Мемлекет жағдай жасайды, бала білім алып, елінің азаматы болады

1 қыркүйек – Білім күні

Білім күні қарсаңында Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өткен білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі «Жаңа Халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, облыстық, аудандық және қалалық білім басқармасы мен бөлімдерінің басшылары, орта және кәсіптік білім беретін мекеме жетекшілері мен ардагер ұстаздар қатысты. Сонымен қатар, биылғы кеңестің ерекшелігі, оған 5 мыңға жуық педагог онлайн форматта қатысып, өз білім ошақтарынан шықпай-ақ, баяндамалар мен жарыссөзге қатысушылардың сөздерін тікелей тыңдады.

Еліміздің Мемлекеттік Әнұраны шырқалғаннан кейін жиналғандар Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың тамыз кеңесіне қатысушыларға бейнеүндеуіне назар аударды. Қазақстан мектептері оқушыларының өткен жылғы жетістіктеріне тоқталған министр әр жетістік әр баланың талпынысы мен болашаққа салынған инвестиция екеніне басымдық бере келе, ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында табыс тіледі.

Биыл облыс бюджетінен білім саласына 255 миллиард теңге қаржы бөлінді және 522 мектеп жаңа оқу жылына толық дайын. Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташеваның айтуынша, бүгінде өңірдің 593 мектепке дейінгі ұйымында 36 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім беру саласында ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік қызметтер толық цифрлық форматқа көшіріліп, қазіргі күні 13 мыңнан астам ваучер берілді. Бұл жүйе ата-аналардың таңдау мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етуде.

Сонымен қатар, биыл өңірде «Ерте жастан еңбекке, кәсіпке баулу» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Алдағы маңызды міндеттердің бірі – екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 99,1 пайызға жеткізу. Осы мақсатта Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында, Целиноград ауданының Қараөткел ауылында және Қосшы қаласында жалпы сыйымдылығы 840 орын болатын үш жаңа балабақша салынып жатыр, ал, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды кезең-кезеңімен лицензиялау басталады.

Жаңа 2026-2027 оқу жылында облыстың 522 мектебінде 141 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл алғаш рет 1-інші сыныпқа 13 мыңға жуық бүлдіршіннің құжаттары OQU ұлттық білім беру платформасы арқылы қабылданып, бұл процесс толық автоматтандырылды. Білім беру ұйымдарын басқаруды цифрландыру бағытында «MetaDoc» бірыңғай электрондық құжат айналымы платформасы енгізіліп, оған 748 білім беру ұйымы қосылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда. Осыған облыстық бюджеттен 457,5 миллион теңге бөлініп, 20 жаңа мектеп көлігі сатып алынды, ал, оқулықтармен қамтамасыз етуге 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Реновация бағдарламасы аясында 5,6 миллиард теңгеге 10 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен оқу жылында «Тірек мектеп – шағын жинақты мектеп» жобасы табысты жүзеге асырылып, білім сапасы 64,5 пайызды құрады. «Алтын белгі» иегерлері де жоғары нәтиже көрсетіп, осындай 442 түлектің 297-сі грант ұтып алды. Республикалық және халықаралық сайыстарда 255 оқушы жүлдегер атанып, Ақмола өңірінің 4 мектебі «Ең үздік 100 олимпиадалық мектеп» рейтингіне енді.

Инклюзивті білім беру бағытында облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар 14 мыңнан астам бала тіркеліп, Көкшетау қаласында Аутизм орталығы ашылды және 30 арнайы кабинетті жабдықтауға 375 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік осал санаттағы 6 670 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға 7,8 миллиард теңге бөлінді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 27 колледж 99 мамандық бойынша кадрлар даярлауда. WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатында облыс командасы жалпы командалық ІІ орынға ие болды, ал, қыркүйекте екі студент WorldSkills Shanghai – 2026 чемпионатында ел намысын қорғайды. Колледждер базасында 6 оқу-өндірістік шағын кәсіпорын ашылды.

Бүгінгі қоғамға тек білімді ғана емес, елін сүйетін, адал, жауапты және еңбекқор азаматтар қажет. Осыған байланысты барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Бағдарлама ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге, еңбекқорлықты, жауапкершілік пен патриотизмді нығайтуға бағытталған. «Заң мен тәртіп» бағытында білім беру ұйымдарында 180 мың профилактикалық іс-шара өткізіліп, онымен 140 мың білім алушы қамтылды.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Жас ұрпақ» балалар қозғалысы. Қазіргі таңда қозғалысқа 7 мыңнан астам бала қатысуда. Құқық қорғау органдарымен және прокуратурамен бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде бұл бағытта оң серпін байқалады. Атап айтқанда, ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған құқық бұзушы балалардың саны 2025 жылы 423-ті құраса, 2026 жылы ол 149-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ, өңірде жастардың отансүйгіштік қасиетін арттыру мен әскери қызметті дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде білім беру ұйымдарында 2163 оқушы мен студентті қамтитын 119 «Жас айбын» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Жастардың ауқымды шараларға қатысуы да оң нәтижесін беруде, яғни, 2026 жылдың маусымында Бурабай ауданында Президенттің қатысуымен өткен халықаралық «Айбын-2026» жиынында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің командасы ІІІ орынды иеленді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру мақсатында, Президент тапсырмасына сәйкес, 2028 жылы әскери істі тереңдетіп оқытатын 300 орындық мамандандырылған мектеп ашу жоспарланып отыр. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың жоспарлы тапсырмасына сәйкес бюджеттік шолу жасалып, қаржыны дұрыс жоспарлау, оңтайландыру, үнемдеу нәтижесінде 7,4 миллиард теңге білім саласындағы қажетті бағдарламаларға жұмсалған.

Сондай-ақ, мектептерде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жасанды интеллект негізіндегі қауіпсіздік жүйелері енгізілуде. Қазіргі таңда Көкшетау қаласының 16 мектебінде Protector AI жүйесі жұмыс істейді, сондай-ақ, AI Mektep және Smart Aqkol пилоттық жобалары іске асырылуда. Облыста инженерлік және STEM білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 207 білім беру ұйымы робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Осы  оқушылар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Соның ішінде «Bolashaq Saraiy» орталығының «Гигабайт» командасы Женева қаласында өткізілген халықаралық байқауда  39 елдің командалары арасында  және Астрахан ауданының оқушылары Түркияда өткен халықаралық жарыста үздік бестікке еніп, Италияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

Жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Биыл облыстың 16 білім беру-сауықтыру орталығында 11 300 бала дем алды, ал, 771 мектеп жанындағы лагерде 123 мыңнан астам оқушы қамтылды. Ағымдағы жылы барлық білім беру-сауықтыру орталықтары лицензиялау рәсімінен өтті.

– Облыс әкімінің қолдауымен көп жылдар бойы шешілмей келе жатқан Көкшетау қаласындағы жобалық қуаттылығы 280 орынға арналған көркемсурет мектебі оқу жылын заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа ғимаратта бастағалы отыр. Бүгінде облыстағы барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Шалғай елді мекендердегі 161 мектеп Starlink спутниктік желісіне қосылды. Бұл білім беру процесінде заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп отыр.  Сонымен қатар, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында облыстың білім беру жүйесіне  екі AI LAB жасанды интеллект кабинеті сатып алынды. 2026–2027 оқу жылында біздің алдымызда білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім арасындағы сабақтастықты күшейту және жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану сияқты ауқымды міндеттер тұр. Сонымен қатар, инклюзивті ортаны нығайтып, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін көтеруге, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» құндылықтарын оқу-тәрбие үдерісіне терең кіріктіруге басымдық береміз. Оқушылардың адам құқықтарын құрметтеп, заң үстемдігін түсінуіне, құқықтық мәдениет пен академиялық адалдықты қалыптастыруға ерекше мән береміз. Біздің ортақ мақсатымыз – бүгінгі нәтижемен шектеліп қалмай, оны сапалы жаңа деңгейге көтеру. Өйткені, сапалы білім кәсіби педагогтен, кәсіби педагог  үздіксіз дамудан, ал, тұрақты нәтиже жүйелі жұмыстан басталады, – деді өз баяндамасының соңында Айнагүл Балташева.

Тамыз кеңесінде мемлекеттік органдар басшылары мен білім қызметкерлері де баяндамалар жасады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрқат Батырқұловтың сөзінше, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру бағыттарындағы жұмыстар аталмыш Агенттікке жүктеліп, ол жаңа тәсілдермен жалғасуда. Баяндамада сол сияқты, «Адал азамат» қағидаты мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мектептерде комплаенс-қызметтердің рөлін арттыру, кадрлық процестерде меритократия қағидатын сақтау және басшылардың дербес жауапкершілігі мен мұғалім мәртебесін көтеру мәселелері ерекше қамтылды.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда басшының рөлі айрықша. Өйткені, ұйымдағы моральдық-психологиялық ахуал, еңбек тәртібі, қызметтік әдеп және заңдылықтың сақталуы ең алдымен, басшының басқару мәдениетіне байланысты. Біздің басты мақсатымыз – заң бұзушылыққа жол бермейтін басқару ортасын қалыптастыру. Департамент білім беру саласымен ашық диалог пен өзара әріптестік негізінде жұмыс істеуге дайын. Сондықтан, білім беру жүйесінде адалдық пен әділдіктің, жауапкершілік пен өзара құрметтің берік мәдениетін бірге қалыптастырайық, – деді басшы.

Сондай-ақ, кеңес барысында әдістемелік тәжірибелер ортаға салынды. Цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі туралы сөз  алған Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Зейнел Едрес еңбек жолын қалай бастағанын және сабақ беру барысында ChatGPT, NotebookLM, Canva сияқты жасанды интеллект құралдарын қалай тиімді пайдаланатынын айтып берді. Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімге уақытты үнемдеп қана қоймай, оқушылардың сыни ойлауын, зерттеушілік дағдыларын дамытуда және академиялық адалдық қағидаттарын сақтауда үлкен көмек береді.

– Қазір жұмыстарымның көп бөлігін ЖИ көмегімен әлдеқайда жылдам түрде бастапқы нұсқаға айналдыра аламын. Бірақ, соңғы шешімді бәрібір өзім қабылдаймын. Өйткені, ЖИ менің көмекшім, ал, мұғалім менмін. Бұрын дайындыққа кеткен уақытымның басым бөлігі қазір оқушылармен сөйлесуге, олардың ойын тыңдауға, жаңа идеяларды ойластыруға және сабақты қызықты да мазмұнды етуге жұмсалады. Біз жасанды интеллекттің дайын жауап беретін құрал емес, оқушыны ойлануға, ізденуге, талдауға және өз пікірін дәлелдеуге бағыттайтын көмекші құрал екенін дәлелдедік. Сонымен қатар, оны қолдану барысында академиялық адалдық қағидаларын сақтаудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлеміз. Бұл «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарымен үндесіп, оқушыларды жауапкершілікке, адал еңбекке және өз еңбегінің нәтижесіне құрметпен қарауға тәрбиелейді, – деді сөзінің  барысында Зейнел Едрес.

Ал, «Мектепке дейінгі білім беруде инновациялық тәсілдер арқылы ұлттық құндылықтарды оқыту және тәрбиелеу» жайында Ақкөл қаласының №1 бөбекжайының тәрбиешісі Милана Оздоева сөз сөйлеп, балабақшадағы «Әжелер мектебі» жобасының жұмысы мен ұлттық құндылықтарды күнделікті тәрбиенің өзегіне айналдырудың маңыздылығын баяндады. Сондай-ақ, тамыз кеңесінде Канададағы Олдс ауыл шаруашылығы және технологиялар колледжінің тәжірибесі де назарға ұсынылды. Біздің студенттер алдағы уақытта осы колледжге барып тәжірибе алмаспақ. Бүгінде дәл осындай ауыл шаруашылығына мамандар даярлайтын халықаралық колледжді Қосшы қаласында ашу жоспарланып отыр.

Кеңес жұмысын қорытынды сөзімен түйіндеген облыс әкімі Марат Ахметжанов сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздар қауымына жүктелетін міндет жүгіне баса тоқталды.

– Конституциямызға негізделген үлкен бастамалардың өзегінде ең бастысы, Әділетті мемлекет идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидасы және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы тұр. Бұл тек құжат жүзіндегі баптар емес, әрбір адамның бойында ізгі құндылықтарды қалыптастыратын тірі ағза іспетті. Мұны ертең тек мектептегі сабақ ретінде жаттап қоймай, әрбір азамат өзінің күнделікті тұрмысында пайдалануы тиіс. Бұл ұғым Хәкім Абай айтқан «Толық адам» идеясымен тікелей үндесіп, сабақтасып жатыр. Сондықтан да, біз бұл құжатты «Халықтық Конституция» деп тегін айтпаймыз. Мемлекет басшысы әрдайым алға қарап, еліміздің ертеңгі жаһандық бәсекеде лайықты орнын табуын басты мақсат етіп қойды. Ол үшін біз не нәрсеге сүйенеміз? Әрине, біздің мыңжылдық тарихымыз, атадан балаға аманат болған бай дәстүріміз бен терең мәдениетіміз бар. Бірақ, осы асыл мұрамызды әрі қарай алға жылжытып, заман көшінен қалмау үшін бізге терең білім, іргелі ғылым, өнегелі тәрбие және озық технологиялар ауадай қажет, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Дәстүрлі тамыз кеңесі марапаттау рәсімімен түйінделді. Білім саласына сіңірген еңбегі үшін 16 ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім саласының үздігі» төсбелгілеріне ие болды. Оған қоса, еліміз бойынша үздік жүз олимпиада мектептері қатарына енген Көкшетау қаласының 4 білім ошағына 5 миллион теңгенің, сондай-ақ, озық шыққан мектепке дейінгі үздік ұйым мен үздік кәсіптік-техникалық колледжге 10 миллион теңгенің қаржылай сертификаттары табыс етілді.

Осылайша, тамыз конференциясының басты мазмұны жаңа Халықтық Конституцияда айқындалған негізгі құндылықтар мен қағидаттарды білім беру жүйесіне кеңінен енгізуге бағытталды. Ал, «Адал азамат» біртұтас тәрбие идеясын оқу-тәрбие үдерісіне терең кіріктіру, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамаларын бірге өміршең ету, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, елдің адами капиталын өркендету мәселелері бүгінгі күннің бұлжымас міндеті ретінде айқындалды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар