Көкшетау. «Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалы ұжымы Сүйек кемігі донорларының дүниежүзілік күніне орай ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына қатысып, қан тапсырды.
Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың қан және қан түзуші дің жасушалары донорлығы туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ ерікті донорлық мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шара аясында партия қызметкерлері мен белсенділері Облыстық қан орталығында қан тапсырды. Акцияны «Әділет» партиясы, Invictus GO Көкшетау фитнес-клубы және Облыстық қан орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
«Донорлық – қарапайым болғанымен, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін аса маңызды іс. Біз үшін әлеуметтік жауапкершілік туралы айтып қана қоймай, оны өз ісімізбен көрсету маңызды. Бүгін әріптестеріміз игі іске бірігіп, қан тапсырды. Осындай бастамалар қоғамдағы жауапкершілік пен өзара көмек құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.
Акция барысында донорлық қозғалысты көп жылдан бері қолдап келе жатқан азаматтардың жеке үлгісіне де ерекше назар аударылды.
«Әділет» партиясының белсенді мүшесі Бауржан Ибраев 20 жылға жуық уақыт бойы донор болып келеді. Осы уақыт аралығында ол 90 рет қан тапсырған. Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін Бауржан Ибраев арнайы медальмен марапатталған.
«Мен үшін донорлық – ең алдымен адамдар алдындағы жауапкершілік. Қанымның біреуге қиын сәтте көмек болуы мүмкін екенін түсінгенде, қан тапсыру немесе тапсырмау туралы мәселе ешқашан туындаған емес. 20 жылға жуық уақыт ішінде 90 рет қан тапсырдым. Әр жолы бұл ісімнің бекер емес екенін түсінемін. Партия мүшелерін және өңірдің барлық тұрғындарын бейжай қалмауға шақырамын. Егер біреуге көмектесуге мүмкіндік болса, көмектесу керек», – деді Бауржан Ибраев.
Партия өкілдерінің айтуынша, қан донорлығы – медициналық көмекке мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетудің қолжетімді жолдарының бірі. Азаматтардың донорлық акцияларға тұрақты қатысуы қан компоненттерінің қажетті қорын қалыптастыруға және пациенттерге дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Акция аясында сүйек кемігі мен қан түзуші дің жасушалары донорлығы мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Ықтимал донор тиісті регистрге тіркеле алады. Егер пациентпен генетикалық сәйкестік анықталған жағдайда, донорға қосымша медициналық тексеруден өтіп, нақты пациентке донор болу ұсынылуы мүмкін.
«Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалы тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдауға және мүмкіндік болған жағдайда донор болуға шақырады.
Бірге көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Донорлық – біреудің өмірі мен үмітіне қосқан үлес.
![]()

