Қазіргі таңда технологиялық прогресс тек игілік әкеліп қана қоймай, қылмыс әлемінің де цифрлық арнаға ойысуына түрткі болып отыр. Әсіресе, интернет-алаяқтық мәселесі бүгінде ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіретін деңгейге жетті.
Осы орайда, Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарына киберқылмыспен күресті күшейту және халықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша берген тікелей тапсырмаларын орындау шеңберінде Ақмола облысының Полиция департаментінде маңызды жұмыс кездесуі өтті. Өңір сақшылары мен екінші деңгейдегі банк филиалдарының басшылары бас қосқан бұл жиында интернет-кеңістіктегі қылмыстың алдын алу мен оған қарсы тұрудың пәрменді тетіктері талқыланды. Бұл басқосу құрғақ есеп беру емес, азаматтардың жиған-тергенін қаскөйлерден қорғау жолындағы мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының күш біріктіруінің айқын көрінісі болды.
Кездесу модераторы, департамент бастығының бірінші орынбасары полковник Ерлан Ақбаров жиынды аша отырып, өңірдегі ахуалдың күрделілігіне тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері ақмолалықтар алаяқтардың арбауына түсіп, 225 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған. Бұл жай ғана сан емес, бұл – жүздеген отбасының тағдыры, жоғалған сенімі мен материалдық шығыны. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Досым Жапаров келтірген мәліметтер де көңіл көншітпейді: биылдың өзінде полицияға алаяқтық фактілері бойынша 180-нен астам ресми өтініш түскен. Осы статистиканың өзі Мемлекет басшысының аталған мәселені ерекше бақылауға алу туралы тапсырмасының қаншалықты өзекті екенін және бұл бағыттағы жұмыстарды шұғыл жандандыру қажеттігін көрсетіп отыр.
Кездесу барысында қатысушылар ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, азаматтарды алдаудың ең соңғы және күрделі схемаларын егжей-тегжейлі талдады. Алаяқтардың құрығына түспеу үшін тек құқықтық емес, техникалық тұрғыдан да сауатты болу маңызды. Осы ретте, күдікті қаржылық операцияларды нақты уақыт режимінде бұғаттау, ұрланған қаражатты жедел қайтару және құқық қорғау органдары мен банктер арасындағы ақпарат алмасуды жеделдету мәселелеріне баса назар аударылды. Өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында мамандандырылған мессенджерлерде жедел топтар құру ұсынысы алға тартылды, бұл әрбір күдікті әрекетке қас-қағым сәтте ден қоюға мүмкіндік береді. Киберқылмысқа қарсы күрес – бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде қаржы секторының ортақ майданы.
Жиын соңында тараптар ведомствоаралық байланысты нығайтып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жаңа қарқынмен жүргізуге уағдаласты. Осылайша Ақмола облысының полициясы мен банк қызметкерлері алаяқтықтың жолын кесуге бағытталған «Киберқалқанды» бекемдей түспек. Азаматтардан талап етілетіні – тек қана қырағылық пен сақтық.
Жоғарыда айтылған кешенді шаралар мен халықтың құқықтық сауаттылығы ұштасқанда ғана, біз алаяқтардың жолын бөгеп, өңіріміздегі қаржылық қауіпсіздікті тиісті деңгейде сақтай аламыз. Жолдағы тәртіп те, қаржыдағы тазалық та әркімнің өз жауапкершілігінен басталатынын ұмытпаған абзал.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

