Жаңа қозғалыс салауаттылық пен мәдениеттілікке баулиды

Жастар саясаты

Көкшетауда Street Workout-тан халықаралық чемпионат өтті

Көкшетауда спорт пен салауатты өмір салтын ту етіп, жастардың басын қосқан ауқымды шара Street Workout-тан Халықаралық чемпионат жоғары деңгейде өтті. Жастар-ресурстық орталығы мен өңірлік «Street Workout» қозғалысының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен дүбірлі бәсеке Көкшетау қаласының орталық саябағындағы мамандандырылған воркаут алаңын нағыз тартысты дода алаңына айналдырды. Ауқымды іс-шараға Польша елінен Астана, Алматы және Степногорск, сондай-ақ, облысымыздың әр өңірінен спортшылар қатысты.

Қазіргі таңда жастар мәдениетінің ең танымал әрі қарқынды дамып келе жаткан бағыттарының біріне айналған көше гимнастикасының бұл байқауы тек біздің өңірдің ғана емес, өзге аймақтар мен шет елдерден келген жас спортшылардың басын қосты. Халықаралық деңгейде өткен чемпионат Ақмола облысының «Street Workout» қозғалысының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Имран Ибрагимовтың тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараның мақсаты өңірлік жастардың заман талабына сай өмір сүруін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлыққа қарсы күресті дамыту және бұл спорт түрін өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау болып табылады.

– Іс-шара жастарға салауатты және шыныққан дене бітімін қалыптастыруға, спортқа баулуға және өзін-өзі дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Чемпионатқа кәсіби спорт шеберлерімен қатар қарапайым көше спорт түрлерімен айналысатын әуесқойлар да қатысты. Біз бұл доданың есігі жеке жаттығуларға жазылғысы келетін әрбір азаматқа ашық екенін алдын ала ескерткен болатынбыз, – деп атап өтті Имран Ибрагимов.

Тартысқа толы жарыс барысында қатысушылар Freestyle, сондай-ақ, жас пен салмақ санаттары бойынша өзара бақ сынасты. Жеті номинация бойынша өткен чемпионатта спортшылар өздерінің төтенше икемділігі мен мықтылығын паш етті.

Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Freestyle бағытында Лукин Владислав топ жарса, 2-нші орынды Бойко Никита жеңіп алды, ал, 3-інші орынды Рамиль Хисамутдинов иеленді. Аса тартысты өткен абсолютті санатта Алексей Афанасьев 1-інші орынға ие болса, 2-інші орын Марлен Амринге бұйырды, 3-інші орынды Дамир Абдрахманов еншіледі. Жасөспірімдер арасында Ричард Шермахер жеңімпаз атанып, Данияр Мигранов 2-інші орынды, Артем Томусяк 3-інші орынды жеңіп алды. Бозбала мен бойжеткендер бәсекесінде Тамир Аубакиров қарсыластарынан басым түссе, Артур Шиндин 2-інші орыннан, ал, Никита Иванин 3-інші орыннан көрінді. Ерлер арасында Саду Темірлан жеңістің биік тұғырына көтеріліп, Қуандық Атынтаев 2-інші орынды, Әлихан Бүркімбайұлы 3-інші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, қыздар арасындағы сайыста да талантты спортшылар көзге түсті. 16-23 жас аралығында Валерия Дмитриева оқ бойы озық шықса, 23 жастан асқан қыздар арасында Матильда Бачурина 1-інші орынды жеңіп алды. Ал, 2-інші орын Ксения Жумаеваға бұйырды.

Чемпионат соңында барлық номинациялар бойынша жеңімпаз атанған спортшылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар