Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына кезекті жұмыс сапары аясында «Намыс» шаруа қожалығының астықты алқаптарын аралап, егін орағы жұмыстарының барысымен танысты. Облысымызда бұл жауапты науқан тамыз айының ортасында басталды. 25 тамыздағы жағдай бойынша 4,5 миллион гектар дәнді дақылдар алқабының 1,6 миллион гектары орылып, әр гектардың берекелілігі орта есеппен 12,3 центнерден айналуда. Қазірдің өзінде 2 миллион тоннадан астам астық бастырылды. Егін жинау қарқыны бойынша Зеренді, Бурабай, Сандықтау және Бұланды аудандары көш бастап келеді.
Зеренді ауданында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 28 центнерді құрап отыр, ал, дәннің қамырлылық мөлшері 28 пайыз. Өңір басшысы бастырылған астықтың сапасы жоғары екенін атап өтіп, жалпы түсім бойынша түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.
– Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграршыларға қомақты қолдау көрсетілді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша бір мыңнан астам шаруашылық несие алды, сондай-ақ, жеңілдетілген дизель отыны мен минералды тыңайтқыштар бөлінді. Осы шаралардың, заманауи технологияларды қолданудың, егіншілік саласын жүргізудің ғылыми тәсілі мен аграршылардың ерен еңбегінің арқасында ауа райы әрдайым қолайымызға келе бермегеніне қарамастан, жақсы өнім алып отырмыз, – деді Марат Ахметжанов.
Биылғы егін орағына қатысып жүрген механизатор Манарбек Байманов осы салада 20 жылдан бері еңбек етеді, оның алты жылы «Намыс» шаруа қожалығында өтіп келеді.
– Өткен жылмен салыстырғанда кейбір алқаптарда егін шығымы былтырғыдан жоғары. Жиналып жатқан астықтың сапасы да жақсы. Егер ауа райы осылай қолайлы болып тұрса, егін жинау жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтап шығуға мүмкіндігіміз бар, – дейді механизатор.
Облыс бойынша жауапты науқанға 14 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, оның 7 мыңы астық жинайтын комбайндар. Күзгі дала жұмыстары кезеңінде аграршыларға 81 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар, шаруашылықтар жыл бойы 350 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар сатып алып, оның басым бөлігін алқаптарға енгізді. Элеваторларға қазірдің өзінде 500 мың тоннадан астам астық жөнелтілді, оның шамамен жартысы сапасы бойынша жоғары көрсеткіштерге ие.
Сонымен бірге, аграршылар әзірге биыл облыс бойынша нақты қанша астық жиналатынына болжам жасауға асықпайды, өйткені, бүгінгі таңда дәнді дақылдар алқаптарының үштен бірі ғана жиналды. Алда тұрған негізгі міндет – егін орағында жақсы қарқынды сақтау, сөйтіп, әрбір қолайлы сәтті тиімді пайдалана отырып, өсірілген астықты шашпай-төкпей, мерзімінде жинап алу.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.
![]()

