Санавиация халық игілігі үшін

Шалғай елді мекендердегі тұрғындар мен ауыр науқастар үшін сапалы әрі білікті медициналық көмекке қол жеткізу – өзекті мәселе. Бұл бағытта Ақмола облыстық санитарлық авиация қызметі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп, өңірдегі бірқатар елді мекен тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетіп келеді.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше,  ағымдағы жылдың сегіз айында санитарлық авиация қызметіне 300 өтініш түсіп, тұрғындарға 318 медициналық көмек көрсетілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызмет көлемінің артқанын көрсетіп отыр.

Санитарлық авиация жұмысы аудандық жедел жәрдем шақыртуынан басталады. Алдымен, жергілікті дәрігерлер науқастың жағдайын бағалап, қажетті алғашқы медициналық көмекті көрсетеді. Егер жоғары білікті дәрігердің кеңесі немесе қосымша медициналық көмегі қажет болса, санитарлық авиация бригадасы шақырылады.

– Медициналық авиация Ақмола облысының шалғай елді мекендеріне шұғыл медициналық көмек көрсету үшін шығады. Бұл жоғары білікті мамандардың кеңесі немесе науқасты шұғыл медициналық мекемеге тасымалдау қажет болған жағдайда жүзеге асырылады. Биылғы жылғы шұғыл шақыртулардың 19-ы әуе көлігімен орындалды. Сонымен қатар, 81 медициналық кеңес беріліп, 46 шұғыл операция жасалды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Смағұлова.

Оның айтуынша, әр шақыртуға науқастың жағдайына қарай жеке медициналық топ жасақталады. Бригада қысқа уақыт ішінде жолға шығып, қажетті медициналық көмекті оқиға орнында көрсетеді.

Бұл медициналық қызмет көрсетудің негізгі бағыты – ауыр жағдайдағы науқастарды облыс орталығына жеткізу. Сегіз ай ішінде мұндай тасымалдау 205 рет жүргізілген. Әрбір тасымалдау кезінде науқастың жағдайын бақылау үшін анестезиолог-реаниматолог бірге жүреді.

Науқастың орналасқан жерінде шұғыл операциялар мен медициналық консультациялар өткізу санитариялық авиацияның тағы бір маңызды тұсы.

Ақмола облысының штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Индира Сарыбаеваның айтуынша, мамандар жолға шығар алдында науқастың жағдайы туралы толық ақпаратқа қол жеткізеді.

– Егер науқас ауыр жағдайда болса, алдымен консультация жүргіземіз. Науқас бізге берілгеннен кейін де оның жағдайын жол бойы бақылауда ұстаймыз. Егер тасымалдауға жағдайы келсе, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткіземіз. Ал, жағдайы тұрақсыз болса, бригадамен бірге қалып, қажетті көмекті сол жерде көрсетеміз. Кей жағдайда нейрохирург, травматолог немесе хирург мамандарымен бірге барып, науқастың жағдайын тұрақтандырғаннан кейін ғана тасымалдай аламыз, – дейді ол.

Биылғы жаз айларында санитарлық авиацияға түсетін жүктеме, әсіресе, Бурабай ауданында жоғары болған. Бұған курорттық аймаққа келетін демалушылардың көптігі себеп болған. Осы қорытындылар бойынша Бурабай ауданында санитарлық авиация қызметіне 83 өтініш түсіп, 91 медициналық қызмет көрсетілген.

Степногорск қаласында да санитарлық авиация қызметіне сұраныс жоғары болған. Мұнда да 42 өтініш бойынша 42 медициналық қызмет көрсетілген.

Бүгінде өңірде жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында басқа да жұмыстар жүргізілуде. Аудандар мен ауылдарға медицина мамандарын тарту, медициналық пункттерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.

Мұндай шаралардың нәтижесі де байқалады. Мәселен, бұған дейін Атбасар қаласына санитарлық авиация мамандары жиі шақырылса, бүгінде аудан медицинасының кадрлық және техникалық мүмкіндігі күшейіп, жергілікті мамандар ауыр жағдайлардың бірқатарын өздері шеше алатын жағдайға жеткен.

Санитарлық авиация қызметі уақытты жоғалтпай, науқасқа қажетті медициналық көмекті дер кезінде жеткізу болып табылады. Әсіресе, шалғай елді мекендер мен курорттық аймақтар үшін бұл қызметтің маңызы артып келеді. Тәулік бойы дайын тұрған мамандардың еңбегі талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруде.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар