Табиғатты қорғау – ортақ парыз
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Экологиялық қалдықтар» тақырыбында танымдық шеберлік сағаты өтті. Жиынға облыстық, аудандық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері, волонтерлік топтардың басшылары мен белсенді эко-еріктілер жиналып, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің түйткілді мәселелерін ортаға салды.
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі таңда ғаламдық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сарапшылардың пікірінше, халық санының артуы, өндіріс ауқымының кеңеюі және тұтыну мәдениетінің өзгеруі салдарынан тұрмыстық қалдықтардың көлемі жыл сайын еселеп өсуде. Осы орайда, тұрғындар арасында қалдықтарды дұрыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, табиғаттың ластануын азайту және экологиялық апаттардың алдын алу мақсатында арнайы танымдық шеберлік сағаттарын өткізудің маңызы зор.
Іс-шара барысында қатысушыларға тұрмыстық қалдықтардың түрлері мен ерекшеліктері, электронды және биологиялық қалдықтардың қоршаған ортаға тигізер әсері туралы кеңінен ақпарат берілді. Экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жиында таңғалдырарлық деректерден де мысалдар келтірілді. Мамандардың айтуынша, табиғатта 450 жылға дейін ыдырамай жататын қарапайым пластик бөтелке немесе мыңдаған литр суды улауға қауқарлы кішкентай батарейка коршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді. Ал, қоқыс жәшігіне түскен заттардың бір бөлігі қайта өңделіп, кәдеге жараса, екінші бөлігі жылдар бойы табиғатты улауын тоқтатпайды. Бұдан өзге, пластиктерден басқа шыны бұйымдардың табиғатта толықтай ыдырап кетуі үшін 1000 жылдан астам уақыт қажет екенін ескерсек, бұл макулатура мен шыны қалдықтарын қайта өңдеудің де маңызын айқындай түседі. Сол секілді қағаз өнімдерін қайта өңдеу арқылы жүздеген ағашты аман алып қалуға болады.
Облыстық волонтерлерді қолдау орталығы фронт-кеңсесінің басшысы Дидар Хамзин аталған шараның мақсаты жастар мен өңірдегі ресурстық орталықтардың басшыларына «Таза Қазақстан» акциясын тиімді ілгерілетудің және әртүрлі био-қалдықтарды қайта пайдаланудың жолдарын үйрету екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Esbol Qory» жанындағы өңірлік еріктілерді дамыту фронт-кеңсесінің басшысы Даниял Жағұпар да өз презентациясында «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жұмыстарды, эко-қалдықтардың жіктелуін, олардың өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне тигізер әсерін түсіндіріп, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, жалпы экологиялық саясатты қолдау идеяларын ұсынды. Оның айтуынша, XXI ғасырда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау – адамзат алдында тұрған басты міндет. Урбанизация мен қарқынды өндіріс нәтижесінде көбейген қалдықтар дұрыс сұрыпталмаса, топырақ, су және атмосфера ластанып, климаттың өзгеруіне әкеп соғады. Сол себепті әлемнің дамыған елдері «3R» қағидасын (Reduce – азайту, Reuse – қайта пайдалану, Recycle – қайта өңдеу) берік ұстанады. Эко-волонтер сондай-ақ, мұндай бастамалардың жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады. Өйткені, сенбіліктер мен акцияларға қатысу арқылы жастар өздерінің белсенді азаматтық позициясын танытып келеді.
Шеберлік сағатында ерекше назар электронды қалдықтарға аударылды. Компьютер, телефон, аккумулятор сияқты жарамсыз техникалар құрамындағы сынап, қорғасын, кадмий сияқты ауыр металдар арнайы өңдеуден өтпесе, жер асты суларына тарап, адам денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан, ұйымдастырушылар қарапайым халықты «дымқыл» (тамақ, көкөніс-жеміс қабықтары, жапырақтар) және «құрғақ» (қағаз, картон, пластик, шыны, металл) фракциялар бойынша сұрыптау жүйесін үйде қолдануға шақырады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

