Жас келсе – іске
Бүгінгі шағын мақаламыздың кейіпкері Әмір Ахметжанов бала кезінен ата-әжесі, бүгінде еңбек ардагерлері, бұрынғы Куропаткино қазіргі Өркен ауылының тұрғындары Амангелді мен Қорлан Ахметжановтардың қолында тәрбиеленген. Жергілікті орта мектепте оқыған.
Жалпы орта білімді Степногорск қаласында алған. Мектепті үздік бағамен аяқтап, Степногорск қаласындағы тау-кен техникалық колледжін «Пайдалы кендерді байыту» мамандығы бойынша үздік бітірген. Қолына диплом алғаннан кейін аталған шаһардағы тау кен-химия комбинатына жұмысқа орналасқан. Қазір кәсіпорында екі жылға тарта орталық өндіріс бөлімшесінде машинист қызметін атқаруда. Еңбек өтілі көп болмаса да, жас маман өзін жауапты, тәртіпті, талпынысы жоғары жұмыскер ретінде көрсете білген.
Әмір жастардың қайсысы болсын өзін мамандығы бойынша оң қырынан көрсетіп, табысқа жетуге талпынатына сенімді. Дегенмен, ол осы жолда, нақтырақ айтқанда, жұмысқа кіріскенде шынайы шеберлікке қол жеткізуге, белгілі бір біліктілік деңгейін бағындыруға оқу барысында алынған білімнің жеткіліксіз болатынын, кәсібиліктің уақыт өте келетінін жете түсінген. Күнделікті еңбек, нақты тәжірибе, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарау, ұдайы жаңашылдыққа ұмтылу да маман болып қалыптасудың негізі екенін де жас өрен тереңінен меңгерген.
Оның айтуынша жұмыс атқару ортасы, өндіріс орны жауапкершілікпен қатар, тәртіптің сақталуын және бірден-бір дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Әр күн жаңа меже, міндеттермен қатар, әртүрлі күтпеген жағдайларды алға тартуы мүмкін. Ал, ол өз кезегінде жаңа машық түрлерін игеруге, жетілдіруге жағдай жасайды. Дәл осылайша білікті ұжым пайда болады.
Әмірдің маман болып қалыптасуында ұжымы ерекше орын алған. Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен әріптестері жылы шыраймен қарсы алып, көмек көрсеткен. Егер қиындықтар орын алса, тәлімгерлері қасынан табылып отырған. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, технологиялық үрдістердің ерекшеліктерін жете түсіндіріп, жұмыс орнына үйренуіне оңтайлы жағдайлар жасаған. Көмек-қолдаудың нәтижесінде ол ұжымда өзін сенімдірек сезінуіне, жаңа жерде тез арада үйренісіп кетуіне жақсы мүмкіндік алған.
Әмір әріптестері мен басшылықтың сеніміне өз ісіңе жете қараумен ғана ие болу мүмкін деп есептейді. Осы себепті ол әрдайым жұмысын өнімді және сапалы атқаруға, қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындауға, өз біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруға тырысады. Ол жауапкершілік, еңбексүйгіштік және дамуға ұмтылыс кәсіби өсудің негізі екеніне толықтай сенімді.
Кәсіпорынның болашағы туралы ой қозғағанда, Әмір қазіргі заманауи өндіріс жаңа технологияларды талап етеді дейді. Оның ойынша өндірістік үрдістерді автоматтандыру еңбекті мейлінше тиімді етіп, аз күшпен мол нәтижеге жетуге, қауіпсіздікті жоғарылатуға мүмкіндік береді. Өзінің кәсіби жоспары туралы ой қозғағанда, Әмір болашақта өзін пайдалы кендерді байыту технологиялық үрдістерін жете меңгерген білікті маман ретінде көргісі келетінін айтты. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін өз біліктілігін арттырып, жаңа машықтарды игеріп, кәсіби деңгейін жоғарылатпақшы. Жас маман талпыныс, өз ісіне берілгендік алға қойған мақсатына жетуіне және өзі жұмыс істеп жүрген Степногорск тау-кен химия комбинатының дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік беретініне шек келтірмейді.
Әмірдің еңбек жолы, үйрену талабы, мамандыққа құрметпен қарауы және ұжымның қолдауы үлкен өндіріс орнында алғашқы қадамдарын сенімді жасап, шынайы еңбек адамы атанудың алғы шарты болады деген сенімдеміз.
Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ.
Степногорск қаласы.
![]()

