Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау және Дүниежүзілік тазалық күніне орай Ақкөл қаласында ұйымдастырылған экологиялық акцияға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Іс-шараға өңіріміздің 40 мыңға жуық белсендісі, еріктілері, мектеп оқушылары мен қоршаған ортаға бейжай қарамайтын тұрғындары атсалысты.
Өңір басшысы акцияға қатысушылармен бірге Ақкөл қаласындағы саябақтың аллеяларына ағаш көшеттерін отырғызып, аумақты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы табиғатқа деген құрметтің және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын көрінісіне айналып отыр. Қоршаған ортаға қамқорлық жасау – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бүгін ағаш отырғызу арқылы біз туған өлкемізді көркейтіп қана қоймай, оны келер ұрпаққа мұра етіп қалдырамыз. Осындай бастамалар тұрғындарды біріктіріп, жастардың табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруы маңызды, – деді Марат Ахметжанов.
Осы күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында аумақтарды санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Акцияға қатысушылар қарағай, шырша, терек, қайың, үйеңкі, балқарағай және түрлі бұталардың 4,6 мыңнан астам көшетін отырғызды.
–Қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау жай ғана міндет емес, әр адамның күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Мен үшін «Таза Қазақстан» – ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік және қоршаған ортаны жақсартуға деген шынайы ниет, – деді ерікті Жолбарыс Қыпшақпай.
Өңірде экологиялық бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл 2,8 мың гектар аумаққа 16 миллионға жуық ағаш отырғызылды. Ал, 2021–2025 жылдары Ақмола облысында 11 мың гектар аумаққа 74 миллион көшет егілді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

