Сессия
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен кезектен тыс отыз бірінші сессияда 2026 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланып, бұған дейін қабылданған кейбір шешімдерге түзетулер енгізілді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.
Сессияның күн тәртібі бекітілген соң, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасап, облыстық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, бюджетті 1,6 миллиард теңгеге нақтылауды ұсынды. Бұл қаражат негізгі басым бағыттар мен маңызды әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады.
– Мемлекет басшысы және Премьер-Министрінің тапсырмаларын орындау мақсатында денсаулық сақтау саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ6 медициналық көмектің қауіпсіздігін, қолжетімділігі мен сапасын арттыруға 40 миллион теңге қарастырылып отыр. Аталған, қаражат смарт-бейнежетондар, қабылдау бөлімдерінде кешенді бейнебақылау жүйесі, суық тізбек жабдықтары және телемедицинаның цифрлық сервисін сатып алуға бағытталады. Сонымен бірге, 245 миллион теңге 35 медицина маманына көтермеақы төлеуге бөлінеді. Мәдениет ұйымдарын ұстауға 150 миллион теңге қарастырылған. 2024–2028 жылдарға арналған Су ресурстарын дамыту жөніндегі кешенді мемлекеттік жоспарын іске асыру мақсатында облыс аумағындағы гидротехникалық құрылыстарға көпфакторлы зерттеу жүргізуге 100 миллион теңге жоспарланды, – дей келе басқарма басшысы Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес киіктердің егіс алқаптарына келтіретін залалын азайту мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсету қажеттігін айтып, осыған байланысты жоспардан тыс шығындарын өтеуге 45 миллион теңге бөлуді ұсынды. Сонымен қатар, биыл Қосшы қаласында бірнеше құрылыс нысаны аяқталып келеді. Олардың пайдалануға беруге дайындық деңгейі 95 пайызды құрайды және оларды іске қосу үшін 2 миллиард теңге қажет. Қабылданған міндеттемелерді толық орындау үшін Қосшы қаласындағы нысандардың құрылысын аяқтауға 600 миллион теңге бөлу ұсынылады.
Сессияда «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес сумен және жылумен жабдықтау саласындағы Көкшетау қаласында 3 жобаны қаржыландыру мәселесі де қарастырылды. Қаржыландыру мемлекеттік бағалы қағаздарды 15 пайыздық жылдық мөлшерлемемен, 7-10 жыл мерзімге шығару арқылы жүзеге асырылатын болады. Баяндамашыны депутаттар бірауыздан қолдап, бюджетті нақтылау бойынша шешім қабылданды.
Бұдан әрі сессия жоспарына сай Ақмола облысы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, «Кілт тапсыру» форматындағы құрылыс жобалары туралы ұсыныс қабылданды.
Жалпы, «Кілт тапсыру» форматы дегеніміз ол жобалаудан бастап, құрылыс-монтаждауға, жабдықтауға және нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық жұмысты бір мердігердің атқаруын білдіреді. Оның басты артықшылығы мерзімді қысқартып, сапаны арттырады.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 19-бабына сәйкес, бұл форматтағы келісімшарттар мәслихат бекіткен тізбеге енгізілген объектілер бойынша жасалады екен. Осы ретте, Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев бұл тізбеге Қосшы қаласындағы 1500 орындық мектеп құрылысын, Бурабай кентіндегі көпфункционалды конгресс-орталық құрылысын енгізуді сұрады. Бұл ұсыныс та оң шешімін тапты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

