Сәт сапар, жолаушы!
Теміржол көлігі қызметкерлері күні қарсаңында Ақмола облысында айтулы оқиға орын алып, ауқымды реконструкциядан кейін бірден бес теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жаңартылған нысандар Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Державинск және Жалтыр станцияларында ашылды.
Жаңартылған вокзалдардың ашылуымен тұрғындарды Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері құттықтады.
Вокзалдарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілуде. 2025 жылы Қазақстанда 124 теміржол вокзалын кешенді реконструкциялау жұмыстары басталды.
Бұл ретте, Ақмола облысы осы бағдарламаға енген вокзалдар саны бойынша республикада көш бастап тұр. Өңірде 16 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Бір мезетте Ерейментау ауданында үш, сондай-ақ, Астрахан және Жарқайың аудандарында бір-бірден жаңа вокзалдың ашылуы өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға.
–Мемлекет басшысы заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту экономикалық өсудің және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бүгінде елімізде жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ, жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда, – деді Елдос Рамазанов өзінің құттықтау сөзінде.
Қайта жаңарту барысында вокзалдар заманауи талаптарға толық сәйкестендірілді. Өлеңті, Еркіншілік және Ерейментау станцияларындағы ескі ғимараттар толықтай сырылып, олардың орнына жаңа заманауи вокзал кешендері салынды. Барлық нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылып, іргелес аумақтар абаттандырылды, инженерлік желілер мен жолаушыларға қызмет көрсету инфрақұрылымы жаңартылды. Ерейментау станциясы арқылы тәулігіне тоғыз жұп жолаушылар пойызы қатынайды, ал, орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 100 адамды құрайды.
Бүгінгі таңда өңірде жоспардағы 16 темір жол вокзалының 12-сі жаңғыртылған вокзал пайдалануға берілді. Тамыз айының соңына дейін тағы үш вокзалды пайдалануға беру жоспарланса, Көкшетау қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

