Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Сандықтау ауданы тұрғындарымен өткен кездесуі елімізде жүріп жатқан ауқымды саяси реформалар мен жаңа Конституцияның маңызын түсіндіруден басталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралаумен жалғасты.
Жиын барысында көпшілікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Ата Заңның тарихи мәні мен қоғамдық-саяси процестерге әсері туралы ойлары жеткізіліп, алдағы уақытта өтетін Құрылтай сайлауының маңыздылығы сөз болды. Ауданның экономикалық тірегі болып табылатын ауыл шаруашылығы саласында оң динамика байқалады. Соңғы екі жылда майлы дақылдар алқабы бес есеге ұлғайтылып, 80 мың гектарға жетті және жалпы себу алаңының жиырма пайызынан астамын құрады. Аудан астық түсімі бойынша облыстық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 23,2 центнерді құраса, майлы дақылдар бойынша бұл көрсеткіш 15,7 центнерге жетті. Аграршыларды қолдау мақсатында «Кең дала — 2» бағдарламасы арқылы берілетін жеңілдетілген несие көлемі екі есеге артып, 9,3 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар, шаруашылықтардың техника паркі жаңарып, лизинг арқылы 115 техника сатып алынды. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында астық қоймалары, тазарту кешендері және «Максимовка» серіктестігінің құны 1,3 миллиард теңге болатын жасымықты өңдеу цехы бар.
Мал шаруашылығын дамыту бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Өңірде сүт өндіру көлемі 8,3 пайызға, жұмыртқа өндіру 15 пайызға өскен. Облыста алғашқылардың бірі болып іске қосылған «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аграрлық секторды әрі қарай өркендетуге үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, қолында малы бар тұрғындар үшін жайылым тапшылығы орын алып отыр, осыған байланысты пайдаланылмайтын жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан тек егіншілікпен шектелмей, шағын және орта бизнесті, туризмді және өңдеу саласын қатар дамытуға бет алды. Биыл ауыл шаруашылығынан тыс 2,1 миллиард теңгелік бес инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында инертті материалдар карьерін игеру, мыс рудасын геологиялық барлау, Каменка селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және Лесное селосындағы демалыс саябағын реконструкциялау жұмыстары бар. Сондай-ақ, табиғи әлеуеті жоғары өңірде аңшылық туризм мен этноауыл жобалары да сәтті қолға алынуда.
Инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды істер атқарылуда. Өткен жылы тұрғындардың өтініші бойынша Каменка селосына кіреберістегі су өткізгіш нысанына орташа жөндеу басталды. Ал, көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында аудан орталығы Балкашино селосында Жабай өзені арнасының 5,2 шақырымы тереңдетіліп, кеңейтілді, бұл жүздеген тұрғын үйді қауіптен қорғауға мүмкіндік берді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка селоларында топтық су құбырының құрылысы аяқталып, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Балкашино селосында құны 1,8 миллиард теңге болатын жаңа қазандық пен жылу желілерінің құрылысы жүріп жатыр, бұл алдағы жылыту маусымында тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз етуге жол ашады.
Әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облыс бойынша бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан үш бірдей медициналық нысан – Лесное және Каменка селоларындағы дәрігерлік амбулаториялар мен Байдалы селосындағы фельдшерлік-акушерлік пункт осы ауданда бой көтеруде. Жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын бұл нысандардың құрылысы қыркүйек айында аяқталып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіле бастайды. Білім беру саласында да мектептер мен балабақшаларды жөндеуге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық база нығайтылуда.
Жиын соңында ауданның дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бір топ сандықтаулықтар марапаттарға ие болды.
Осы жолы облыс әкімі өңірдегі спорттық және туристік нысандардың тыныс-тіршілігімен де танысты. Сапардың алғашқы нысаны Балкашино ауылындағы шаңғы-роллер трассасы болды. Осыдан болашақ чемпиондардың жолы басталады. 11 жасар Ангелина Кульбабаның осы спорт түрімен айналысып жүргеніне жеті жылға жуықтаған. Алғашында ол биатлонмен шұғылданса, қазір шаңғы жарысына қатысып жүр.
– Мен Щучинск қаласында өтетін ауыл ойындарына қатысқым келеді, онда спорт шебері немесе спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындауға болады. Жасым 11-де болғандықтан, бұған әлі ертерек. Дегенмен, ол күн туатындығына сенімдімін, – дейді ол.
Өткен жылы бұл трассаға күрделі жөндеу жүргізілді. Ұзындығы 2,5 шақырымдық жолда асфальт жабындысы толықтай жаңартылып, жарық тартылған. Бұдан бөлек, биатлоншылар үшін 20 нысанаға арналған ату алаңы жабдықталды. Қазір мұнда шаңғы мен биатлоннан 300-ге жуық спортшы жаттығады.
– Мен шаңғы спорты бойынша бапкермін. Филиалымыз осыдан 12 шақырым жердегі Сандықтау ауылында орналасқан. Күрделі жөндеудің арқасында осы араға келіп, жаттығып жүрміз. Асфальт сапасы бұрынғымен салыстырғанда өте жақсы. Бұнда Ақкөл қаласынан, жақын маңдағы аудандардан спортшылар жаттығуға және оқу-жаттығу жиындарына келеді. Сондай-ақ, Балкашиноның барлық спортшылары, 30 шақырым жердегі Каменка ауылынан да спортшы жастар келіп жаттығады. 2,5 шақырым жолға толық жарық тартылған, сондай-ақ, 1,5 және 1 шақырымдық жол айрықтары бар. Балалар осы аумақта дайындалады. Көршілес Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласынан да биатлоншылар келеді. Бізге келіп жаттығуға тілек білдірушілер өте көп, бәрін қуана күтеміз, – дейді бапкер Вячеслав Парфенов.
Табиғаты сұлу, қыста қары қалың Сандықтау ауданында қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік мол. Алдағы уақытта мұнда арнайы оқу-жаттығу базасын салу жоспарланып отыр.
–Спорт адамның дамуына, шыңдалуына серпін береді. Сондықтан, спортпен шұғылданып, жақсы нәтижелер көрсетіңіздер. Ең алдымен жақындарыңызды, бапкерлеріңізді қуантып, ел мақтанатындай азамат болыңыздар. Бәріңізге мол табыс, көтеріңкі көңіл-күй, биік рух тілеймін, – деген облыс әкімінің сөзі де осы бір үлкен мүмкіндіктерге сәйкес келді.
Ауданда туристік инфрақұрылым да белсенді дамып келеді. Балкашино ауылында Жабай өзенінің бойын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті тұрғындар мен туристерге арналған жаңа демалыс аймағы мен заманауи жағажай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылған жобалар. Бұл туралы да тұрғындардың қуана айтар пікірлері бар. Алдымен, «Целингидротех» ЖШС-інің бас инженері Владислав Гаевскийдің:
– Жобаның ұзындығы 5,2 шақырым. Осы аралықты ішінара түзете өңдеу, сондай-ақ, өзен арнасын қамыс пен бұталардан тазарту қарастырылған. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 1 миллион текше метр су қоймасын салу көзделген, – деген сөзіне құлақ түрсек, атқарылып жатқан жұмыстар шынында да айтуға тұрарлық.
– Бұрын бұл жерде тек бұталар өсіп, түбінде батпақ жататын, ешкім шомылмайтын, тек балықшылар ғана жүретін. Қазір осындай жақсы демалыс аймағы мен жағажай салынғанына өте қуаныштымыз. Жағажай футболы, волейбол, турниктер пайда болды. Енді күн сайын осында демалып, туристерді күтуге болады, – дейді бұл орайда, Сандықтау ауылының тұрғыны Артем Удов та өзен бойын абаттандыру жұмыстарына көңілі толып. Қазіргі уақытта бұл жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Нысан тамыз айының соңында ресми түрде пайдалануға беріледі.
Жұмыс сапары барысында кәсіпкерлермен де кездескен аймақ басшысы Марат Ахметжанов бизнес өкілдерінің аудан бюджетіне құятын салықтық түсімдерінің маңыздылығын атап өтті. Биыл бұл салық түсімі 600 миллион теңгеден асады деп күтілуде.
Бір сөзбен айтқанда, халқы еңбекқор, жері шұрайлы Сандықтау өңірі де соңғы жылдар аясында бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізген. Қазіргі істің барысы мұнда әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа нышандарының бой көрсетеріне шүбә туғызбайды. Бұл күндері ауданда егін орағы да барынша қарқын алған. Бұл жауапты науқанды да сандықтаулықтардың сәтті өткізеріне барлық алғышарттар бар.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.
![]()

