Зерендіде құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды

Зеренді ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен ведомствоаралық кеңесте құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігі жан-жақты сөз болды.

Маңызды жиынға аудан әкімі, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, сондай-ақ, полиция бөлімі, жергілікті атқарушы және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жиында биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданда қылмыстың барлық санаттарының төмендегені атап өтілді. Әсіресе, «Айқын нәтиже» жобасы аясында іске асырылған нақты шаралар өз жемісін беруде. Осы бастаманы жүзеге асырудың басты нәтижелерінің бірі ретінде көшелерге 18 қосымша бейнебақылау камерасының орнатылуын айтуға болады. Қазіргі таңда осы заманауи құрылғылардың көмегімен 192 құқық бұзушылық анықталған.

Басқосуда құқық бұзушылықтардың басым бөлігін азаматтардың масаң күйде жасайтынына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты алкогольдік өнімдердің заңсыз саудасының жолын кесу бағытында біршама жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, тиісті лицензиясыз ішімдік сатумен айналысқан 13 тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы 1-бөлігі бойынша, ал, түнгі уақытта алкоголь сатқаны үшін 7 тұлға аталған кодекстің 200-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Өңірдегі жағдайды сауықтырудағы тағы бір маңызды қадам «Зиялы қауым» жобасын ілгерілету болды. Нәтижесінде ауданның 11 ауылы алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартып, бұл елді мекендерде бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген жоқ.

Ведомствоаралық кеңестің қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, отбасылық зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ, қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмылдыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, жастармен, кәмелетке толмағандармен және есепте тұрған азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу басты басымдық ретінде айқындалды.

Жиын соңында барлық уәкілетті органдарға алдын алу жұмыстарын жандандыру, қылмысқа қарсы күрес және тиімді ведомствоаралық іс-қимылды ұйымдастыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар