іргесіндегі әсем қала Ақмола өңірінің заманауи, көркіне көз тоймас елді мекендерінің бірі.
Б.САКЕН.
Сурет nayzakokshe.kz сайтынан.
![]()

