«Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй»

Аудандық Мәдениет үйінің алдында халқымыздың біртуар кемеңгер тұлғасы Абай Құнанбайұлының 181  жылдығына арналған  «Абай мұрасы» әдеби-музыкалық тарихи-көркем қойылымы көрермендер назарына ұсынылды.

Мәдени-танымдық шараны тамашалауға көптеп жиналған жергілікті тұрғындар мен  қонақтар қойылым басталар алдында Абай заманындағы салт-тұрмысты еске салатын, мерекеге арнайы құрылған киіз үйдің жанында халқымыздың қолөнер  туындылары  қойылған  көрменің  жәдігерлерімен танысу мүмкіндігіне  ие болды.

Салтанатты  шараны   жүргізушілердің: «Қайырлы күн, құрметті жерлестер, ардақты қонақтар! Бүгін біз ұлы ойшыл ақын, қазақтың рухани әлемін жаңа биікке көтерген дара тұлға – Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтау үшін бас қосып отырмыз. Бір дәуірдің ғана емес, бар дәуірдің шамшырағына айналған ұлы тұлға – Абай күніне арналған іс-шарада өздеріңізбен қауышқанымызға қуаныштымыз» деген сөздерінен  кейін, қатысушыларды  өңірдің мәдени-рухани  өміріндегі айтулы оқиғамен Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Дәукенов құттықтады.

–Абай қазақтың көркем ойы мен сөз өнерін биік белеске көтерген қайталанбас бір рухани әлем. Оның шығармалары мен қара сөздерінде адам болмысының терең сырлары, білім мен ғылымға ұмтылу, адал еңбек, ар-ұят пен адамгершілік, елдік пен бірлік секілді мәңгілік құндылықтар кеңінен көрініс тапқан. «Ғылым таппай мақтанба», «Еңбек қылсаң ерінбей» деп ұрпағын талап пен еңбекке, білім мен ізденіске үндеген ұлы ойшылдың өсиеті бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың әрбір сөзі – ұлт санасын серпілтетін тағылым, әрбір ойы – келешекке жол сілтейтін рухани бағдар. Абай күні – ұлы ақынның есімін ұлықтап қана қоймай, оның мол мұрасын терең танып, тағылымды ойларын жас ұрпақтың бойына сіңіретін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды күн. Бұл – өткенімізге тағзым етіп, болашағымыздың бағыт-бағдарын айқындайтын рухани мереке, – деді ол.

Бұдан әрі бағдарлама «Абайдың әлемі – сөз бен саздың, ой мен сезімнің тоғысқан кеңістігі. Оның әрбір өлеңінен  туған жерге деген сүйіспеншілікті, адам жүрегінің сырын, табиғаттың  тылсым тынысын сезінеміз. Ұлы Абайдың ән әлемімен үндескен Арқаның дәстүрлі ән өнерін  дәріптеп жүрген өнерпаздар, республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаттарын қарсы алыңыздар» деген елді елең еткізерлік лебізбен жалғасты.

Сөйтіп, сахна төріне көтерілген өңірімізге белгілі өнер саңлақтары Аслан Мұхамедияров, Төлеген Аманов, Әділ Құсайынов, Сәрсенбай Хасенов,  аудандық Мәдениет үйінің  әншілері Серәлі Балтабай, Алма Адаханова, Алмат Әмірғазин және «Серілер» тобы, «Қорқыт сазы»  қобызшылар ансамблі Абайдың әндерін, халық әндері мен басқа да туындыларды орындады. Мерекелік  әндер тартуын белгілі әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы  Данияр Құстанғалиев Абай  әндерінен поппуримен қорытындылады. Тыңдарман назарына ұсынылған осынау шығармалар ерекше бір толғаныс сезімімен, нақышына келтіріле орындалып, көпшілік қауымның көңілдерінен шыққанының куәсі  болдық.

Мәдени-танымдық шара «Абай мұрасы – мәңгілік! Абайдың сөзі – ұрпаққа аманат! Абай күні құтты болсын!» деген қанатты сөздермен мәресіне жетті.

                                       Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ. 

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар