«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы Ақмола облысында жүзеге асыруға арналған маңызды кездесу өтіп, облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат өңірде кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді әріптестіктің алғашқы бастауы.
Қоғамдық келісім мекемесінде өткен салтанатты шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және мәдениет мекемелерінің басшылары, кітапхана қызметкерлері мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жалпы зиялы қауым қатысты.
Жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев ашып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ұлттың рухани дамуы мен интеллектуалдық әлеуетін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға ерекше назар аударып келеді. Өйткені, кітап ұлттың рухани қазынасы, білімнің бастауы іспетті. Бүгінгі қолға алынып отырған жоба осы игі бастамалардың заңды жалғасы дер едім. Ақмола облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады, – деді ол.
Жиын барысында өңірде соңғы жылдары жүзеге асырылған бірқатар маңызды жұмыстар да сараланды. Мәселен, бүгінде облыста жүзеге асырылып жатқан «Оқитын мектеп» жобасы аясында 53 мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылып, оған 92 мыңнан астам мектеп оқушысы, 6 мың педагог және 3 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдары, отбасы және қоғам арасындағы байланысты нығайтып, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға оң ықпал етті.
Сонымен қатар, мектеп кітапханаларын жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасын табуда. Осы мақсатта облыстың білім беру ұйымдарында 478 коворкинг орталығы ашылып, олар оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, пікір алмасуына және мазмұнды бос уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи білім алаңдарына айналып отыр.
Сондай-ақ, жыл сайын кітапхана қорларын толықтыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде мектеп кітапханалары 331 мың 963 дана көркем әдебиетпен толықтырылып, оқушылардың сапалы әдебиеттерге қолжетімділігі кеңейтіліпті.
Ал, кітапхана ісін цифрландыру мақсатында автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе облыстың 100 мектебі мен 20 колледжіне енгізіліп, кітап қорын пайдалану мен оқырмандарға қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілді.
Шара барысында «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев республикалық жобаның тұжырымдамасын кеңінен таныстырып, оның негізгі бағыттарына тоқталды.
Оның айтуынша, жоба кітап оқуды насихаттаумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, ол оқырмандарды бірыңғай ақпараттық платформаға біріктіріп, кітаптарды оқу, онлайн-тестілеу, нәтижелерді бағалау және қатысушыларды ынталандырудың жаңа жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Сондай-ақ, қоғамдық қор өңірлік үйлестірушілерді оқыту, әдістемелік құжаттарды әзірлеу, кітаптардың бірыңғай тізімін қалыптастыру, онлайн-тестілеу жүйесін жүргізу және республикалық деңгейде жобаның орындалуына мониторинг жасау жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Ақмола облысында аталған жобаны іске асыру мақсатында Әдістемелік орталық жанынан өңірлік жобалық кеңсе құрылып, аудандық және қалалық деңгейде жауапты үйлестірушілер белгіленетін болды. Бұл жобаны басқарудың тиімділігін арттырып, білім және мәдениет ұйымдарының өзара ықпалдастығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Жиында зиялы қауым өкілдері бастаманың маңыздылығына тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстарға қолдау білдірді. Жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру елдің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ал, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті Сағынтай Елубаев жастардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуда мұндай жобалардың маңызы ерекше екенін айтып, бастамаға сәттілік тіледі.
Жиын соңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл құжатқа сәйкес, тараптар Ақмола облысының аумағында «Оқитын ұлт» жобасын бірлесіп жүзеге асырып, оның тұрақты жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетпек ниетте. Облыс әкімдігі өңірлік жобалық кеңсе құрып, жобаның аудандық және қалалық деңгейде орындалуын үйлестіреді, білім беру ұйымдарын, кітапханаларды, мәдениет мекемелерін және басқа да серіктестерді тартады. Сонымен бірге, жеңімпаздарды марапаттауға арналған сыйлық қорын қалыптастыру, жобаны ақпараттық сүйемелдеу және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мәселелерін қамтамасыз етеді.
Ал, қоғамдық қор өз кезегінде жобаны әдістемелік жағынан сүйемелдеп, ақпараттық платформаны ұсынады, техникалық қолдау көрсетеді, үйлестірушілерді оқытады, кітаптар тізімін қалыптастырады, онлайн-тестілеуді ұйымдастырады және республикалық деңгейде жобаның нәтижелеріне мониторинг жүргізеді.
Құжатта сондай-ақ, кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған ағартушылық іс-шараларды бірлесіп өткізу, мемлекеттік мекемелерді, білім және мәдениет ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктерді жобаға кеңінен тарту, жастар арасында кітап оқуды дәріптеу, жобаның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету жөніндегі ортақ міндеттер айқындалған.
Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, жаңа бастаманың Ақмола өңірінде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға және жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

