Бұра тартқан тұстар бері қаратылды

Мемлекеттік қызмет

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бағыты бойынша 14 тексеріс өткізді.

Оның барысында 23117 заң бұзушылық анықталып, қызмет алушылардың 1967 өтініші қаралды. Шағымдарды қарау, тексеру және сыртқы байқау жүргізу нәтижесінде 3627 қызмет алушының бұзылған құқықтары қорғалды. Олардың ішінде, 3448 қызмет алушыға жер қатынастары, геодезия және картография, 179 қызмет алушыға ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша қызмет көрсетілді.

Мысалы, екі шаруа қожалығына 2000 гектардан астам шабындық алқаптарын егістікке ауыстыруға рұқсат берілді. Бұл кәсіпкерлерге өз қызметін одан әрі дамытуға септігін тигізетіндігі анық. Сондай-ақ, осыған дейін құқықтары бұзылған 179 шаруаға 418 миллион теңге субсидия төленгенін де айта кету керек.

Осы арада аздап түсіндіре кетсек, агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау – ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттiк қолдау шараларының бірі.

Жыл басынан бері мұнымен бірге, 3 мыңнан астам азаматқа жер қатынастары саласындағы қызметтер көрсетілді. Қызмет алушылардың басым көпшілігі ауылдық елді мекендерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін алуға ниет білдіргендер. Мұндай нысаналы мақсатпен ұсынылған жер учаскелерін азаматтар ауылдарда тұрғын үй салуға, елді мекендерді дамытуға септігін тигізетін басқа мақсаттарға пайдалана алады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465-бабы негізінде департамент 23 істің қозғалуына дәнекер болып, қысқартылған тәртіпте 1692 655 теңге айыппұл өндіріліп алынды. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында құқық бұзушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке 28 лауазымды тұлға тартылды.

Өткен  есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының екі отырысы өткізілді. Онда өңірлік деңгейде маңызы бар мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында кәсіпкерлердің жер қатынастары саласындағы қызметтерді алуына байланысты туындайтын мәселелер күн тәртібіне енгізіліп, бірнеше кәсіпкерге жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту қызметі бойынша тиісті көмек көрсетілді.

Мұндай жағдайлар әдетте, осындай жер учаскелерінде коммерциялық құрылыс жұмыстарын бастаған кәсіпкерлерге өз бастамаларын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін уақыт көрсетіп отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Сурет egemen.kz сайтынан.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар