Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – уақыт өткен сайын жаңа қырынан зерттеле беретін рухани қазына. Ұлы ақынның поэзиясы мен қара сөздеріндегі философиялық ой, адам болмысы, ұлттық дүниетаным, жалпыадамзаттық құндылықтар сан алуан ғылыми бағытта зерделеніп келеді.
Осы орайда, филология ғылымдарының докторы, профессор Мақпал Оразбектің «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» атты ғылыми еңбегі абайтану саласына өзіндік үлес болып қосылатын зерттеу ретінде назар аудартады.
256 беттен тұратын бұл ғылыми еңбек 2026 жылы Астана қаласындағы «Арда+7» баспасынан жарық көрген. Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдени мұраны сақтау, зерделеу және насихаттау бағытындағы бағдарламасы аясында басылып шыққан. Зерттеу еңбегінің ерекшелігі – Абай шығармашылығын әлемдік көркемөнердегі психоаналитикалық архетиптер теориясы тұрғысынан қарастырып, қазақтың ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра талдауында.
Алдымен архетип дегеніміз не деген сұраққа жауап бере кеткеніміз дұрыс шығар. Архетип – белгілі бір адамға, мінез-құлыққа немесе образға тән негізгі, қайталанатын үлгі. Қарапайым тілмен айтқанда, архетип – адамдардың санасында бұрыннан қалыптасқан «таныс бейне». Мысалы: батыр – қиындыққа қарсы тұрып, өзгелерді құтқаратын, дана – ақыл-кеңес беретін, көп нәрсені білетін, зұлым – басты кейіпкерге кедергі жасайтын, қамқоршы – өзгелерге көмектесіп, қорғайтын, тентек – ережені бұзып, күтпеген әрекет жасайтын кейіпкерлер.
Автор кітапта швейцариялық ғалым Карл Густав Юнг айқындаған архетип түрлерін негізге ала отырып, әлемдік ақын-жазушылар шығармаларындағы көркемдік бейнелер мен Абай туындыларындағы ұқсас құбылыстарды салыстырады.
Кітаптың мазмұны зерттеудің ауқымдылығын аңғартады. Әсіресе, Абай шығармаларын әлемдік әдебиет үлгілерімен салыстыра зерттеуі еңбектің ғылыми салмағын арттыра түседі. Зерттеуде Ханс Кристиан Андерсен, Евгений Шварц, Оскар Уайльд, Эдгар Аллан По, М.Ю. Лермонтов, Уильям Фолкнер, Чарльз Диккенс сияқты әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен салыстырмалы талдаулар жасалады. Бұл тәсіл Абай мұрасын тек ұлттық шеңбердегі құндылық емес, әлемдік әдеби-мәдени үдерістің бір бөлігі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.
Автордың назарындағы негізгі мәселенің бірі – адам табиғаты мен рухани әлемі. Осы тұрғыдан алғанда зерттеу еңбек абайтану мен әдебиеттанудың тоғысындағы тың ізденістердің бірі деуге болады. Кітаптың құндылығы – Абай шығармаларын тек мәтіндік немесе тарихи тұрғыдан ғана емес, психологиялық, мифопоэтикалық және мәдени-антропологиялық қырынан зерделеуінде.
Зерттеу жоғары оқу орындарының гуманитарлық ғылым салаларында білім алатын студенттеріне, филология факультетінің білім алушыларына, магистранттар мен докторанттарға, әдебиеттанушылар мен зерттеушілерге, сондай-ақ, Абай мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырманға пайдалы болары сөзсіз.
Абайды тану – қазақтың өзін тануы. Ал, Абай мұрасын әлемдік ғылыми ойдың биігінен қайта зерделеу – ұлы ақын шығармаларының уақыт пен кеңістік шекарасынан әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Мақпал Оразбектің бұл еңбегін Абай әлеміне жаңа ғылыми көзқараспен үңіліп, ұлттық руханият пен әлемдік мәдениеттің сабақтастығын танытуға бағытталған маңызды зерттеу ретінде бағалауымызға әбден болады.
Жанат ҚАЖЫБАЙ,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқу залы
секторының меңгерушісі.
![]()

