«Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын насихаттау және еңбекке деген құрметті нығайту мақсатында Қазақстанда 2016 жылдан бері «Еңбек жолы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Бұл байқау өндіріс мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген үздік еңбек әулеттерін, жас мамандар мен тәлімгерлерді анықтаудың маңызды жолына айналды. Байқау қазақстандықтардың еңбегін бағалап қана қоймай, жастарды еңбекті құрметтеу, ежелден келе жатқан кәсіби дәстүрлерді сақтау рухында тәрбиелеуге бағытталған. Жеңімпаздар «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» сияқты үш номинация бойынша анықталады.
Биылғы жылы байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға 52 өтінім түсті. Олар «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша 11, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша 15 және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша 26 өтінім.
Жеңімпаздарды әділ анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрайымдылығымен конкурстық комиссия құрылды. Комитет құрамына жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, мемлекеттік еңбек инспекциясының, кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері мен кәсіпкерлер бірлестігінің өкілдері кірді. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жүлдегерлердің үштігі төмендегідей ретпен анықталды.
Еңбек әулеті үш ұрпақты қамтып, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі 28 жылды құрайтын Ярошенко әулеті бірінші орынды иеленді. Әулет үлкені Юлия Евгеньевна Ярошенко «ХПП Арна» ЖШС-інің зертханашысы болып істейді. Екінші орынға Усаниндер отбасы лайық деп танылды. Бұл отбасы мүшелері Біржан сал ауданындағы Макинка ауылының жалпы білім беретін мектебінде еңбек етеді. Олардың жалпы еңбек өтілі 171 жылдан асады. Үшінші орынды жеңіп алған Разиндер әулетінің мүшелері Зеренді ауданының Зеренді №2 жалпы білім беретін мектебінде сабақ береді, жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрайды.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Біржан сал ауданынан «Семізбай-U» ЖШС-інің геологиялық-геотехнологиялық қызметінің бастығы Ғазиз Тұрарбекұлы Жазықбаев жеңімпаз атанды. Ол осы салада 24 жыл еңбек етіп келе жатқан, әріптестері арасында сыйлы, жоғары білікті маман. Көп уақыт бойы өзінің кәсіби міндеттерін табысты орындап қана қоймай, жинақтаған білімі мен іс-тәжірибесін жастарға белсенді түрде үйретіп келеді. Екінші орынға Көкшетау қаласының «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК қазандық цехының бастығы Александр Александрович Кравченко, ал, үшінші орынға Жақсы ауданының «Урожай» ЖШС диірменінің бастығы Рамиль Маратұлы Мырзағалиев лайық деп танылды.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша комиссия мүшелерінің ең көп дауысын Степногорск қаласындағы «АК Алтыналмас» АҚ-ының бұрғылау-жару жұмыстарының шебері Әли Тілеубай иеленді. Ол кәсіпорында төрт жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы кезеңде өзін жауапты, еңбекқор және болашағы зор маман ретінде көрсете білді. Екінші орынға Біржан сал ауданының «ҚазГер-Құс» ЖШС-інің ветеринар дәрігері Серік Темірбайұлы Құттыбай ие болды. Ал, үшінші орын Көкшетау қаласының «Гормолзавод» ЖШС сапа бөлімінің басшысы Райхангүл Төлегенқызы Баяхметованың еншісіне тиді.
Сөз соңында тағы бір айта кетсек, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер жоғары кәсібилігімен, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауымен, сондай-ақ, жас мамандарды даярлауға және олардың кәсіби қалыптасуына қосқан елеулі үлестерімен ерекшеленеді.
Облыстық кезең жеңімпаздары туралы материалдар конкурстың республикалық деңгейдегі келесі кезеңіне қатысу үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды.
Шолпан РАХМАТУЛЛИНА,
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік
бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы.
![]()

