Әкім – іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы «Шабыт» көркемөнер мектебінің жаңа ғимаратының техникалық ашылуына қатысып, өнер ордасын аралап көрді.
Жаңа құрылыс 1965 жылы салынған бұрынғы ғимараттың орнына реновация аясында бой көтерді. Ондаған жылдар бойы мектеп облыс орталығының мәдени өмірінің маңызды бір бөлігі болып, жас суретшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Алайда, уақыт өте келе бұрынғы ғимарат білім беру үдерісін ұйымдастыруға, қауіпсіздік пен жайлылыққа қойылатын осы заманғы талаптарға сәйкес келмеді.
Жобаны іске асыру алдында мамандар техникалық тексеру жүргізді. Нәтижесінде ғимараттың бірқатар ақаулары, көтергіш конструкцияларының қанағаттанарлықсыз жағдайы және инженерлік желілерді ауыстыру қажеттілігі анықталды.
Жаңа ғимараттың құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 11 ай ішінде аяқталды. 360 оқушыға арналған мектепте шеберханалар мен оқу кабинеттері, көрме залы, күту орындары, терраса және оқу үдерісіне қажетті өзге де бөлмелер қарастырылған. Панорамалық терезелер табиғи жарықтың мол түсуін қамтамасыз етеді. Мұның әсіресе, сурет пен кескіндеме сабақтары үшін маңызы зор. Жобалау барысында балалардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да ескерілді.
Мұнда балалар сурет, кескіндеме, композиция, мүсін, бейнелеу өнерінің тарихы және компьютерлік графика пәндерін меңгереді.
Мектеп директоры Юлия Желобкованың айтуынша, жаңа мектепті жобалау кезінде педагогикалық ұжымның ұсыныстары ескеріліп, материалдық-техникалық база толығымен дерлік жаңартылды.
– Бұл тұрғыда біздің барлық тілегіміз ескерілді. Бөлмелердің биіктігі, эргономикасы мен жарықтандырылуы жағынан бұл ғимаратты Өнер академиясымен салыстыруға болады. Мұнда барлық қажетті кабинеттер мен шеберханаларды орналастыра алдық, жабдықтардың басым бөлігі жаңадан сатып алынды. Бұрын мұндайды көрмеген балалардың таңданысы мен қуанышында шек жоқ, – деді ол.
Мектепті аралау барысында Марат Ахметжанов оқушылар мен ұстаздарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы атап өткеніндей, өнер, шығармашылық пен білім елімізді тек алға бастайды. Дәл осындай ортада балалардың адами әлеуеті қалыптасып, қабілеті ашылып, дүниетанымы кеңейеді және жан-жақты дамыған тұлға тәрбиеленеді. Сондықтан, біздің міндетіміз – жас ұрпақтың сапалы білім алып, шығармашылықпен айналысуына және өз талантын жүзеге асыруына барлық жағдай жасау. Осы мектеп қабырғасынан Ақмола облысы мен бүкіл Қазақстанды әлемге танытатын болашақ танымал суретшілердің шығуына тілектеспін, – деді бұл орайда, облыс әкімі.
Жоба үйлестіруімен инвестициялық модель аясында «KOKSHE» ӘКК» АҚ-ның және Ақмола облысы әкімінің жеке бақылауымен жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру туралы шешім алдын ала қоғам өкілдерімен талқыланған болатын.
Салтанатты шарада мектепті қолдау аясында Марат Ахметжанов ұжымға заманауи модификацияланған автобус алуға сертификат тапсырды. Жаңа көлік оқушылар мен педагогтардың көрмелер мен байқауларға, басқа да шығармашылық шараларға жайлы қатынауына мүмкіндік береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

