Белсенділік артып, үздіктеріміз дара шығуда

16 тамыз – Спорт күні

Жыл сайын елімізде тамыздың үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтіліп келеді.  Бұл мереке спортты дамыту және спорттық жетістіктерді насихаттау мақсатында өмірге келгендігі белгілі.

Бүгінде Ақмола облысында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Өңірдің спорт саласында атқарылып жатқан негізгі жұмыстар бұқаралық спортты дамытуға, спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға және жоғары жетістіктер спортына арналған спорттық резервті даярлауға бағытталған. Қазіргі уақытта облыста 343580 адам немесе өңір тұрғындарының 43,6 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Әсіресе, ауылдық жерлерде спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, онда 153 300 адам спортпен шұғылданады.

Облыста спорт инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Бүгінде  облыс көлемінде 1175 спорт нысаны жұмыс істейді. Ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Өткен жылы халық игілігіне 13 спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның 7-еуі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар, жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бюджеттен тыс қаражат есебінен Жақсы ауданының Жаңа Қима ауылында және Аршалы ауданының Бірсуат ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғындарға спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа нысандар бой көтерді. Соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен екі ірі жоба сәтті іске асырылды. Бірі – жоба құны 2,1 миллиард теңге қаржыны құрайтын, небары 6 айда салынған Зеренді ауылындағы спорт мектебі болса, екіншісі  12,6 миллиард теңге жұмсалған және бір жыл ішінде халық игілігіне берілген «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені. Биыл Көкшетау қаласында тағы 2 спорт нысанының құрылысы басталды. Оның біреуі облыстың спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымының негізгі нысандарының біріне айналатын заманауи Инклюзивті спорт орталығы. Кешен құрамында спорт залдары, бассейн, адаптивті спорт түрлерімен айналысуға арналған үй-жайлар, сондай-ақ, заманауи оңалту инфрақұрылымы болады. Құрылысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Халықтың барлық санаттарының спортпен айналысуына жағдай жасаумен қатар, кәсіби спортты дамыту және өңірдің республикалық деңгейдегі позициясын нығайту бойынша жұмыстар да жүргізілуде. Соның ішінде футболға басым назар аударылуда. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында клубтық футболды, атап айтқанда, жергілікті «Оқжетпес» клубын  коммерцияландыру және бюджеттен тыс қаражат тарту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Осы мақсатта облыстың аграрлық секторы мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қор құрылды. Қазіргі уақытта клубты бәсекелестік ортаға беру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, футболды одан әрі дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында 10 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. Жоба нысанды UEFA IV санатына қойылатын талаптарға сәйкес салуды көздейді. Бұл халықаралық матчтар мен жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Стадион құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Спорт саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда. Бүгінде Бестөбе және Жақсы ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Степногорск қаласында «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен дене шынықтыру және спорт сарайының құрылысы жүргізілуде.

Қазір өңірдің спорттық инфрақұрылымы сапалы жаттығу үдерістерін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Облыстың спорт нысандарында биыл зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында шаңғы жарысынан «Virtus 2026» әлем чемпионаты, «BURABAY ICE – 2026», «AqBura Bay Trail» және «X-Waters Kazakhstan» халықаралық жарыстары, қазақ күресінен «Ақмола Барысы» облыстық турнирі, шахматтан «Senat Open – 2026» ашық кубогы, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиада өткізілді. Қатысушылардың жалпы саны 6 мыңнан астам адамды құрады.

Ірі спорттық іс-шараларды өткізу өңірдің танымалдылығын арттыруға және облыстың спорттық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Мысалы, 3-інші рет өткізілген «Senat Open – 2026» ашық кубогында Ақмола облысының командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Жарысқа Ерлан Хасенов, Мереке Жүсіпов, Жәнібек Неғметжанов, Рашид Ғалымжанов, Ерлан Тұрымбетов және команданың капитаны Серік Биғожин секілді майталмандар қатысты.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада көрсеткен облыс командасының өнерін де ерекше атап өткен жөн. Облыс командасы осы жарысқа қатысу тарихында алғаш рет жалпыкомандалық есепте 3-орынға ие болды.

Спорт инфрақұрылымы мен бұқаралық спортты дәйекті түрде дамыту дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар санын арттыруға, сондай-ақ, сапалы спорттық резерв қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жазғы олимпиадалық спорт түрлерін дамыту жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдіруді талап ететін басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Облыстың спорт қауымдастығы үшін 2024 жылы жарыс нәтижелерін қайта қарау қорытындысы бойынша Анна Нурмухамбетоваға 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күміс медалінің табысталуы айтулы оқиға болды. Өкінішке орай, екі олимпиадалық цикл – 2016 және 2020 жылдардағы жазғы Олимпиада ойындары барысында облыс спортшылары ойындарға қатысуға лицензия жеңіп ала алмады. Сонымен бірге, жүргізілген жұмыстар өңірдің 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысуын қамтамасыз етті. Ойындарға Карина Ибрагимова мен Андрей Чугай қатысты.

Облыс спортшылары XVII жазғы Паралимпиада ойындарында да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жарыстарға Давид Дегтярев, Еркін Ғаббасов және Әмір Мұратбеков қатысты. Бұл ретте, Давид Дегтяревтің жетістігін ерекше атап өткен жөн. Ол Қазақстан тарихында Паралимпиада ойындарында екі рет алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы атанды. Еркін Ғаббасов Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. 2025 жылы Ақмола облысының спортшылары ірі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, түрлі дәрежедегі медальдарға ие болды.

Италияның Турин қаласында өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиадада облыс спортшылары, шорт-трекші Яна Хан мен биатлоншы Арина Крюкова жүлдегерлер қатарынан көрініп, қоржынымызға 2 қола медаль салды. Сол сияқты, Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында облыс спортшылары жоғары нәтижелер көрсетті. Ұлттық құраманың сапында Ақмола облысының 14 спортшысы өнер көрсетіп, 11 медаль жеңіп алды, оның екеуі алтын, алтауы күміс және үшеуі қола.

III Жасөспірімдер Азия ойындарында облыс спортшылары бір алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл додада Санжар Картаев ММА-дан жеңімпаз атанса, жеңіл атлетші Екатерина Михайленко мен  джиу-джитсу қатысушысы Лейла Рахымжанова үшінші орынның тұғырынан көрінді.

Әлем чемпионаттарында Оразбек Асылқұлов 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бокстан чемпион атанса, Денис Никиша шорт-тректен 500 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, шорт-тректен Әлем кубогінің кезеңінде Денис Никиша мен Мерсаид Жаксыбаев қола медаль иеленгенін де атап өтуге болады.

2026 жылдың басы қысқы спорт түрлерінің өкілдері үшін төртжылдықтың басты спорттық оқиғасы – Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысумен ерекшеленді. Ақмола облысынан 6 спортшы қатысып, ең үздік нәтижені Денис Никиша көрсетті. Ол шорт-тректен жарыста 6-орынға тұрақтады.

Олимпиада ойындарынан бөлек, Ақмола облысының спортшылары ұлттық құрама командалардың сапында өңір атынан әртүрлі әлемдік, халықаралық додаларда өнер көрсетуді жалғастыруда. Мәселен, Әлинұр Қуатұлы және Батыр Теңізбай джиу-джитсудан Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанса, Азия чемпионаттарынан облыс спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль олжалап, оралды. Бұл жерде, боксшы Оразбек Асылқұлов пен триатлоншы Ясмина Бузуртанова алтын медальдарды жеңіп алса, биатлоншы Руслан Амурлаев пен белбеу күресінің палуаны Бекбол Нұрланұлы күміс медальдарды иеленді, ал, қола медальдар әйелдер күресінде бақ сынаған  Виктория Хусаиноваға, жеңіл атлетшілер Татьяна Но мен Мария Щипачеваға, биатлоншы Анастасия Хвощенок пен Александр Мухинге бұйырды.

Әлем кубогының кезеңдерінде де облыс спортшылары жоғары нәтижелер көрсетті. Боксшы Валерия Аксенова алтын және қола медальдарды иеленсе, пара оқпен атудан Еркін Ғаббасов күміс жүлдегер атанды. Пара жеңіл атлетикадан Гран-при сериясындағы халықаралық турнирде Әсем Жанәділова қола медальға қол жеткізді.

2026 жылдың басты халықаралық жарыстарының бірі – XX Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында және V Пара Азия ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияда өтеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының сапында XX Азия ойындарына қатысу құқығын 7 спорт түрі бойынша облысымыздың 11 спортшысы жеңіп алды. Олар боксшы Оразбек Асылқұлов, триатлоншылар Аян Бейсенбаев, Арлан Жанабай, Юлиана Петрова, садақ ату мергендері Самира Жұмағұлова, Андрей Тютюн, Адель Жексенбинова, велоспортшы Андрей Чугай, қазіргі бессайыс спортшысы Юлиана Петрова, джиу-джитсу  шеберлері Әлинұр Қуатұлы және Батыр Теңізбай, ММА аралас жекпе-жек спортшысы Қадырбек Шынбаев.

Ал, V Пара Азия ойындарына қатысу құқығына 4 спорт түрі бойынша 6 спортшымыз ие болып отыр. Атап айтқанда, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жеңіл атлетикадан Әсем Жанәділова, пара жүзуден Әмір Мұратбеков, Алина Синельникова және Станислав Мочалкин дүбірлі додада ел намысын қорғайтын болады.

Қорыта айтқанда, облыстағы дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өз жемісін беруде. Заманауи инфрақұрылымның қарқынды қолға алынуы, бұқаралық спорттың қолжетімділігі мен салауатты өмір салтының насихатталуы – ел болашағы үшін жасалып жатқан нақты қадамдар. Олимпиада мен Паралимпиада шыңын бағындырған саңлақтарымыздың, әлемдік ареналарда топ жарған жас таланттардың жетістіктері – аймағымыздың спорт әлеуетінің қаншалықты жоғары екенінің айқын дәлелі. Алдымызда тұрған Жапониядағы Азия және Пара Азия ойындарында ақмолалық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды биікте желбірете беретініне сенімдіміз.

Ардақ ТӨЛЕНДИН,
Ақмола облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар