Өңірлерді дамыту
Ақмола облысы еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында көлік қатынасын қамтамасыз етуде маңызды орын алады.
Өйткені, облыс аумағы арқылы халықаралық көлік дәліздеріне шығаратын Астана – Қарағанды, Астана – Петропавл, Астана –Павлодар және басқа да жол қатынастары іске асырылады.
Биыл облыстағы автомобиль жолдарын салуға және жөндеуге шамамен 72 миллиард теңге қаржы қарастырылып, соның ішінде 400 шақырымға жуық жолды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу көзделген.
Осыған байланысты республикалық маңызы бар жолдарда да бірқатар учаскелерді жөндеу жобалары іске асырылуда. Солардың бірі Екатеринбург – Алматы автожолының Жақсы және Есіл аудандары арасындағы учаскесінде 30 шақырымға жуық жол жаңартылды. Атап айтқанда, осы аралыққа асфальт жабындысы төселіп, жол жиектері нығайтылды және жол таңбалары мен белгілері қойылды. Бұл жұмысқа 50-ге жуық адам және 30 арнайы техника жұмылдырылды. Жөнделген учаске зертханалық сынақтардан сәтті өтті. Сондықтан, жолды пайдалануға беру осы айға жоспарланып отыр. Осы ретте, бұл жол бөлігінде көлік қозғалысының қарқыны жоғары екендігін де айта кетуіміз керек. Мұнда тәулігіне шамамен 5 мың автокөлік өтетін болса, оның 3 мыңға жуығы жүк көліктері. Бұл төселген жолдың жай-күйіне де көп салмақ түсіретіні белгілі. Бірақ, басқа амал жоқ.
Сондай-ақ, биыл Есіл, Жақсы және Ерейментау аудандарындағы жолдарға да күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, ұзындығы 58 шақырым болатын Жақсы – Чистополье автожолы жөнделіп, Жақсы – Есіл – Бұзылық автожолында көпір құрылысы жүргізілу үстінде.
Облыста жергілікті маңызы бар жолдар да осындай жаңарту жұмыстарынан шет қалмауда. Олардың қатарында Ақкөл – Азат – Новорыбинка, Көкшетау – Рузаевка – Васильковка, Еленовка –Чистополье – Есіл, Бұзылық – Алматы бағыттарындағы жолдар, сондай-ақ, Торғай ауылына кіреберіс жол бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сурет informburo.kz сайтынан.
![]()

