Облыста жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытындағы маңызды саяси шара қорытындыланды. 2026 жылдың 19 шілдесінде өңірдің 9 ауданындағы 10 сайлау округі бойынша ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті.
Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, барлық елді мекенде дауыс беру заң талаптарына сай өтіп, жаңа әкімдерді тұрғындар өздері сайлап алды.
Бұл жолғы науқан аясында Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Біржан сал, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Жақсы және Зеренді аудандарындағы бірқатар ауылдар мен округтердің басшылары сайланды.
Сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне жалпы саны 6677 азамат енгізілсе, соның ішінде 4 486 тұрғын өз таңдауын жасап, саяси белсенділік танытты. Жалпы облыс бойынша сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 67,19 пайызды құрады.
Өңірлер арасында дауыс беру белсенділігі бойынша айтарлықтай айырмашылықтар байқалуда. Егіндікөл ауданының Бауман ауылында дауыс беруге сайлаушылардың 86,04 пайызы келіп, ең жоғары белсенділік нәтижесін көрсеткен. Ал, ең төменгі белсенділік Ерейментау ауданының Олжабай батыр ауылдық округінде тіркелген, мұнда сайлаушылардың 50,59 пайызы ғана қатысты.
Ауыл әкіміне үміткерлердің жалпы саны 30 азаматты құрап, бір орынға орташа есеппен 3 үміткерден келді. Бұл сайлаудағы бәсекелестіктің жоғары болғанын көрсетеді. Тартысты өткен доданың нәтижесінде барлық 10 елді мекеннің жаңа басшылары сайланды.
Сайлауға түскен үміткерлердің жетеуі мемлекеттік қызметші, екеуі бюджеттік сала қызметкері, біреуі «Respublika» партиясынан ұсынылған кандидат, біреуі уақытша жұмыс істемейтін азамат, қалған тоғызы өзін-өзі ұсынғандар. Көріп отырғанымыздай, бұл жолғы сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттар басым болған. Бұл ауыл тұрғындарының партиялық тиесіліктен бұрын, үміткердің жеке қасиеттері мен жергілікті мәселелерді білу деңгейіне көбірек мән беретінін айғақтайды.
Сонымен, әкімдер Ақкөл ауданының Урюпин, Аршалы ауданының Михайлов, Ерейментау ауданының Олжабай батыр, Есіл ауданының Юбилейный, Жақсы ауданының Жаңақима, Зеренді ауданының Ортақ ауылдық округтері мен Атбасар ауданының Борисовка, Біржан сал ауданының Краснофлот, Егіндікөл ауданының Бауман және Зеренді ауданының Айдабол ауылдарына сайланды.
Ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлаудың толық қорытындылары мен сайланған тұлғалардың аты-жөндері жазылған ресми хабарламалар алдағы уақытта тиісті аудандық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында орналастырылып, ресми түрде жарияланады.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

