Тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдық тарихындағы елеулі саяси реформалар мен биыл 23 тамызда жаңа Конституция талаптарына сәйкес өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы ел болашағы үшін тарихи маңызы бар маңызды қадам екені сөзсіз. Жаңа заң шығарушы жоғары өкілді орган – 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың қалыптасуы мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға, институционалдық тиімділікті арттыруға және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына кең жол ашады.
Халқымыздың бірлік пен тұтастықтың символы болған қасиетті «Құрылтай» атауын жаңғыртқан бұл саяси үдеріске орта білім беретін мектеп директоры ретінде өз азаматтық ұстанымымды білдіруді жөн көрдім.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен саналы азаматтыққа тәрбиелеп отырған ұстаз ретінде елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси өзгерістерді толық қолдаймын, алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – әрбір саналы азаматтың болашаққа қосқан үлесі мен ел ертені үшін жауапкершілігінің көрінісі деп білемін. Шын мәнінде, жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде өтетін бұл маңызды науқан елдің заң шығару жүйесін жетілдіріп қана қоймай, ұлттық сананы жаңғыртып, әрбір қазақстандықтың ортақ іске қатыстылығын айқындай түседі.
Аманкелді Боданов,
Сандықтау ауданы Балкашин ауылының № 2 жалпы орта білім беретін
мектебінің директоры.
![]()

