Жаңа оқу жылы басталып, облыс орталығына өңірімізден және өзге де аймақтардан студенттер келіп, білім ордаларына қадам басуда.
Осыған орай, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінің бірінші курс студенттеріне арналған «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары мен құқықтық кездесулер өткізілді.
Маңызды іс-шараға Ақмола облыстық полиция департаменті мен Көкшетау қаласының полиция басқармасының, прокуратура, ювеналды полиция, жол патрульдік полициясы, киберқауіпсіздік және есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері қатысып, жастарға қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы жан-жақты мағлұматтар берді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін нығайтып, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру, құқықтық теңдікті қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау.
Жиын барысында жастар арасындағы құқық бұзушылық пен заңға қайшы келетін әрекеттердің алдын алу тақырыптары жан-жақты қозғалып қана қоймай, студенттер мен құқық қорғау органы өкілдері арасында еркін форматта ашық диалог алаңы жүзеге асырылды. Басқосуда сонымен қатар, есірткі қылмыстарына тарту тәсілдері мен оның қауіп-қатеріне ерекше назар аударылды.
– Жасөспірімдер «курьер болып жұмыс істе», «бір затты апарып бер», «ештеңе болмайды», «бәрі заңды» деген сияқты ұсыныстардың артында ауыр заңсыз әрекеттер мен қатаң жаза тұрғанын ұмытпаған жөн. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, – деді облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Құрсанова.
Өз кезегінде облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Ақжайық Қоныс мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп мен отаншылдық аса қажет екенін атап өтті.
– Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің басты кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуынан бастау алады. Бүгінгі өткізіліп жатқан кездесудің жастар мен жасөспірімдерге берері мол. Алдағы уақытта өзге де оқу орындарында аталмыш бағдарлама аясында кездесулер ұйымдастыру жоспарланған, – деді ол.
Шара соңында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, құқық қорғау органдары мен мамандардан сапалы әрі нақты жауаптар алды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда жастардың бойында құқықтық сана мен патриотизмді қалыптастыру бағытындағы мұндай бастамалардың маңызы зор. Алдағы уақытта осындай танымдық кездесулер басқа да білім ошақтарында жалғасын таппақшы.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

