2021 жылдың 27 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшыға қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бері ерекше қарқынмен өсіп, дамып келе жатқан елорда іргесіндегі шаһар тұрғындары биыл оның 5 жылдық мерейтойын атап өтеді. Атаулы датаға байланысты облыстық, республикалық БАҚ өкілдері осынау көрікті мекенге барып, оның тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайтқан едік.
Зәулім емхана, заманға сай аурухана
Үкімет қаулысымен бекітілген Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі Бас жоспары жас қаланың ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Бұл маңызды құжат инженерлік инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды және қала құрылысын жүйелі түрде іске асыруға жол ашып отыр. Бүгінде осы стратегиялық жоспардың аясында қалада тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Біздер алдымен денсаулық сақтау саласындағы ірі нысандардың жайымен таныстық.
Биылғы жылдың басында қосшылықтар игілігіне бір ауысымда бір мың адамды қабылдайтын заманауи жаңа емхана пайдалануға берілген. Бүгінде бұл мекеме қала тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті заманауи талаптарға сай, сапалы әрі қолжетімді форматта көрсетіп отыр. Жаңа ғимарат қажетті медициналық техникамен толық жабдықталып, қала халқының емдеу мекемелеріне деген сұранысын айтарлықтай жеңілдеткен.
Бұл медициналық жоба Қосшы қаласының ғана емес, сондай-ақ, іргелес жатқан жеті ауданның, атап айтқанда, Целиноград, Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары үшін де денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды буынына айналуда. Бұл бастама өңірдің медициналық қызмет көрсету деңгейін мүлдем жаңа белеске көтеріп, халықтың денсаулығын нығайтуға үлкен септігін тигізіп отыр.
– Қазір емханада 262 адам жұмыс істейді, оның 74-і дәрігер. Бүгінде оларды баспанамен қамту үшін жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Егер емханаға қажетті медицина мамандары бізге жұмысқа келетін болса, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ететін мүмкіндік бар, – деді «Viamedis Kosshy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Нұрлан Қасымов.
Осы емхананың дәл жанынан 350 төсектік көпсалалы аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. «VIAMEDIS» серіктестігі жүзеге асырып жатқан бұл инвестициялық жобаның жалпы құны 28 миллиард теңгені құрайды. Денсаулық сақтау нысаны халықаралық озық үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілмекші.
Денсаулық сақтау кешені тек емдеу орны ғана емес, сонымен қатар, үлкен әлеуметтік орталыққа айналады деп күтілуде. Жоба аясында мұнда қызмет ететін қызметкерлерге арнайы тұрғын үйлер және емделушілердің жақындарына арналған пансионат құрылыстары да жоспарланған. Сонымен қатар, алыс елді мекендерден келетін емделушілерге күту және демалу жағдайлары да қарастырылған.
Мамандандырылған медициналық көмек және технологиялар туралы айтсақ, бұл бағытта орталықта медицинаға қажетті барлық бөлімшелер ашылады. Мұнда хирургия, травматология, урология, гинекология, оториноларингология, кардиохирургия және нейрохирургия бөлімшелері болады. Ерекше назар онкологиялық қызмет пен перинаталдық көмекке бөлінеді. Мұнда КТ, МРТ, ангиография және УЗИ аппараттары орнатылады. Балалар бөлімінде «кезексіз қызмет көрсету» жүйесі енгізіледі. Мұнда жоба бойынша егу кабинеттері, аудиологиялық скрининг және аутизмді ерте анықтау қызметтері де қарастырылған. Қазіргі уақытта аурухананың сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді монтаждау жоспарға сай жалғасуда. Аурухана кешені 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал, кадрлық мәселені шешу үшін Астана қаласынан білікті мамандар мен жетекші дәрігерлер тартылады.
«ALAN» салауатты өмір салтының жаңа орталығы
Біз ат басын бұрған келесі нысан – 2024 жылы пайдалануға берілген спорт ғимараты. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтымен айналысуларына толық жағдай жасауға арналған заманауи спорт орталығы бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын нығайту және барлық жас санатындағы азаматтарға белсенді демалыс ұйымдастыру үшін салынған. Мекеме басшысы Нұржан Әубәкіровтің жетекшілігімен жұмыс істейтін кешен орталықтандырылған жылу, су және кәріз жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Ғимарат ішінде әмбебап ойын залы, жаттығу, күрес залдары, ересектер мен балаларға арналған екі бассейн, сондай-ақ, медициналық пункт, киім ауыстыратын, жаттықтырушылар мен әкімшілік бөлмелер қарастырылған.
Мекемеде 42 қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында белгілі жаттықтырушылар мен нұсқаушылар да бар. Бүгінде мұнда 650 бала тұрақты спортпен шұғылданады. Кешенде волейбол, баскетбол, футбол, еркін күрес, жүзу, ММА, каратэ, киокушинкай, көркем гимнастика және өзге де спорт түрлері бойынша секциялар бар. «ALAN» спорт кешені әлеуметтік жауапкершілікке де үлкен мән береді. Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, ардагерлер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, зейнеткерлер мен студенттерге жаттығу тегін және кейбіріне арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Ардагерлер ұйымынан, спорт мектептерінен келушілер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мұнда тұрақты түрде тегін келеді.
Кешен тәрбиеленушілері Астанадағы волейбол чемпионатында жеңімпаз атанып, Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлде иеленді. Сонымен қатар, спортшылар Ақмола облысының волейбол чемпионатында, пенчак силаттан Қазақстан Республикасының чемпионаттарында, сондай-ақ, зендокай каратэ-до мен қоян-қолтық
ұрыс бойынша жарыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді.
Жаңа мектеп-гимназия сапалы білім мен жайлылық мекені
2023 жылы пайдалануға берілген заманауи мектеп-гимназияның жобалық қуаттылығы 1 500 оқушыға арналған. Мектептің инфрақұрылымы мен материалық-техникалық базасы толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жалпы аумағы 17 мың шаршы метрден асып жығылатын үш қабатты еңселі ғимарат орталықтандырылған жылу, су және кәріз жүйелеріне қосылған. Оқу ордасында 113 жарық әрі кең оқу кабинеті, екі спорт залы, салтанатты шараларға арналған акт залы, асхана және медициналық кабинет жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мектепте 3 мыңға жуық оқушы білім алуда. Мектепте барлығы 264 қызметкер еңбек етсе, оның 204-і педагогикалық құрам. Ұстаздардың қатарында педагог-зерттеуші, сарапшы, педагог-модераторлар бар.
Сонымен қатар, мектепте оқушыларға әлеуметтік қолдау көрсету ісі де жоғары деңгейде жолға қойылған. Бүгінгі таңда «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры шеңберінде 197 оқушы қажетті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілген.
– Жобаның бір ерекшелігі мұнда бастауыш пен жоғары сыныптардың оқу блоктары жеке-жеке әртүрлі жақта орналасқан. Жоба Келешек мектептерінің стандартына сай салынған. Өздеріңіз білесіздер, қазір мынадай жайлы мектептер салу бағдарламасы қысқартылды, енді осындай заманауи мектептерді салуға біз құмартып жатырмыз, – деді қала әкімі Азамат Қапышев.
Өңірдегі білім сапасын арттыру және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу бағытында асырылған ауқымды жобалардың бірі сыйымдылығы 1500 оқушыға шақталған заманауи жаңа білім ордасының құрылысы. Жалпы аумағы 4,5 гектардан асатын жерде орналасқан мектеп ғимараты төрт қабаттан тұрады. Мұнда оқушылардың жайлылығы мен денсаулығына ерекше мән берілген. Осы орайда, мектеп аумағында жасанды көгалмен қапталған үлкен футбол алаңы, балалардың жарақат алуынан қорғайтын арнайы резеңке үгіндісінен жасалған спорттық алаңқайлар қарастырылған. Сонымен қатар, балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты даярлық сыныбынан бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін демалатын жеке ойын алаңдары мен тыныш демалыс аймақтары жабдықталуда.
Қазіргі таңда құрылыс алаңындағы жұмыстар жоспар бойынша қызу жүріп жатыр. Мамандардың мәліметінше, ғимараттың темірбетон іргетасы 100 пайыз құйылып біткен. Бүгінгі күні нысанның монолитті қаңқасын тұрғызу жұмыстары 70 пайызға орындалып, қабырғасын қалау және абаттандыру кезеңдері қарқын алған. Сондай-ақ, сыртқы су құбыры мен кәріз желілерін тарту жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында алаңда 120 құрылысшы мен 8 арнайы техника бірлігі тоқтаусыз еңбек етуде. Жаңа мектеп пайдалануға берілген кезде өңірдегі оқушылар үшін ең заманауи және жайлы білім ұясына айналатыны сөзсіз.
Индустриялық аймақ мүмкіндіктері
Бас жоспарға сәйкес, қалада заманауи индустриялық аймақ құрылып, жалпы инвестиция көлемі шамамен 350 миллиард теңгені құрайтын 7 маңызды инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Алтауы отандық инвесторлардың үлесінде болса, біреуі шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылады. Осы мақсатта қала әкімдігінің қаулысымен жалпы аумағы 209 гектарды құрайтын жер телімі мемлекеттік қажеттілік үшін заңды түрде бөлінген. Ақмола облысы әкімдігінің тапсырмасымен аумақ «Akmola Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгеріміне беріліп, бүгінде мұнда отандық және шетелдік инвесторлар белсенді тартылуда.
Жобалардың ішіндегі ең ірісі әрі ауқымдысы «Hunan Construction Engineering Group Co.,Ltd.» шетелдік компаниясы тарапынан жүзеге асырылатын «Жібек жолы» инновациялық-индустриялық қалашығы. Инвестор 150 гектар жер теліміне 600 миллион АҚШ доллары немесе 292,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция салып, 3 мың адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Аталған қалашықта жаңартылатын энергия көздері қондырғыларының құрамдас бөліктері, фотоэлектрлік модульдер, автомобильдер, ауыл шаруашылығына қажетті техника, азаматтық мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппараттары шығарылып, заманауи дата-орталық жұмыс істейтін болады.
Отандық өндіріс саласында маңызды жобалардың бірі 2 гектар аумақта 1,4 миллиард теңге инвестиция есебінен бой көтеретін «BEM GLASS» серіктестігінің шыны өңдеу және терезе-есік конструкцияларын шығару зауыты. Кәсіпорын 60 адамды жұмыспен қамтып, шыңдалған шыны, шыны пакеттер және стемалит өндіреді. Сондай-ақ, «ADLogistics» серіктестігі металл конструкциялары мен шағын сәулет нысандарын шығаратын, 80 жұмыс орны бар өндірістік база салады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында «МФК «DA.SIGNA» серіктестігі 5 гектар жерде 2 жарым миллиард теңгеге көкөністерді сақтауға және өңдеуге арналған модульдік кешен тұрғызады. Онда 50 маман еңбек етіп, вакууммен қапталған және арнайы газ ортасындағы порциялық өнім жиынтықтары дайындалады.
Бұдан бөлек, Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауында бірқатар маңызды жобалар пысықталу сатысында. Олардың қатарында сүзбе, айран, құрт өндіретін «Гормолзавод» кәсіпорны, италиялық технология бойынша қатты, жұмсақ ірімшіктер шығаратын «CRAFT CHEESE» жеке кәсіпкерлігі және 10 гектар аумақта бетон құбырларын шығаруды жоспарлап отырған «Integra» компаниясы бар.
Индустриялық аймақты дамыту Қосшы қаласының экономикалық өсімінің басты қозғаушы күшіне айналады деген ойдамыз..
Қыстың қамын жаз ойла
Жылу қазандығы мен желілердегі жөндеу жұмыстары да сапалы жүргізілуде. Жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары №3 қазандық пен Асыл Түлік көшесі аумағындағы жылу желілері учаскесінде бекітілген кесте мен жобалық-сметалық құжаттамаға сай жүргізілуде. Өндірістік учаскелерде орындалатын жұмыстардың сапасы мен пайдаланылатын материалдарға күнделікті бақылау ұйымдастырылған.
Орталық жылу қазандығында КВФм-29-150 маркалы №3 қазандық-агрегатты жөндеу бойынша бөлшектеу жұмыстары толықтай аяқталып, қазіргі уақытта конструкцияларды монтаждау шаралары мәресіне жетуге жақын. Нысанға қазандықтың қызу беттерін, атап айтқанда бүйірлік, фронталдық, фестондық панельдер мен конвективті блокты ауыстыруға арналған құбырлар толығымен жеткізілген. Сонымен қатар,74 қазандықтың оттығын дайындау ісі аяқталу сатысында тұр. Қазандыққа қажетті электр жабдықтарының жиынтығы толық көлемде дайын. Сондай-ақ, қазандықты жылумен оқшаулауға арналған материалдарды өндірістік алаңға жеткізу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Жол салу қолайлы әрі қауіпсіз көлік қатынасын қалыптастыруда
«Қосшы қаласының ішкі жолдарын салу» жобасының үшінші кезеңі қарқынды жүріп жатыр деуге болады. Жоба бойынша қаланың 19 көшесін қамтитын, ұзындығы 16,5 шақырым жол салу және жөндеу жоспарланған. Бұл үшін қазынадан 15,5 миллиард теңге қарастырылған. Жобаны іске асыру мерзімі 2023–2027 жылдар аралығын қамтиды. Бас мердігер «АБК-Автодор НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қазіргі уақытқа дейін жоба шеңберінде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Жолдың сапасын арттыру мақсатында 15 көшеде ұзындығы 8 жарым шақырымдық екі қабатты асфальтбетон жабыны төселді. Сонымен қатар, 2 көшені қамтитын 2 шақырым жолға бір қабатты асфальтбетон жабыны төселіп, негізгі жұмыстар іске асырылды.
Биылғы жоспар бойынша да нақты міндеттер белгіленген. Жыл ішінде жалпы ұзындығы 5 шақырымға жуық төрт негізгі көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Арқалық, Тоныкөк және Күлтегін көшесі мен Қашқари бойында жол салынатын болады. Бұл жұмыстар қала ішіндегі автокөлік ағынын едәуір жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосады.
Шаһардың басты жол тораптарының бірі саналатын Республика көшесінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауқымды жұмыстар Ұлы Дала көшесінен басталып, Қарқаралы тас жолына дейінгі аралықты қамтиды. «Компания Энергодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі стратегиялық маңызы бар мұндай инфрақұрылым жобасына бас мердігер ретінде бекітілген. Жол төсемін орташа жөндеуден өткізу Қосшы қаласының орталық бөлігіндегі автокөлік ағынын реттеуге, жол жүру сапасын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз көлік қатынасын қалыптастыруға зор үлес қосады.
Міне, кезінде елорда іргесіндегі шағын ғана ауыл болған Қосшының бүгінде өз алдына дербес, заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан моноқалаға айналғаны – жүйелі реформалар мен стратегиялық жоспарлаудың жемісі. Өз мәртебесін алған бес жыл ішінде шаһарда халықтың тұрмыс сапасы айтарлықтай артқан. Ең бастысы, Қосшы тек Астанаға серік қала ретінде ғана емес, өз экономикалық әлеуеті мен берік өндірістік базасы бар дербес орталыққа айналып келеді. 2038 жылға дейінгі Бас жоспардың жүзеге асуы жас қаланы болашақта еліміздегі ең жайлы, қауіпсіз әрі өркениетті шаһарлардың біріне айналдырары сөзсіз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қосшы қаласы.
![]()

