Сессия
Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз екінші сессиясында облыс аумағында «толық бітіріп берілетін» құрылыс нысандарының тізбесін бекіту, бірқатар мәслихат шешімдеріне түзетулер енгізу мәселелері қаралды және Ақмола облысының жаңа эмблемасы бекітілді.
Сессияға облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов төрағалық етіп, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысты. Сондай-ақ, әлеуметтік сала бағытындағы басқармалардың басшылары, аудандар мен қалалардан сайланған облыстық мәслихат депутаттары онлайн және офлайн форматта қатысқан сессияның күн тәртібіне сай алғашқы мәселе бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев Ақмола облыстық мәслихаты сессиясының 22 шілдедегі шешімімен «толық бітіріп берілетін» екі жобаның тізбесі бекітілгенін атап өтіп, осы тізбені құны шамамен 398 миллиард теңге болатын 47 жобамен толықтыруды ұсынды.
Алғашқы тізбеге Қосшы қаласында 1500 орындық мектепті жобалау және салу, Бурабай кентінде көпфункционалды конгресс-орталығын жобалау және салу жобалары енген еді. Осы жерде «Толық бітіріп берілетін» құрылыс форматы дегенді түсіндіре кетсек, барлық жұмыстар кешенін, атап айтқанда, жобалаудан бастап, құрылысты жүргізу, құрал-жабдықты жеткізудің барлығын бір мердігер орындайды. Бұл формат бойынша жұмыс істеу үшін облыстық мәслихаттың шешімі болуы тиіс. Ал, тізбеге ұсынылған жобалар салалық басқармалардың өтінімдеріне сәйкес енгізілген және іске асыруға «типтік» жобалар емес, архитектуралық тұрғыдан бірегей жобалар таңдап алыныпты, сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберіндегі іс-шаралар аясында ұсынылған жобалар да бар. Соның ішінде Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалалары мен Бурабай, Целиноград, Аршалы, Шортанды, Есіл және Жарқайың аудандарына білім, денсаулық, мәдениет, спорт нысандарын тұрғызу қарастырылған.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Сабыржанұлына депутаттар тарапынан көптеген сауалдар қойылып, тізбеге неге басқа аудандар мен ауылдар енгізілмегені анықталды, бірегей жобаларды алыс елді мекендерге де қарастыру жағы ескертілді.
–Бұл тізбе әлі Үкімет тарапынан бекітілген жоқ. Мемлекет басшысының елімізді құрылыстың қайнаған алаңына айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет тарапынан бізге ұсыныстар жіберу туралы тапсырма келіп түсті. Шұғыл жіберу қажет болған соң, оған әзірге осы 47 жобаны енгізіп отырмыз. Аудандар мен шалғай елді мекендерден ондай ұсыныстар болса, жібере беріңіздер. Әлі бұл жоспар қалай орындалатыны, қандай өзгерістер енгізілетіні белгісіз. Сондықтан, әзірге осы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймыз, – деді бұл ретте, сессия барысында Алтынай Байқадамқызы.
Бұдан әрі Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өз салалары бойынша облыстық мәслихаттың бұған дейін шығарылған кейбір шешімдеріне өзгертулер мен түзетулер енгізу бойынша ұсыныстарын жеткізіп, оның бәрі халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, сессияда Ақмола облысының жаңа эмблемасы да ресми түрде бекітілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

