Егін орағы — 2026
Бүгінде Егіндікөлдің кең даласында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Жаз бойы диқанның маңдай терімен мәпеленген егін алқабы қазір алтын түске боялып, дала төсінде комбайндардың дүбірі естіледі.
Бірі орып, бастырса, бірі тасымалдап, енді бірі қамбаға осы астықты құйып, шаруаның берекелі науқанына өз үлесін қосуда. Аудан әкімі Юрий Курушин Егіндікөл ауылындағы «Урожайное 2015» жауапкершілі шектеулі серіктестігіне арнайы барып, егін орағының барысымен танысты. Аудан басшысы диқан еңбегін сырттай бақылап қана қоймай, комбайн тізгініне өзі отырып, орақ жұмысына араласты. Жер төсіндегі мехнаты мол еңбектің жай-жапсарын өз көзімен көріп, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігіне назар аударған аудан әкімі шаруашылық серіктестігінің жұмысшыларымен кездесіп, орақ науқанының жоспарымен танысты.
Бүгінде шаруашылықтың егістік алқабында он комбайн тынымсыз еңбек етуде. Қуатты техникалардың гүрілдеген үніне піскен егіннің сыбдыры қосылып, сайын далада ерекше бір еңбек дүбірі орнаған. Комбайн бункеріне құйылған алтын дән бір жылдық еңбектің жемісі, ел дастарқанының ырысы.
Серіктестіктің бас агрономы Ролан Начаев осында 11 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Биыл шаруашылық 9 мың гектар жерге егін егіп, өнімді жинауға 25 адамды жұмылдырған. Қазір диқандар әр гектардан орта есеппен 22 центнерден астық алуда.
– Орақ науқаны аса жауапты кезең. Бұл уақытта техниканың сақадай сай болуы да, еңбек адамдарының ауызбіршілігі де маңызды. Біздің басты мақсатымыз пісіп тұрған егінді ысырапсыз жинап, қамбаға мол астық құю, – дейді Ролан Начаев.
Шындығында, диқан үшін егін орағы бір күннің емес, тұтас жылдың қорытындысындай ғой. Көктемгі егіс науқанынан басталған еңбек жаз бойы жалғасып, енді күзгі берекеге ұласып отыр. Жерге себілген дәннің қауыз жарып, жайқалған егінге айналып, қайтадан ел игілігі болып оралуы табиғат пен адам еңбегінің жарасымды үйлесімі емес пе?! Егіндікөл даласындағы бүгінгі еңбек дүбірі ел ырысының еселеніп жатқанын аңғартады. Қырманға құйылған әрбір тонна астықтың артында диқанның тынымсыз еңбегі, механизатордың маңдай тері, маманның есебі мен шаруашылық ұжымының ұйымшылдығы жатыр.
Алтын дәнге толған алқапқа көз тастап, комбайн тізгінін ұстаған аудан әкімі Юрий Курушиннің де бұл сәті еңбек адамына деген құрметтің белгісіндей. Өйткені, туған жердің төсін түлетіп, ел ырысын еселейтін ең алдымен, осындай қарапайым да қажырлы еңбек адамдары. Ендеше, Егіндікөлдің кең даласында басталған орақ науқаны берекелі болып, әрбір қамба алтын дәнге толсын деп тілейміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.
![]()

