Балаңыз мектепке баруға дайын ба?!.

Білім күні қарсаңында

Санаулы күндерден соң қыркүйек айы да табиғат – ананың алтын күзге ойысқан өзіндік көрінісімен жеделдете жетіп, жаңа оқу жылы басталады. Ал, әзірге мектепке барар алдындағы осы бір қарбалас кезеңде ата-аналар үшін ең маңызды әрі қауырт тұс – мектепке қажетті заттарды жинау науқаны қызып тұр. Дүкендер мен базарларда сатушылардың көпшілігі тауарларын мектеп формасымен толтырып қойған.

Десек те, арзан заттардың сапасы нашар болып, ұзаққа шыдамайды. Ал, сапалырақ дүниелердің бағасы біраз қалтаны қағады. Осылайша, бір баланы мектепке толық жабдықтап шығу әр отбасының бюджетіне салмақ салатыны анық. Біз де нарықтағы ахуалды көру үшін сауда орындарын аралап, киім-кешек пен оқу құралдарының бағасымен танысып қайттық.

Сонымен балаңыз мектепке баруға дайын ба? Оқуға қажетті заттарды түгендеп үлгердіңіз бе?

Бір балаға қанша қаражат жұмсалады?

Көкшетау қаласында сауда орындары көп болғанымен, көпшіліктің бағасын қолайлы көріп, баратын жері – Орталық базар. Қыркүйек айы жақындаған сайын саудагерлер сауданы қыздырып тұр. Мұнда балаларын жетектеген ата-аналар да аз емес.

Біз дүкендерде ілулі тұрған тауарларға көз жүгірттік. Сатушылар 1-сыныпқа баратын ер балаға арналған костюм-шалбарға 23 мың теңгеден жоғары сұрайды. Ер баланың ақ көйлегі сапасына қарай 6-7 мың теңгеден басталады.

–  Оқушыға арналған формаларды тамыз басталмастан бұрын әкелдік. Халыққа қолжетімді тауарларды соңғы кездері Қытайдың астанасы Пекин, Гуанджоу қалаларынан тапсырыс беру арқылы сатып алып жүрміз. Барлық жастағы оқушыға керегін тауып бере аламыз. Саудамыз жүрсін деп, өткен жылғы киімдерді арзан бағада шығарып жатырмыз, – дейді сатушы Алмагүл Құрмашева.

Қыздарға арналған әдемі сарафандар мен юбкалардан көз сүрінеді. Олардың бағасы сапасы мен әдемілігіне қарай әр дүкенде әр түрлі, 9-10 мың, 16 мың теңгеден басталады. Ақ блузкалар 8-9 мың теңге. 1-сыныпқа баратын оқушыларға арналған туфлидің де бағасын білдік. Ең арзаны – 12-15 мың теңге. Сондай-ақ, ауыстырып киетін оқу формасы, 12-15 мың теңгеден басталатын спорт киімі, 1600 теңгеден басталатын бантик секілді оқушы қажеттіліктері де бар. Бұған оқу жылының соңына дейін әр маусымға сай алынатын аяқ киім мен сырт киімдерді қосыңыз.

Кейбір дүкендерден «3 мың теңге» деп көзге түсетіндей қылып жазып қойған жарнамасы бар қыздарға арналған сарафандарды көзіміз шалды. Балаларын жетектеген ата-аналар «арзан бағаға сарафандар тұр екен» деп сол жаққа қарай жедел басып барады.

Базар аралап жүріп, баласын мектепке киіндіріп жүрген ана Жаннұр Жұмағалиевамен тілдестік. Балаларын ертіп келген келіншектің биыл екі баласы мектепке барады екен.

– Үш балам бар. Кеше қызымды денешынықтыруға киетін киімдерін қоса алғанда, мектепке киіндіруге 100 мың теңге шамасында кетті. Бүгін ұлымды ертіп, базарға тағы келіп тұрмын. Оқу құралдарының өзіне үнемдегенде 20-30 мың теңге жұмсадым. Дәптерді әзірге екі балама 60 данасын ғана сатып алдым. Бүгін ұлыма саудаласып жүріп 10 мың теңгеге аяқ киім алып тұрмын. Шалбары – 12 мың, ақ көйлегі – 7 мың, спорттық киімі – 15 мың теңге. Қызыма алған сарафан – 12 мың, ақ блузкасы – 9 мың теңге. Әлі алмаған заттарым қаншама? – дейді ол.

Оқу құралдарының бағасы қалай?

Оқу құралының бағасы бір қарағанда ұсақ-түйек көрінгенмен, сатып ала бастағанда  кәдімгідей біраз ақшаға шығады. Кеңсе дүкендерінде оқуға қажетті құралдың барлығы бар. Сапасына қарай бағасы да әртүрлі.

Әуелі оқушы сөмкесінен бастайық. Сөмкелер самсап тұр. Рюкзак, екінші аяқ киім салуға арналған қол дорбасымен сатылатын сөмкелер тағы басқалары. Дайындық сыныбының оқушысына арналған ең арзан сөмкенің бағасы 5 мың теңгеден басталып, 15-20 мың теңгеге дейін барады.

12 беттік бір дәптер – 30, қаламның ең арзаны – 35 теңге. Ал, қаламсап жинағын кемінде 300 теңгеге табасыз. Оған қаттылығына қарай 350-600 теңге тұратын сурет альбомын, 530 теңгеге күнделік, 400 теңгеге түрлі-түсті қарындашты қосыңыз.

Дегенмен, қазір көп ата-ана балаларына арзан киімдерді өзге қалалардан интернет қосымшалары арқылы тапсырыспен алдырғанды жөн көреді. Бұл да қазіргі баға қымбатшылығынан туындаған тұйықтан шығудың бір жолы.

Биыл 13 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа барады

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің айтуынша, №216 бұйрықтың талаптарына сәйкес, мектеп формасына қатысты нақты өзгерістер енгізілмеген. Мектеп формасының үлгісін білім беру ұйымы ата-аналар комитетімен бірлесіп, қолданыстағы талаптарды сақтай отырып айқындайды. Сонымен қатар, қолданыстағы талаптарға сәйкес, мектепте діни сипаттағы киімдерді, оның ішінде діни атрибуттары бар киімдерді киюге жол берілмейді. Бұл талаптар мектептің ішкі тәртібін сақтау, білім алушылар арасында біркелкілік пен зайырлы білім беру қағидаттарын қамтамасыз ету мақсатында белгіленеді.

Айта кету керек, биыл өңірде 13 мыңға жуық оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

«Мектепке жол» акциясы қалай өтуде?

Елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесу, сондай-ақ, әлеуметтік себептерге байланысты мектепке бармай қалудың алдын алу мақсатында жыл сайын дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Биыл бұл бастама 2026 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында іске асырылатын болып отыр.

Облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, Ақмола облысының жергілікті әкімдіктері бұл акция бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітіп, ұйымдастыру жұмыстарын қолға алуда. Осыған сәйкес, Білім беру басқармасы, бөлімдері мен ұйымдары кәсіпкерлерге, меценаттарға және облыстық басқармаларға үндеу жолдап, қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға қолдау көрсетуге, олардың білім алуына үлес қосуға шақырды.

Өңір бойынша 11 436 бала материалдық көмекке мұқтаж болса, олардың 800-і биыл бірінші сыныпқа барады. Көмек алатындар қатарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардың балалары, сондай-ақ, білім беру ұйымының алқалы органы белгілейтін өзге де санаттағы оқушылар мен тәрбиеленушілер кіреді. Аталған қайырымдылық шарасына аудандық және облыстық әкімдіктер, мемлекеттік органдар мен өңірдің бизнес-құрылымдары белсене қатысуда.

2026 жылға облыстық бюджеттен «Жалпыға бірдей міндетті оқу» қорына 2 446,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның 581,9 миллион теңгесі мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға бағытталған. Яғни, аз қамтылған отбасының әр баласына 50 851 теңгеден есептелген. Сонымен қатар, «Ақниет» жеке қайырымдылық қоры балаларға іші оқу құралдарына толы жалпы құны 15 миллион теңгені құрайтын 1500 мектеп сөмкесін сыйға тартты. Бүгінгі таңда облыс бойынша 11 102 балаға жалпы сомасы 502,2 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Мұның ішінде бюджет қаражаты есебінен 9 576 оқушыға 486,9 миллион теңге және бюджеттен тыс демеушілік қаражаты есебінен 1 526 оқушыға 15,3 миллион теңге берілді.

Міне, жаңа оқу жылына дайындық, соның ішінде балаларды дайындау біздің облыста ата-аналар мен мемлекет, қоғамдық ұйымдардың тарапынан осындай сипатта десек болады. Қымбатшылыққа қарамай, «бауыр етім – балам» деп зыр жүгіріп жүрген сол үлкендер мен тиісті орындардың ортақ күш-жігері жас ұрпақ тарапынан сапалы білім, саналы тәртіппен қайтарылса болғаны.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар