Алғашқы несие – қой шаруашылығы саласына

«Береке» бағдарламасы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 20262030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында жаңадан «Игілік» және «Береке» бағдарламалары іске қосылды.

Осыған байланысты Үкіметтің алдына саланы жекелеген қолдау шараларынан жүйелі дамытуға көшіру міндеті қойылды. Бұл – мал басын көбейтіп, өнімділікті арттыруға, қайта өңдеуді дамытып, отандық мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған басты шаралардың бірі. Жоғарыда аталған жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары импорттық асыл тұқымды мал басын сатып алуды жылдық 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыруды көздейтін осы жұмыстың негізгі тетіктеріне жатады.

Ақмола облысы еліміз бойынша осыған қатысты қажетті ұйымдастырушылық рәсімдерді алғашқылардың бірі болып аяқтап, қос жобаны нақты қаржыландыруға кірісті. Бұл жұмыс облыс әкімі Марат Ахметжановтың ерекше бақылауында ұсталып отыр. Облыста бұл бағдарламаларды іске асыруды «KOKSHE» ӘКК» АҚ қамтамасыз етеді. Корпорация ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын қарастырып, оларды Аграрлық несие корпорациясы арқылы тартылған қаражат есебінен қаржыландырады.

«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несие алушы – Ерейментау ауданының Төменгі Тоғай ауылында жұмыс істейтін «Ерейментау Астық 2014» ЖШС. Бірнеше жыл бұрын инвесторлар қараусыз қалған өндірістік базаны өз қаражаты есебінен сатып алып, қайта қалпына келтірген болатын. Кәсіпорын ұсақ мал өсірумен айналысады және бордақылау алаңын кеңейтіп, бір мезгілде 10 мың басқа дейін мал ұстауды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта шаруашылықта шамамен 1 мың бас мал бар. «Береке» бағдарламасы бойынша алынған 2 миллиард теңге кәсіпорынға дамудың келесі кезеңіне өтуге, яғни, өз аналық мал басын қалыптастырып, табынды өз төлі есебінен көбейту жұмыстарын жолға қоюға мүмкіндік береді.

«Береке» бағдарламасының арқасында етті бағыттағы дорпер тұқымдас 150 асыл тұқымды қошқар сатып алынады. Бұл мал басын Австралиядан әуе көлігімен жеткізу жоспарлануда. Қозыларды қажетті тауарлық кондицияға дейін өсіріп, кейін экспорттық келісім-шарттар бойынша етке өткізу ойымызда бар, – дейді «Ерейментау Астық 2014» ЖШС-інің атқарушы директоры Марат Ермаханов.

–Алғашқы жоба қорытынды кезеңінен барынша қысқа мерзімде өтті. Кеше кредиттік комитет отырысында осы жобаны қарап, мақұлдадық. Ал, бүгін «Береке» бағдарламасы аясында алғашқы несие беру туралы шартқа қол қойып отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тез жетіп, нақты нәтижеге бағытталуы біз үшін өте маңызды. Бұл жоба осылайша өңірдегі мал шаруашылығын одан әрі дамытуға берік негіз болады деп сенеміз, – деген «KOKSHE» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Серікбай Құсайыновтың  пікірі ескеруге тұрарлық.

«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несиенің Ерейментау ауданының үлесіне тиюінің өзіндік мәні бар. Бұл – Ақмола облысында етті мал шаруашылығын дамытудағы негізгі өңірлердің бірі. Мұнда ет кластері қалыптастырылып, ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, біртіндеп мал өсіруден бастап дайын өнімді қайта өңдеу мен өткізуге дейінгі толық өндірістік цикл қалыптасып келеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар