Ынтымақтастық
Үндістанның Ченнай қаласында екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары және іскер топтарының өкілдерін біріктірген «Қазақстан – Үндістан 2026» бизнес-форумы өтіп, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов бастаап барған делегация үндістандық компаниялармен бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойды.
Үш жүзден астам делегат қатысқан бизнес-форумда Ақмола облысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен перспективалы ынтымақтастық бағыттарын таныстырды.
Қазақстан өңірлерінің инвестициялық әлеуетіне арналған «Focus Kazakhstan: Discovering Regional Opportunities» панельдік сессиясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңір мен Үндістанның бірқатар штаттарының даму бағыттарында ұқсастық бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Ақмола облысы елорда мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып, астық және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша жетекші өңірлердің бірі саналады. Сонымен қатар, облыста тау-кен металлургия кешені мен жасыл энергетика салалары дамып келеді.
– Біз Үндістанмен ынтымақтастықтың ең жоғары әлеуетін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, өндірісті оқшаулау және жабдықтар шығару, сондай-ақ туризм, логистика және инфрақұрылым салаларынан көріп отырмыз. Біз үшін форум қорытындысы жаңа таныстықтармен ғана шектелмей, нақты жобалар, серіктестер және алдағы қадамдар тізбесімен бекітілуі маңызды, – деді Ернар Жаркешов.
Іс-шараның практикалық нәтижелерінің бірі – үндістандық компаниялармен бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол жеткізу болды. Атап айтқанда, облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін «ECO-Dump» ЖШС үндістандық Green City Biotech және Enhanced Bio Fuels and Technologies Pvt. Ltd. компанияларымен меморандумдарға қол қойды. Тараптар Қазақстанда биологиялық отын мен био тыңайтқыштар өндіру, заманауи агротехнологияларды енгізу, деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру және биомассаны қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Kazrost Engineering Ltd және Aqmola Beton Industry өнеркәсіптік компаниялары әлемдегі ірі трактор өндірушілердің бірі саналатын үндістандық TAFE компаниясымен ынтымақтастық орнату жөнінде уағдаласты. Тараптар үндістандық брендтердің заманауи тракторларын Қазақстан нарығына арналған жергілікті өндірісті жолға қоюды көздеп отыр.
Форумда балалар мен жасөспірімдер туризмі саласында да жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік жасалды. Қазақстан Республикасының 200-ге жуық ұйымын біріктіретін Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы қауымдастығы үндістандық Blueberry Travel Group туристік операторымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім Қазақстандық балалар, оқушылар мен жастарға арналған білім беру, мәдени және спорттық сапарларды бірлесіп ұйымдастыруға, сондай-ақ, Үндістаннан балалар мен жастар топтарын Қазақстанда қабылдауға негіз қалайды. Тараптар туристік бағдарламалар мен бағыттарды бірлесіп әзірлеуді де жоспарлап отыр.
Білім беру саласы да ынтымақтастықтың маңызды тармағына айналды. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Ченнайдағы белгілі дербес жоғары оқу орындарының бірі – Saveetha Institute of Medical and Technical Sciences институтымен меморандум жасасты. Меморандум академиялық және ғылыми ынтымақтастықты, оның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасуын, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруды, сондай-ақ, академиялық ұтқырлықты дамытуды көздейді.
Жалпы, Ақмола облысы жоғары инвестициялық белсенділігін сақтап отыр. 2026 жылы өңірде жалпы құны 392 миллиард теңгені құрайтын, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 158 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Жаңа өндірістер үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту мақсатында республикалық маңызы бар AQMOLA индустриялық аймағы және үш өңірлік индустриялық аймақ – Көкшетау және Степногорск қалаларында, сондай-ақ, Зеренді ауданында жұмыс істейді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

