Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 10 тамыз – Абай күніне орай, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Абай дана» атты облыстық қарасөзтану байқауы болып өтті.
Халқымыздың рухани темірқазығына айналған ұлы ақынның мұрасы – мәңгілік құндылық. Осы бір асыл қазынаны ұлықтап, қара сөздерін өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау шараның басты мақсаты ретінде айшықталды. Рухани бәсекеге облыстың аудандары мен қалаларынан келген талантты қатысушылар мен өнерге жаны құмар жастар қатысты.
Тартысты байқау екі кезең бойынша өтіп, сайыскерлер Абай даналығына кез келген қара сөзін жатқа оқып қана қоймай, оның терең мағынасын жан-жақты ашып түсіндіру арқылы бойлады.
Шараның маңызы мен тәрбиелік мәніне қазылар алқасының атынан Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Аманжол Ысмағұлов ерекше тоқталды.
– Абай Құнанбайұлы ұлт руханиятының темірқазығы, қазақтың рухани дүниесін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның терең ойлы өлеңдері мен музыкалық шығармалары, қара сөздері келешек ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Абайдың терең мағынаға толы шығармашылық мұрасы білім мен еңбектің, адалдықтың қадірін ұғындырып, бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар болып келеді. Сіздердей жас ұрпақ Абай атамыздың шығармалары мен туындыларын жастар арасында насихаттап жүргені қуантарлық жағдай. Аталмыш шараларды тек бүгінгі атаулы күн қарсаңында ғана емес, басқа күндері де өткізіп отырсақ, нұр үстіне нұр төгілер деген ойдамын, – деді ол өз сөзінде.
Өнер мен білім сайысы тартысты өтіп, әділқазылар алқасы қатысушылардың дайындығын жоғары бағалады. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі 3-інші орын Қабдрашит Нұрайға бұйырса, екінші орынды Хуан Батырбек иеленді. Ал, барлық сыннан сүрінбей өтіп, топ жарған жеңімпаз атағы Пазыл Перизатқа бұйырды.
Шара соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, ұлы ақынның өшпес мұрасы кейінгі буынның жүрегінде әлі де жаңғыра түсетініне қапысыз көз жетті.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

