Ақмола облысында білім беру жүйесінің цифрлық мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Ақмола облысында білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып, мектептердің заманауи технологиялармен қамтылуы мен цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – білім сапасын арттыру, педагогтер мен оқушылардың цифрлық құзыретін дамыту және жас ұрпақты цифрлық экономика жағдайына бейімдеу.

Ақмола облысының білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай нәтижелер бар. Бүгінде өңірдегі мектептердің 100 пайызы интернет желісіне қосылған. Білім беру ұйымдарында интернетке қосылу жылдамдығы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес қамтамасыз етілген. Оқу процесінің ауысымдық ұйымдастырылуын ескере отырып, интернет жылдамдығы кемінде 20 Мбит/с болуы көзделген.

Ақмолалық білім беру жүйесінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуде шалғай елді мекендердегі мектептерді интернетпен қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі. Цифрлық алшақтықты азайтып, барлық оқушыға сапалы білім алуға тең жағдай жасау мақсатында облыстың 161 мектебіне Starlink спутниктік жабдығы орнатылған. Бұл технология аталған білім беру ұйымдарында 150-ден 230 Мбит/с-қа дейінгі интернет жылдамдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту интернетпен ғана шектелмейді. Өңір мектептерінде компьютерлік және интерактивті техниканы кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Ақмола облысының орта білім беру ұйымдарында 46 мыңнан астам компьютерлік техника пайдаланылуда.

Сонымен қатар интернет желісінің сапасы мен тұрақтылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2025–2026 оқу жылы барысында облыстағы 134 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісіне қайта қосылды. Бұл интернет байланысының тұрақтылығын арттырып, өткізу қабілетін кеңейтуге және заманауи цифрлық білім беру платформаларының үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

«Цифрлық білім беру ортасын қалыптастырудың басты мақсаты – технологияны жай ғана енгізу емес, оны білім сапасын арттырудың тиімді құралына айналдыру. Сондықтан инфрақұрылымды жаңартумен қатар, педагогтер мен оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға да басымдық беріледі», – дейді Ақмола облыстық білім берудегі жаңа технологиялардың өңірлік орталығының директоры Бағдат Қадыров.

Бүгінде цифрлық технологиялар білім беру процесінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Электронды ресурстар, онлайн платформалар, интерактивті құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері оқыту тәсілдерін түрлендіріп, оқушылардың білімді өз бетінше іздеуіне және жаңа дағдыларды меңгеруіне жол ашуда.

Әсіресе жасанды интеллектінің қарқынды дамуы білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Болашақ мамандар тек цифрлық құралдарды қолдануды ғана емес, ақпаратты талдау, сыни ойлау, жаңа технологияларды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану қабілеттерін де меңгеруі қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, Ақмола облысында қалыптасып келе жатқан цифрлық білім беру ортасы – тек техникалық жаңғырту емес, адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Интернетке қолжетімділік, заманауи компьютерлік техника, тұрақты байланыс және педагогтердің цифрлық құзыретін арттыру өзара сабақтасып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге негіз қалыптастырады.

Цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті елдің басты капиталы – технологияны меңгерген, жаңа білімге бейім және өзгерістерге дайын ұрпақ. Сондықтан бүгін мектепке енгізіліп жатқан әрбір жаңа технология – ертеңгі экономиканың, ғылымның және қоғамның дамуына жасалған маңызды қадам.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар