Ауданда жетіспей келе жатқан медициналық кадрларды тұрақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін олардың кәсіби қызмет атқаруына және тұруына қажетті жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бүгінде бұл өңірде аудандық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт және фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. 2025 жылы ауданның медициналық ұйымдарына жұмысқа 8 маман келсе, 2026 жылдың басынан бері тағы 9 медицина қызметкері жұмысқа орналасты. Олардың қатарында фельдшерлер, медбикелер, жалпы практика дәрігері, сондай-ақ6 резидентурада білім алып жүрген хирург бар. Көршілес Қостанай облысынан Арқалық медициналық колледжін тәмамдағаннан бірнеше жас маман да алғашқы еңбек жолын осы ауданда бастағанды жөн көрген.
Сондай жас мамандардың бірі Алсу Исенова биыл Қарағанды медициналық университетін «Жалпы дәрігерлік практика» мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде аудан орталығы Державинск қаласында еңбек етіп жүр.
– Мен ауданның Гастелло ауылының тумасымын. Университетті тәмамдағаннан кейін өз туған жерімде жұмыс істегім келді. Осында туып-өскендіктен, жерлестеріме өз пайдамды тигізіп, алған білімімді нақты істе қолданып көрудің мен үшін маңызы зор, – дейді Алсу.
Жұмысқа келген жас мамандарға қажетті тұрмыстық жағдай жасау мәселесіне келсек, оларға мүмкіндігінше жаңадан пәтерлер беріледі немесе жатақханамен қамтамасыз етілуде.
Осылайша аудандағы ең бір өткір мәселені шешу халықтың денсаулығын қорғау ісіне де өз оң әсерін тигізіп, саладағы жағдайды ептеп жақсартып келеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Жарқайың ауданы.
![]()

