Қай қаланың көркіне көз салсаңыз да, ең алдымен оның еңселі ғимараттары мен жаңадан бой көтерген тұрғын үйлері кез-келгеннің назарын өзіне аудара кететіні сөзсіз.
Соңғы жылдары облыс орталығының келбетіне өзгеше көрік қосылып, қала көшелерінде құрылыс қарқыны айтарлықтай күшейіп, жаңа шағын аудандар мен заманауи тұрғын үйлер бой көтеруде. Осы игі іске өзіндік үлесін қосып жүрген жергілікті отандық құрылыс компанияларының бірі «Гранд Комфорт Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі десек, қателеспейміз. Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген осы ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, атқарған жұмыстарына көз жүгіртіп көрдік.
Аталған компания 2020 жылы құрылып, осы аз ғана уақыт ішінде аймақтың тұрғын үй құрылысы саласында өзінің сенімді серіктес екенін дәлелдеп үлгерді. Кәсіпорынның директоры Ілияс Мүталиевпен тілдескенімізде басты мақсат сапалы әрі қолжетімді тұрғын үйлер салып, өңір тұрғындарының баспаналы болуына үлес қосу екендігін айтады.
Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шағын ғана компанияның өз жұмысшыларына төлейтін орташа айлық жалақысы 350 мың теңгені құрайды. Қызметкерлер жұмысқа заң талаптарына сәйкес қабылданып, оларға барлық әлеуметтік және зейнетақы аударымдары уақытылы төленеді. Бұдан бөлек, еңбеккерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын ұжым мүшелеріне еліміздің түрлі шипажайларында демалуға мүмкіндік жасалған. Мұның бәрі күннің ыстығы мен ақырған аяздарында да өз міндетін аяғына дейін атқара білетін қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалап, әлеуметтік қолдау көрсетудің нақты көрінісі деп ойлаймыз.
Жалпы, құрылыс саласы үнемі дәлдікті, жауапкершілікті және төзімділікті талап ететін салалардың бірі. Сондықтан, әрбір үйдің сапасы онда еңбек еткен адамдардың кәсіби деңгейімен өлшенеді.
Ал, біз сөз етіп отырған «Гранд Комфорт Строй» серіктестігі өзі шағын ғана құрылыс компаниясы болса да алғашқы жылдардан-ақ, өңір тұрғындары арасында жақсы нәтижелерімен көзге түсті. Мәселен, 2022 жылы Көкшетау қаласының Васильковка шағын ауданында тоғыз қабатты, үш кіреберісті «Гармония» тұрғын үйі пайдалануға берілді. Сол жылы тағы бір маңызды жоба бес қабатты екі кіреберісті «Ақбидай-1» тұрғын үйі аяқталды.
Бұл бастама кейінгі жылдары да жалғасын тауып, 2023 жылы «Ақбидай-2», ал, 2024 жылы «Ақбидай-3» тұрғын үйлері бой көтерді. Әсіресе, «Ақбидай-3» жобасының әлеуметтік маңызы зор болды. Бұл тұрғын үй Көкшетау қаласының құрылыс бөліміне беріліп, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында көптеген отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерлердің кілтін Ақмола облысының әкімі салтанатты жағдайда табыстады.
2025 жылы кәсіпорын тағы бір үлкен жобаны сәтті аяқтап, тоғыз қабатты, үш кіреберісті «Эдем» тұрғын үйін пайдалануға берді. Ал, бүгінде бес кіреберісті «Ақбидай-4» тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Әрбір аяқталған нысан жай ғана бетон мен кірпіштен қаланған ғимарат қана емес, оның артында ондаған адамның маңдай тері, үлкен жауапкершілік пен сапаға деген талап жатыр. Компания салған үйлердің тұрғындары олардың жылы, жайлы әрі сапалы екенін айтып жатады. Өйткені, құрылыс барысында жобалық талаптардың сақталуы, сапалы құрылыс материалдарының қолданылуы және әрбір бөлшекке мұқият қарау сияқты мәселелер ұжымның басты қағидаларының бірі. Компания директоры Ілияс Мүталиев ұжымның бұл басты ұстанымы туралы былай дейді:
– Құрылыс біздің атқаратын жұмысымыз ғана емес, өзімізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Әрбір салған үйімізде адамдардың өмірі өтеді, балалар өседі, талай отбасының қуанышы мен бақыты қалыптасады. Сондықтан, біз үшін ең маңыздысы сапа мен сенім. Қысқа мерзім ішінде бірнеше тұрғын үйді ел игілігіне тапсырып, көптеген отбасының баспаналы болуына үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Бұл бүкіл ұжымның адал еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да өңірдің дамуына өз күш-жігерімізді аянбай, жаңа тұрғын үйлер салып, халықтың сенімінен шығуға күш саламыз.
Бүгінде осы компанияның салған үйлерінің бірінде тұрып жатқан тұрғындар да ұжым жұмысының сапасына оң бағасын беріп отыр. Тұрғындардың жылы лебізі компанияның сапалы құрылысқа баса мән беретінін аңғарта түсетіндей. Мәселен, «Ақбидай-2» тұрғын үйінен пәтер алған Беслан Ақаевтың айтуынша, ол осы тұрғын үйде бірнеше жылдан бері тұрып жатқанына қарамастан, құрылыс сапасына қатысты ешқандай мәселе туындамаған. Үйдің жылы әрі жайлы екендігін айтқан ол бұл тұрғын үй кешенін баспана іздеп жүрген жандарға сеніммен ұсынатынын жеткізді. Ал, «Эдем» тұрғын үйінің тұрғыны Дархан Асиенов болса, үйдің сапалы салынғанын, кіреберістерінің заман талабына сай әрленгенін және ауланың абаттандырылғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, «Гармония» тұрғын үй кешенінен пәтер алған Артем Кардаш та құрылыс сапасына көңілі толатынын айтып, қыстың күндері пәтердің жылы болатынын, тұрғындар үшін барлық қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді.
Расында да, компания жетістігінің артында ұйымшыл ұжым тұр. Басшыдан бастап, қарапайым құрылысшыға дейін бір мақсатқа жұмылады. Олар үшін әрбір нысан кезекті тапсырыс емес, өз қолтаңбалары қалатын еңбек жемісі, жұмыс нәтижесі екендігін жақсы түсінеміз.
Ал, қарапайым құрылысшылар екі қолы мен шеберлігіне сеніп аянбай еңбек ететін мамандық иелері. Олар сән-салтанатты сөзден гөрі нақты іспен танылғанды қалайды. Бүгінгі көрікті Ақмола өңірінде салынып жатқан жайлы пәтерлер мен жаңа шағын аудандар солардың ақ адал маңдай терінің өтеуі екендігі даусыз.
Олай болса, Құрылысшы күні қарсаңында сол қатардан көрініп жүрген «Гранд Комфорт Строй» ЖШС-нің еңбек ұжымына кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын дей отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

