Жаңа көпір салу жұмысы жалғасады

Мәселенің мәнісі

Жақсы ауданының Қазақстан ауылына апаратын негізгі бағыттардың бірі  облыстық маңызы бар Қима –Терісаққан автокөлік жолындағы туындаған мәселелер жөнінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен сұрап білдік.

Айтуларынша, қазіргі таңда аталған жол бойынша көлік қатынасы қамтамасыз етіліп, тұрғындар елді мекенге еркін қатынауда. Жолдың жағдайы тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Алыстағы елді мекендер үшін халықтың жолының жай-күйі күнделікті тіршіліктің маңызды мәселелерінің бірі. Өйткені, жолдың жақсы болуы тұрғындардың аудан орталығымен байланысына, әлеуметтік нысандарға қолжетімділігіне, медициналық көмек пен қажетті тауарлардың уақытылы жеткізілуіне тікелей әсер етеді. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезеңінде өзен үстіндегі көпірлер мен өткелдердің жағдайы ерекше маңызға ие.

Қима –Терісаққан бағытындағы қатынас көпірінің жағдайы жергілікті тұрғындардың назарындағы мәселелердің бірі екені көптен бері көтеріліп келеді. Осыған байланысты, 2025 жылғы желтоқсан айында халықтың қауіпсіз әрі кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында көпір маңында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, көпірді жаңғыртуға бағытталған «Қима –Терісаққан автомобиль жолының бірінші шақырымындағы көпірді реконструкциялау» жобасын іске асыру басталды. Жоба аясында өзен арнасы тазартылып, су өткізу мүмкіндігін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұдан бөлек, екі қорғаныш бөгет-толқын бәсеңдеткіш салынды. Бұл нысандар су деңгейі көтерілген жағдайда жол мен көпірге түсетін табиғи әсерді азайтуға және инфрақұрылымды қорғауға бағытталған.

Алдағы уақытта көпірді толық реконструкциялау және жаңа көпір салу жұмыстары жалғастырылатын болады. Жобаның әрі қарай жүзеге асырылуы тиісті қаржыландыруға байланысты кезең-кезеңімен жүргізіледі. Яғни, көпір мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған жұмыс басталып, оның келесі кезеңдері қаржы мүмкіндігіне қарай іске асырылмақ.

Бұған дейін, атап айтқанда 2024–2025 жылдары тұрғындардың қатынасын үзбеу үшін негізгі көпірге жақын маңда балама уақытша өткел пайдаланылды. Аталған өткел жергілікті атқарушы органның шаруа қожалықтарымен бірлескен жұмысы нәтижесінде салынған. Бұл шешім тұрғындардың елді мекенмен байланысын сақтауға мүмкіндік берді.

Жолдың грейдерлік учаскелеріне де тұрақты түрде күтім жасалады. Өткен  жылдары жолдың жекелеген бөліктеріне қиыршық тас төселіп, профилдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жол жиегіндегі шөптер шабылып, жолдың қалыпты жағдайын сақтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Қысқы және көктемгі кезеңдерде жолдың жағдайына ерекше назар аударылып, қызмет көрсетуші ұйым қажетті жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Есіл өзені арқылы Қазақстан ауылына өтетін өткелдің де өзіндік маңызы бар. Бұл өткел тұрақты көпірдің баламасы ретінде негізінен жазғы кезеңде пайдаланылатын уақытша нысан болып саналады. Ағымдағы жылы аталған өткелде негізгі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Имран Агро», «Түгел-С» және «Kazagro Group-T» серіктестіктері қолдау көрсетті. Жергілікті кәсіпкерлердің бұл бастамасы тұрғындардың қауіпсіз әрі қалыпты қатынауын қамтамасыз етуге жағдай  туғызады. Мұндай әлеуметтік жауапкершілік шаралары елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңі де жол мен көпірдің жағдайы үшін маңызды сынақ болды. Дегенмен, көпірдің әр жағында орналасқан тұрғындар жол қатынасынан ажыратылған жоқ. Су деңгейінің көтерілуіне қарамастан, тұрғындардың қатынауы көпір арқылы қамтамасыз етілді. Бұл ретте, алдын ала жүргізілген қалпына келтіру және қорғану жұмыстарының, сондай-ақ, жауапты қызметтердің тұрақты бақылауының маңызы зор болды.

Жол мәселесі тек көлік қозғалысына қатысты мәселе емес, сондай-ақ, ол ауыл тұрғындарының қалыпты тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік тұрақтылығына және елді мекеннің сыртқы әлеммен байланысына тікелей қатысты. Сондықтан, Қима –Терісаққан бағытындағы жолды күтіп ұстау, көпірдің жағдайын бақылау және оны жаңғырту жұмыстарының жалғасуы тұрғындар үшін өте маңызды. Қазіргі таңда негізгі жолмен қатынас бар, жолды күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Көпірді реконструкциялау жобасы да кезең-кезеңімен іске асырылады. Ал, уақытша өткел жазғы маусымда қосымша мүмкіндік ретінде пайдаланылуда.

Ең бастысы, тұрғындардың жол қатынасынан ажыратылмауы және қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тиісті деңгейде жалғасын табады. Сонымен қатар, соңғы бес жыл ішінде аталған жол учаскесінде адам өліміне әкеліп соққан оқиғалардың тіркелмеуі де жол қауіпсіздігі талаптарының сақталып отырғанын көрсетеді.

Қима–Терісаққан жолы арқылы қатынайтын елді мекен тұрғындары үшін көпірдің жаңғыртылуы толық жүзеге асқан жағдайда жол қатынасының сапасы мен қауіпсіздігі артып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмақ.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар