Аймағымызда құрылыс бұрын-соңды болмаған қарқын алуда

Ақмола облысы өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды өзгерістер мен құрылыс қарқынын көрсетіп келеді. Өңірде соңғы жылдары заманауи тұрғын үйлер саны көбейіп, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуының арқасында қалалар мен ауылдардың сәулеттік келбеті түбегейлі жаңарып, халықты қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Сондай-ақ, қала құрылысы құжаттамасын цифрландыру және елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу ісі сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Атқарылып жатқан бұл кешенді жұмыстар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, әрбір азамат үшін қолайлы да қауіпсіз орта қалыптастыруға сенімді негіз қалауда.

Өткен 2025 жылы өңірде 694 мың шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 6658 пәтер салынды. Соның ішінде 331 пәтерге лайықталған 7 көппәтерлі әлеуметтік тұрғын үй бой көтерді және оның 3-еуі арендалық үйлер. Сонымен қатар, облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 756 арендалық баспана сатып алынды. Алдағы уақытта осы мақсатта облыста 814 пәтерлік 20 көппәтерлі әлеуметтік үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тұрғын үй сатып алу есебінен кезекте тұрған 1278 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Жалпы алғанда, соңғы екі жыл және биылғы 5 ай ішінде Ақмола облысында 1524,6 мың шаршы метр немесе 14487 пәтер пайдалануға беріліп, тұрғын үйді қолданысқа берудің соңғы үш жылдағы өсу қарқыны 10 пайызды құрады.

Сурет akzhol-group.kz сайтынан.

Өңірде инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2023 жылдан 2026 жылдың алғашқы алты айына дейінгі аралықта басқарма тарапынан денсаулық сақтау саласы бойынша 41 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында бастапқы медициналық көмек көрсететін 38 нысан бар. Бұл ретте, 3 пилоттық жобаны «Turar Healthcare» КЕАҚ дайындаса, 35 жергілікті жерге байлау жобасын бірыңғай жобалаушы – Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау құрылыс және сәулет институты (ҚазҚСҒЗИ акционерлік қоғамы) орындады. Аталған ұлттық жоба аясында сыртқы инженерлік желілерінсіз жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, жалпы құны 5,1 миллиард теңгені құрайтын 14 дәрігерлік амбулатория және 3 медициналық пункт жобаланды. Бұдан бөлек, бағдарламадан тыс денсаулық сақтау саласының 3 жобасы бойынша жобалау жұмыстары аяқталды. Олар Ерейментау ауданының Торғай, Зеренді ауданының Бірлестік және Еленовка ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау бағыты бойынша тағы 4 нысанның жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Білім беру саласында 5 жоба әзірленді, оның ішінде Аршалы ауданында 600 орындық мектеп, Бурабай ауданында 300 орындық жапсарлас құрылыс, Көкшетау қаласындағы техникалық лицейге қосымша корпус және Степногорск қаласындағы балабақшаны реконструкциялау жобалары бар. Жалпы алғанда, 1400 орындық жаңа мектептер салынатын 4 жоба және 600 орындық 3 қосымша оқу корпусы мен жапсарлас құрылыс дайындалды.

Жұмылдыру дайындығы мен төтенше жағдайлар нысандарын дамыту аясында Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында өрт сөндіру депосы мен Қосшы қаласында судан құтқару станциясын салу жобалары бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сондай-ақ, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында Ақкөл ауданының орталығы Ақкөл қаласындағы полиция бөлімі ғимаратының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары сәтті аяқталды.

Соңғы үш жылдың (2023-2025 жылдар) қорытындысы бойынша аймақта 99 әлеуметтік нысанның құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 31 білім беру, 44 денсаулық сақтау, 11 спорт, 8 мәдениет нысаны және 5 өзге де бағыттағы ғимарат бар. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 18,4 мың оқушы мен студенттерге арналған 1,5 мың орындық жатақхана пайдалануға берілсе, денсаулық сақтау мекемелері бір ауысымда 1,9 мың, ал, спорт нысандары 1,6 мың адамды қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа нысандарға ие болды.

Ағымдағы жылы да әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 30 әлеуметтік, білім және спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында төрт ірі жобаны ерекше атап өтуге болады. Айталық, Көкшетау қаласында жалпы құны 7,5 миллиард теңгені құрайтын 150 орындық оңалту орталығы салынып жатыр. Сонымен қатар, еліміздің теріскейіндегі үш облыстың тұрғындарына халықаралық деңгейде медициналық көмек көрсететін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан құны 331,7 миллиард теңгелік 630 төсектік көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы қарқын алды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы 10 мың орындық стадион, Бурабай кентіндегі конгресс-холл және Қосшы қаласында құрылыс кодексінде қабылданған жаңа «кілтпен тапсыру» механизмі шеңберінде елімізде алғаш рет EPC F келісім-шарты бойынша іске асырылып жатқан 13,0 миллиард теңгенің 1500 орындық заманауи мектебін де атауға болады. Бұдан бөлек, Көкшетау және Қосшы қаласында және Целиноград ауданының Қараөткел ауылында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық балабақшалар салынуда.

Денсаулық сақтау саласы бойынша Сандықтау ауданының Каменка мен Лесное ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар және Веселое ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт бой көтеруде. Спорт инфрақұрылымын арттыру мақсатында Бестөбе, Жібек жолы, Жақсы және Родина ауылдарында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Азат пен Заводской ауылдарында 2 мәдени-спорттық кешен және Бестөбе ауылында ашық спорт кешені салынып жатыр. Мәдениет пен халыққа қызмет көрсету саласы да назардан тыс қалған жоқ. Зеренді ауылында музей, Жақсы ауылында жастар демалыс орталығы, Бурабай ауылында променад, сондай-ақ, Қарабұлақ, Новочеркасское, Аршалы, Қатаркөл, Қараөзек және Никольское ауылдарында 6 мәдениет үйі бой көтеруде. Мұнымен қоса, Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында халыққа қызмет көрсету орталығы мен Қосшы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура ғимараттарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Ақмола облысының қалалары мен ауылдарының сәулеттік келбеті жыл сайын жақсарып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалуда. Бүгінгі таңда облыс елді мекендерінің бас жоспарлармен қамтылуы 83,4 пайызды құрайды және барлық облыстық маңызы бар қалалар мен аудан орталықтары бекітілген бас жоспарлармен қамтамасыз етілген. 2021 жылы ауылдан облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ауысуына байланысты Қосшы қаласының бас жоспарына түзету енгізілді. Қазіргі уақытта Көкшетау және Степногорск қалаларының бас жоспарларын әзірлеу жалғасуда. Сонымен қатар, Атбасар, Целиноград, Бурабай, Астрахан, Бұланды және Жарқайың аудандары мен Степногорск қаласындағы 17 ауылдық елді мекен үшін даму және құрылыс салу схемаларын әзірлеу аяқталуға жақын. Бір мезгілде Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Жарқайың, Шортанды және Целиноград аудандарының 11 елді мекенінің бас жоспарларына түзетулер жүргізілуде. Бұл ретте аумақтық даму мен инвестициялық белсенділік жоғары қарқынмен жүріп жатқан Целиноград, Аршалы және Шортанды аудандарының аумағындағы Астана агломерациясының елді мекендері мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағының елді мекендеріне басымдық беріледі. Елді мекендерді қала құрылысы құжаттамасымен жүйелі әрі кезең-кезеңімен қамтамасыз ету мақсатында бас жоспарлармен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасында көзделген 47 елді мекен үшін қала құрылысы жобаларын әзірлеу және түзету бойынша үйлестіру жұмыстары жалғасуда.

Басқарма қызметінің басым бағыттарының бірі қала құрылысы құжаттамасын цифрландыру болып табылады. 2024 жылдан бастап облыстың барлық қалаларының бас жоспарларын цифрландыру жұмыстары аяқталды. Ал, Атбасар, Ақкөл, Степногорск қалаларының бас жоспарлары мен Көкшетау қаласының 6 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы электронды форматта мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жалғастыру үшін «Мемқалакадастр» РМК мен Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйелеріне жүктелді. Қазіргі уақытта облыстың қалған қалаларының қала құрылысы құжаттамасының цифрлық модельдерін пысықтау аяқталуда және бүгінгі күнге қала құрылысы құжаттамасын цифрландыру деңгейі бас жоспарлар бойынша 70 пайызды, ал, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша 76 пайызды құрайды. 2026 жылы барлық цифрландырылған бас жоспарлардың мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жүктелуін толық қамтамасыз ету мақсатында жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Бұл қала құрылысы құжаттамасын цифрландыру жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсетуге көшуге негіз жасап, өтініштерді қарау мерзімдерін қысқартып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады.

Облыс елді мекендерінің заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылумен қатар, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қопа көлінің жағалауы қайта жаңартылып, кешенді көгалдандыру жүргізіліп, тұрғын үйлердің қасбеттері мен аялдама павильондары жаңартылды. Тұрғындар сыртқы жарықтандырудың заманауи жүйелері мен қалалық ортаны сәулеттік-көркемдік безендіру элементтері енгізіліп жатқан Көкшетау қаласындағы оң өзгерістерді көріп отыр. Сондай-ақ, абаттандыру жобалары облыстың басқа қалаларында да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Щучинск қаласында заманауи экопарк құрыла отырып, орталық саябақ қайта жаңартылды. Қосшы қаласында балалар және спорт алаңдары, демалыс аймақтары мен абаттандырудың заманауи элементтері бар жаңа қоғамдық гүлзар абаттандырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында арбанистика орталығы құрылды. Оның негізгі міндеттері облыс қалаларының бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру, абаттандырудың заманауи стандарттарын, ландшафтық шеберлік жоспарлары мен кешенді сәулеттік шешімдерді әзірлеу болып табылады. Бұл Орталықтың қызметі қалалық ортаны дамытуға бірыңғай заманауи тәсілдерді енгізуге және өңірдің барлық қалаларындағы сәулеттік жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан жұмыстар елді мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, қала құрылысы саясатын жетілдіруге, заманауи цифрлық технологияларды енгізуге және сәулет ортасының сапасын арттыруға бағытталған. Ал, басты мақсат облыс қалалары мен ауылдарын сапалы да жайлы өмір сүруге, жұмыс істеуге және инвестиция салуға қолайлы, заманауи әрі тартымды ету болып қала береді.

Азамат БАЙҚУАНЫШЕВ,
Ақмола облысы құрылыс,
сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар