Азамат абыройы
Иә, біреу білер, біреу білмес, жер бетінде бұл күнде төрт үймен болса да түтіні шығып тұрған Тапшыл деген бір ауыл бар. Әр жағын қозғап, қаза берсең, кешелі, бүгінгі қазақтың қай ауылының да бір айтары бары әмбеге аян нәрсе ғой. Бұл ауыл да солай. Тапшыл Тапшыл болғалы біраз заман өткен. Атауын да қойған кім дейсіз? Сәкен Сейфуллиннің өзі. 1925 жылы осы төңірекке жер бөлісі мәселесімен келгенде ата-ата болып әр тұста отырған елдің басын қосып, тап күресіне байланыстырып, Тапшыл қойып кеткен. Тегі, советшіл болсын деген ниеті де. Іргеде Кеңес, одан әрі Ортақ бар. Бұлар да осы арадағы Аймақта жатып, жаңа өкіметтің жұмысымен айналысқанда, Сәкен ұйғарған, Сәкен құп көрген атаулар. Кеңес сөзінің төркіні де белгілі. Ал, Ортақ мал-жаны ортақ болсын деген ойы, сірә. Атылып кететінін де білмей, бар жан-тәнімен қазағымды көгертемін, қазағымды ел қыламын деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген қайран ерлерім-ай, шіркін! Кеңес ауылы да бұл күнде тарап, орны ойсырап қалғанымен, аяулы Сәкені мен ол қойған ауыл атауын кім ұмытар?!
Сәкеннің қатысы бар осындай текті ауылдың баласы екенін Орал да бір сәт естен шығарды ма десейші. Туған Тапшылы әрқашан жаны да, осылай қарай тартып тұратын қаны да болды. Туған Тапшылы әрқашан ары да, бары да болды. Қотанынан ұзап бара жатып, көңілі қимай артына қарайлады. Елге асығып келе жатып, тез жетіп, тұнық ауасымен бірі тыныстасам деді. Ауыл іргесі сөгілмей, үлкендер ана дүниеге көшпей, ел қотаны толықтау болғанда, сол аға-апаларының жүзін көріп, сәлемін бергенше тағаты қалмайтын. Талай рет, сонау шетте оқып жүргенінде, анда-мында қызмет тізгінін ұстап, қолдың босамауынан араға ай, апталар түсіп кеткенде, солай болды ғой, болды. Өз туған ауылы, өз туған топырағына осы бір алып-ұшқан көңілі бір өзіне ғана аян.
Осының бар бастауы тағы да сол үркердей ауылдағы қара шаңырақ, ата-ана тәрбиесі, өскен орта ғой. Көзін ашқалы көргені шаруа соңындағы үлкен-кіші, ана науқан, мына науқан деп бітпейтін бір қимыл-қозғалыс еді. Әлмисақтан Чкалов ауданының «Абай» кеңшарына қараған ауылда үкіметтің қойы да, қара малы, егіні де болды. Іргедегі қалың ағашта самсап тұратын қарақатына дейін бала көңілін алып-ұштыратын бұл Тапшылда Орал мен тұстастары да еңбек дәмін ерте татты. Қой қырқымында, қой дәрілегенінде бала біткеннің көмегінің өзі жұмыс қолы керек науқанға үлкен сеп еді-ау. Топ-топ бала қайда жүрсе, сол қатардан қалмайтын Орал бірақ, көз қиығын өтіп бара жатқан трактор, комбайнға көбірек салып, содан балауса арманының бір ілкім сабақтастығын іздейтін.
Бұлардың көрер жарығы үшін сұрапыл соғыстан бір Алла өзі сақтап, жараланып оралған әкесі Рақымжанның ел басқарудағы бар іскерлік қабілеті бертін осы Оралға қонғандай біраз биіктерді алды ғой. Ал, ол кезде ауылда бастауыш мектеп қана болғандықтан, оқудың өзін бір мектептен бір мектепке ауысып жүріп, үш жерде оқыған өрімдей бала еді. Солай сағыныш жанын ерте тербетті, өмір анадайдан көрінгеннен көзіне ыстық Тапшылына ерте алып-ұштырып, ерте есейтті. Осылай өз ауылына деген бір кем дүниемен, яки, жоғары сыныптардың жоқтығымен қиналып өскен өзі мен өзге замандастарынан ешкім көште қалған жоқ. Бәрі өз жолдарын, өз орындарын тапты. Бұған да дастархан басында үйдегі сегіз баламен отырып:
– Әй, осы араларыңнан білуге, тыңдауға құмар Оралымнан бір нәрсе көргендей боламын, – дейтін әке сөзі дәл келді.
Осы арада біз де бар өмірі колхоз бен ауыл басшылығында болумен, осы Тапшыл деген елдің қадір-қасиетін ұстаумен өткен, аузы дуалы Рақымжан атамыз қателесуге тиіс емес еді деп ойлаймыз. Расында «әке балаға сыншы» екенін кейін уақыт та жақсы көрсетті. Ал, оған дейін 1973 жылы Көкшетау қаласында облыстық қазақ мектеп-интернатын бітіріп, қолына орта білім туралы аттестатын алған түлек ерлеп, Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түссін. Содан Нарынқолда темекі жинап келген соң ауылы мен үйін сағынып, Көкшетауға қайта кетіп қалмасы бар ма? Бәріне себеп, жасынан туған жер десе алабөтен сол бір қимастық сезімі. Қайтып сол институт қарасын көрмей, ауылды айналсоқтап қала берген. Қиятындай емес, сол оқу қандай! Сосын да шығар, осы отырғанда мен де қоймай, «Ореке, өкінбейсің бе?» деймін, баяғыны жанды жерінен қозғап.
– Өкінемін, – дейді ол бұған, – өкінемін, әрине. Дәрігерліктің жөні бір басқа ғой. Кім біледі, соңына түссем, бір жерден жарып шығар ма едім.
Медті тастап кеткен жігітке енді не қалсын?! Сонау бала кезінен біз айтқан техникаға қызығушылығы мен үйірсектігі бар, Зеренді ауданындағы Шағалалы совхоз-техникумының механикаландыру бөлімшесіне оқуға түсті де, сонда жүріп әскерге кетті. Осының бәрін тіке тартып, айналып өтуге де болар еді. Бірақ, бұл да осы күні ел білетін бір азаматтың ғұмыр жолы, шынайы өмір баспалдақтарымен жеткен биігінің іздері. Сосын да аттап өте алмайсың. Ел танитын осы кезіне дейін асығып-аптықпай, анық басып, бір белестен бір белесті, бір қырдан бір қырды асқан. Ара-арасында өрбіген еңбек жолының өзі «көппен көрген ұлы той». Газбен және электрмен дәнекерлеуші, комбайн, тракторды қоса тізгіндеген механизатор, реттеуші-шебер, механик. Бәрі де өз басынан өткізіп, қолымен атқарған жұмысы. Ол жұмыс айналасына бір есептен, етінің тірлігін, ілгері барар ертеңін көрсеткендей болған. Жас жігіт осы тұста не керек екенін өзі де дәл бағамдап, сол бұрынғысынша, жоғары оқу орнына түсу түк еместей, Омбы ауыл шаруашылығы институтының күндізгі бөлімінің студенті атанады. Осы арада, үш бірдей мектепте оқып жүріп, алған білімінің де тиянақтылығына разы боларлықтай жөніміз бар-ау. Осылай талаптың тұлпарын мінсең, алмайтын асу жоқ. Төртінші курста өз еркімен осы институтта жоғары экономикалық курсты да бітіріп алған Орал одан әрі де бірнеше жыл сол Красноармеец ауданының «Тернов» кеңшарында ендігі қалған машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, бас инженер қызметтерін де түгел атқарып шығып, осы соңғы жұмысын Красноармеец ауданаралық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде әрі жалғастырады. Сөйтіп, оны да беріле, жөнін біле атқарады.
Сол Теңдік ауылынан бойымдағы барымды аянбаймын деп, келесі құлшына барған жері, дәлірек айтсақ, облыс, аудан басшыларының директор етіп ұйғарған шаруашылығы осы ауданның «Котовский» кеңшары еді. Осы күні сол жаңа қызметі нендей жағдайларымен есте қалды десек, бірер сөзбен ғана жауап беру қиын. Әупірімдеген Кеңес Одағы әлі бар болғанымен, экономикалық қатынастар үзілуге таяған нағыз өліара шақтың басы. Шаруашылық өзі барған 13 мамырда көктемгі егіске әлі дайын емес екен. Содан жанталасып, барлық күш-мүмкіндікті жұмылдырып, кешіксе де, 19 мың гектар алқапқа тұқымды түгел дерлік сеуіп шыққан. Өндірісте тәртіп орнатуы сол ащы сабақтан басталды десе болады. Өзі техниканың жай-жапсарын бес саусақтай білген соң әлсіз тұстарды алға тартып, халықты көмек-қолдауымен жігерлендіріп, кімді болсын, бірте-бірте шаруасы ілгері басқан шаруашылығымен санасатындай қылған.
Сол жылы алдын ала білгендей, жақсылап өңделіп, тыңайтылған 8 мың гектар парды көктемде қайта айналымға қосып, тәуір деген тұқыммен сепкізіп тастаған. Сол жылы деп отырғанымыз, 1996 жылдың 16 тамызы. Әлгі парлы алқаптарда егін ғажап шығып, белден келіп жайқалып тұр. Көз салған адам тек сүйсініп қарай береді. Сол самал желмен тербелген дән дариясының бір шетіне Президент мінген тікұшақ та келіп қонды. Осының алдында Ақмола облысының Иван Адамович Сауэр жетекшілік ететін озат шаруашылығы – «Родина» мен осы Солтүстік Қазақстан облысының «Зенченко және компания» серіктестіктерінде болған Нұрсұлтан Назарбаев сол сапарындағы үшінші шаруашылық – «Котовскийдің» егін алқабына да осылай аяқ басты. Егіннің ішіне кіріп, мына жез мұртты, толысқан масағы иіліп, жүрген сайын толқындай екі жаққа қайырылған қалың бидайдың ортасында риза болғаннан Оралды қолтықтап, былай алып кетті. Анадайда Президентпен кездесуге жиналған ауыл әкімдері, шаруашылық басшылары мен фермерлер бір-бірімен қаумаласып, толып тұр.
Алдымен аз-мұз өзі туралы сұрастырып, біліп алған Нұрекең:
–Мына алқаптан гектарына неше центнерден өнім алмақ ойың бар? – деп сұрады.
–Бұйырса, 30 центнерден аламыз ба деп отырмыз.
–Оған техникаң, жұмыс күшің жете ме?
–Әне, 25 комбайн алқап шетінде өз сәтін күтіп тұр.
Сол жолы бұл жауабына да риза болған Нұрсұлтан Әбішұлы:
–Міне, бізге осындай егіншілік саласын жаңа сапалы деңгейге көтере алатын шаруашылықтар керек, – деп көңілді аттанып еді.
Сол бір ұмытылмас сәттерде қызы Қымбаттың Президентке гүл шоғын ұсынуы, әдейі арнап тігілген киіз үйде ол кісінің асықпай, қолдарынан дәм ішіп аттануы, сөзінің бір тұсында «әлі жассың, болашақтарың алда» деп жігер бере сөйлеуі, әрине, әлі күнге көкейінде. Бірде-бір мезеті ұмыт бола қойған жоқ. Ол кезде қазіргідей күшті химиялық тыңайтқыштардың есесінен 40-50 центнерден өнім алу жоқ. Сондықтан, бұл бір кешегі елеусіздеу, ортанқол шаруашылықтың атын шығарған берекелі жыл еді. Әрине, елге тез тараған сол жетістіктің басында Тапшылдың еңсегей ұлы Орал Рақымжанұлы тұрғаны анық-ты. Сол серіктестікті ұзын-ырғасы 19 жыл 3 ай басқарды. Шалғай ауыл, басқа ұлт өкілдері. Бертін тарихи Отандарына кете бастады. Сонда да елді басын біріктіріп ұстап, жұмыс істеймін дегенге жұмыс тауып беріп, әдептен, адамгершіліктен аттаған жоқ. Бертін «Қазэкспортастық» фирмасымен тең құқықта жұмыс істеп, уысынан шығармай, елдің жерін де өзіне сақтап қалды.
Әрине, мұндайда екі аяғың салбырап, өз-өзіңнен аспаннан түсе қалмайсың. Бәрін осы жер бетінде, көптің ортасында жүріп үйренесің, көңілге түйесің. Ондайда сол Теңдікте аты елге мәшһүр Орынбай Шайхыұлы Әлжанов ағасының басшылық жұмыс тәсіліне көз салды. Өздерімен қатарлас тұрған «Кантемировец» кеңшарының шаруақор директоры Мұрат Оразбайұлы Шәмшінұровтың игі істеріне үңілді. Арасында «Алабота» кеңшарының атақты директоры Сансызбай Алпысбайұлы Алпысбаев ағасына да телефон шалып, ананы-мынаны ақылдасып, сәлем беріп қоятын. Солай бір «Котовскиймен» шектелмей, одан кейін де өзге ұлт өкілдері тұратын Макашевка ауылында да «Ковыльный» серіктестігін тоғыз жыл үзбей басқарып берді.
Ойлап отырса, өмір деген осы. Мұны да ауылынан біраз жерге алқалап алып кетіпті. Аңғарған жанға сол Тапшылында да бір мықтылық бар. Шағын ауыл айдарымен кешегі Кеңес Одағы кезінде де қайыспай тұрған еді, қазір де тұр. Екі-үш жеке шаруашылық жұмыс істейді. Мәктай ағаның ұлы Қанат қотаннан асыл тұқымды бір отар қой өрбітсе, жылқышы әкесі Бүркітбайдың құтты құрығын қаладан келіп, баласы Мейрам ұстаған. Іргедегі Қарағаштан да бір шаруа қожалығы бар. Тапшылдың ендігі үлкендері болып қалған Сайранбай, Шәктай, Божан, Айтбай, Құдабай, Бұршақбай секілді аға-інілерімен бірге бұл да әрқашан ел деп елеңдейді. Қотандағы Алла үйі де сол ауызбірліктің арқасы.
Сөйткен Орал біздің білуімізше, осы ауыл тарихындағы екінші шаруашылық директоры. Алдында «Амандық» қой кеңшарын басқарған Ленин орденді, марқұм Айтқожа Қалымов ағасының өшпес үлгі-өнегесі. Ендеше, намысқа қалай тырыспасын?! Бұл Тапшылдан айта берсе, ағайынды Қауез Әлімбеков, Асылхан Қожахметовтай жоғары білімді бас мал дәрігерлері, Бекқожа Әбдікәрімовтай ұлағатты ұстаз, Сайлаубай Әбдікәрімов, Нұрмұханбет Әбжановтай бас инженерлер де шыққан. Сол жолдың әріге туын қадап, жетпістің жотасынан көрініп отырған Орал Рақымжанұлы Алдабергеновке 1997 жылы Көкшетау облысы таратылып, Солтүстік Қазақстан облысының құрамына қосылғанда, сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов бұрынғы Еңбекшілдер, қазіргі Біржан сал ауданына әкім болып баруды да ұсынған екен. Бірақ, ондай ойында болмағандықтан, сол арада сеніміне ризашылығын білдіріп, бас тартыпты. Кезінде анасы Қапия «бәрінен де бастарыңа ауыртпалық түсірмесін» деп бар баланы, Алладан тілеп, одан-бұдан қорғаштап отыратын. Басы артыққа қызықпайтыны адамның бір берген мінезі болар. Ал, ішіндегі әлем-асыр ой, ол да басқа екен. Әу баста сегіз бала еді, ендігі жер басып жүргені төртеу. Айналдырған аз жылда бір аға, екі інісі көзден бұл-бұл ұшып, ұлдан бір өзі қалды. Осы күні содан да жадырап жүріп, мұңайып қалары көп. Бірінші жары Жаңыл да жол апатынан көз жұмып, оқыста қайғының қара бұлты және торлаған. Қазір орнын басып отырған Ләззат пен балалар, немере, жиендер ауып бара жатқан көшін түзеп, мына өмірге қайта серпілткен. Алдына әйтеуір, ел білетін Роза апасын салып, соңындағы қос қарындасына қарайласып, жүріп жатқан тірлік. Сол азаматтық, адами болмыс-бітімі лайым жақсылыққа бұрып тұратын Орал Алдабергеновтың елге жасап жүрген мына қайырымы да шоқтығын биіктете түскендей.
Осы жылдар ішінде өз қаржысына үш адамды Меккеге қажылыққа жіберіп алған. Ауылындағы намазхана-мешіттің де қаражатын көтерген. Көп адамға үй әперсе, 20-дан астам жұмысшысына жеңіл көлік мінгізген. Міне, қолында мүмкіндігі бар адамның өз қара басын ғана ойламай, өзгелерге де шапағатын тигізуінің, Алласын ұмытпауының бір мысалы осы болса керек. Ал, енді осы елім деп елеңдеген еңбегі өзіне немен қайтты, қайтып жатыр? Осыған да келсек, екі шақырылым бойы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. «Красноармеец ауданының құрметті азаматы», «Тайынша ауданының еңбек ардагері» атақтарына ие болды. Қазақстан Республикасының үздік рационализаторы болып танылды. «Ерен еңбегі үшін», тағы басқа медальдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің қос Грамотасы мен Алғыс хатының иегері. Есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылып, Қазақстан инженерлерінің бірінші съезіне делегат болды.
Иә, Үкіметтің медаль, атақ-марапаты өз алдына, бәрінен бұрын осы тіршілікте тірнектеп жинаған абырой-беделіңді сол күйінде ұстап, Алла жаратқан адам атына лайық болып жүрсең, сол да шүкіршілік. Оралдың менімен әңгімесінің аяғындағы бір жүрек толғанысы осы болды. Қазір сенен шыққаннан кейін бір шаруамен ауылға барамын дейді. Анадайдан көрінгеннен-ақ, Тапшылым деп тағы бір тебіренер. Осы ауылдың ағалар көшін көркейткен, елдің жүгін көтеріскен бір дарабозы ғой. Сол қасиеті бойынан табыла берсін!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
![]()

