Үкілі үміт
Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Кореядағы Халықаралық роботтар байқауынан жүлдемен оралды.
Жаңа оқу жылының алдында Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы халықаралық Korea WRO Open Championship 2026 байқауында Future Innovators Senior санатында арнайы жүлдеге ие болды. Команда құрамында Қайрат Ескен, Юсуф Мұхамбетқалиев және Даниэль Жақыпов өнер көрсетті. Жобаның жетекшісі Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Алма Елеманова.
Байқауда оқушылар Dombyra Sense жобасын таныстырды. Бұл — микрофон, сенсорлық датчиктер және жасанды интеллект көмегімен музыканттың орындауын нақты уақыт режимінде талдайтын ақылды домбыра. Жүйе орындау кезіндегі қателерді анықтап, бірден визуалды кері байланыс береді.
Жоба жас музыканттарға ұлттық аспапты тезірек меңгеруге көмектесуге, домбыра үйренуді қолжетімді әрі интерактивті етуге, сондай-ақ, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға бағытталған.
Сондықтан, көкшетаулық дарынды оқушылар жеңіп алған Creative Award жүлдесі заманауи технологиялар, жасанды интеллект пен ұлттық мәдениетті ұштастырған команданың инновациялық идеясын халықаралық деңгейде мойындаудың бір көрінісі болды.
Б.СӘКЕН.
![]()

