Еңбегімен еңселі
Құрылыс саласындағы ең көне әрі сұранысқа ие кәсіптердің бірі – тас қалаушы мамандығы. Тұрғызылатын ғимараттардың беріктігі мен ұзақ жылдар бойы бұзылмай тұруы, олардың сыртқы келбеті мен жобалық талаптарға сай болуы тікелей осы мамандық иелерінің еңбегіне байланысты.
Бүгінгі таңда да тас қалаушы кәсібі өзінің өзектілігін жоғалтпай, қайта өте қажет кәсіптің біріне айналып, кәсіби тұрғыда өсуге және тұрақты жоғары табыс табуға үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Құрылысшылар күні қарсаңында біз «Орда» тұрғын үй кешенінің құрылыс басына арнайы барып, тәжірибелі тас қалаушы шебермен тілдесіп, оның кәсіби жолы мен мамандық сырын жазып алған едік. Құрылыс алаңына қадам басысымен-ақ бізді қарбалас тіршілік, техника үні мен тынымсыз еңбек ырғағы қарсы алды. Осындай қызу жұмыстың ортасында жүрген еңбек адамының тұлғасы бірден көзге түседі.
– Құрылыс саласында жүргеніме он жылдан асты, – деп сөз бастады кейіпкеріміз. – Қазіргі таңда «Әдемі» холдингімен серіктестікте жұмыс істеп жатқанымызға бес жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде қаншама тұрғын үйдің бой көтеруіне атсалыстым. Бірақ, шынымды айтсам, журналистерге сұхбат беріп, камера алдында сөйлеуге онша икемді емеспін. Біздің тіліміз де, шеберлігіміз де – қолымыздағы қалақпен қаланған кірпіштерде. Бұл салада жүріп ұққаным, құрылыстағы ең басты керек нәрсе – темірдей тәртіп. Тәртіп жоқ жерде сапа да, нәтиже де болмайды. Таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейінгі жұмысымызда әрбір кірпіштің орнымен қалануы, қабырғаның тегіс түсуі тікелей осы жауапкершілікке байланысты. Түзу қабырға – тас қалаушының көз айнасы. Қазір өзіңіз көріп тұрғандай, біз тұрғызып жатқан қабырғалар түп-түзу, аражіктері әдемі, мықты әрі сапалы, – дейді кейіпкеріміз, «Ар Строй-Снаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тас қалаушысы Ерден Карин.
Бұрын жұртқа кірпішті тек сырттан келген ағайындар жақсы қалайтындай көрінуші еді, қазір өзіміздің қазақ жігіттері де кез келген шетелдік шеберден кем түспейді. Ерденнің айтуынша, үйдің берік болуы ең алдымен, қолданылатын материалға байланысты. Әрбір маман құрылыс жабдықтарын терең түсініп, сызбалар мен технологиялық карталарды оқи алуы тиіс. Кірпішті қалау кезінде жіберілген кішкентай ғана қателік ғимаратты пайдалануда үлкен мәселелерге әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, жоғары дәлдік пен ұқыптылық ауадай қажет. Ерденнің бригадасында жоба бойынша қарастырылған әрбір норма қатаң сақталады. Ғимараттың іргетасынан бастап төбесіне дейін әр деңгей мұқият тексеріліп отырады. Кейіпкеріміздің бұл салаға келуі де өзіндік өмір мектебімен байланысты.
– Көбі менен бұл кәсіпті кім үйреткенін, әкемнің құрылысшы болған-болмағанын сұрайды. Жоқ, әкем құрылысшы емес. Мен бұл салаға ең алғаш келгенімде осы істі қарапайым жұмысшы ретінде бастадым. Бригададағы ағалардың қалай жұмыс істейтінін көрдік, солардан үйрендік. Арада қаншама жылдар өтіп, өмірдің өзі ең үлкен мектеп болды. Бұл құрылысты бір орында тұрмайтын, небір күтпеген жағдайлары бар, өз алдына өте қызықты әлем десек те болады. Ол адамды жан-жақты ширатып, дамытып, төзімділікке тәрбиелеп, өмірге бейімдейді. Өз бетімше тәжірибе жинай жүріп, төселген кәсібімнен осыны ұқтым, – дейді ол.
Жалпы, тас қалаушы аты айтып тұрғанындай тас, бетон және кірпіштен үйлер, қабырғалар, төбе жабындары сияқты күрделі сәулеттік құрылымдарды тұрғызатын нағыз шебер. Бұл кәсіп тек дене күші мен төзімділікті ғана емес, сонымен бірге, математика, геометрия және физика сияқты ғылымдардың негізін де меңгеруді талап етеді. Тас қалаушы мамандығын меңгерудің де бірнеше тиімді жолы бар. Жастар құрылыс колледждерінде оқи алады немесе тікелей құрылыс алаңында тәжірибелі шебердің қасында жүріп-ақ осы мамандықты іс жүзінде меңгеріп шығады. Өз сөзінде ағамыз соңынан ерген жастарға да ақыл-кеңесін білдірді:
– Қазір өкінішке қарай, кейбір жастардың жұмыстан қашқақтап, жеңіл жол іздейтінін байқап жүрміз. Шындығында, құрылыс саласында ақша табуға да, өсуге де барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, бұл саладан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыстың жеңілі болмайды, біздің салада да оңай емес. Бірақ, адам бойында мақсатқа ұмтылу, аянбай еңбектену және жауапкершілік сияқты қасиеттер болса, алынбайтын қамал жоқ. Алдыңа нақты меже қойып, еріншектікке бой алдырмай, қолға алған істі басынан аяғына дейін сапалы жеткізу қажет. Осы қасиеттер болса, адам кез келген салада биіктен көрінеді. Сөзімнің соңында барша құрылыс саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекемізбен құттықтағым келеді. Барша әріптестеріме денсаулық, отбастарына амандық тілеймін. Біз тұрғызған әрбір үй халыққа қуаныш сыйлап, ел іргесі берік болғай, – дейді Ерден Карин.
Бұл мамандықтың мансаптық өсу әлеуеті де жоғары. Тәжірибе жинақтаған шебер біртіндеп аға тас қалаушы немесе құрылыс бригадирі лауазымына көтеріле алады. Тіпті, жобалау мен сапаны бақылау саласындағы техникалық мамандық алуға, болмаса өз ісін ашып, тас қалауға маманданған жеке құрылыс ұйымын құруға толық мүмкіндік бар. Ал, жоғары білікті шеберлер белсенді түрде тарихи нысандарды қалпына келтіруге және күрделі сәулеттік жобаларға да тартылады.
Елімізде қалалардың өсуі мен жаңа тұрғын үйлерге деген сұраныстың артуы тас қалаушыларға деген қажеттілікті бұрынғыдан да еселей түсті. Қазір Ақмола облысында қалалық, ауылдық жерлерде болсын, бұл кәсіп иелерінің деңгейі жоғары. Көптеген құрылыс басында кілең өз ісінің шеберлері еңбек етеді. Сондықтан, материал жетіп тұрса, тас қалаушылар бір-бірімен жарысқандай, тұтас бір қабырғаны көп уақыт өтпей шапшаң қалап тастайды. Көшеде бой түзеген көп қабатты сондай жаңа үйлерді көргенімізде таң қалатынымыз да содан. Ерден осы орайда, жанындағы әріптестері туралы жылы лебізін аянбаса, олар Ерден, оның бесаспап шеберлігі жөнінде ауыз жияр емес. Әне, осылай олар қалаған үй биіктеп барады…
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

