Депутаттық корпус атынан сіздерді Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда Еңбек күні атап өтіледі. Бұл мереке кәсіпорындар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуін, әлеуметтік саланың дамуы мен ел экономикасының нығаюын қамтамасыз ететін еңбек адамдарына арналады.
Өткен жыл Мемлекет басшысының шешімімен Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Жыл бойы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, еңбек құндылықтарын дәріптеуге, кәсіби құзыреттерді дамытуға және еңбек адамдарының еңбегін бағалауға ерекше көңіл бөлінді. Биыл да бұл жұмыс еңбек адамының мәртебесін арттырып, кәсіби құзыреттерді дамытуға және жұмысшы мамандықтарды одан әрі танымал етуге баса назар аудара отырып жалғасуда. Білікті еңбектің лайықты бағалануына жағдай жасап, жастардың сұранысқа ие мамандықтарды игеруге деген қызығушылығын арттыру маңызды.
Ақмола облысы қазіргі экономикаға қажетті бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап отырған колледждерімен, сондай-ақ өз ісіне адал, туған жеріне шынайы жанашыр азаматтарымен мақтана алады. Олардың кәсіби шеберлігі мен күнделікті адал еңбегі өңірдің дамуына елеулі үлес қосып, жас ұрпаққа өнеге болып келеді.
Қазақстанның бүгіні мен болашағына адал әрі жасампаз еңбегімен үлес қосып, кәсібилігі мен жауапкершілігі арқылы туған өлкенің экономикасы мен әл-ауқатын арттыруға атсалысып жүрген әрбір азаматқа алғысымды білдіремін.
Осы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасылық амандық, тұрақтылық және еңбекте толағай табыс тілеймін! Кәсіби жолдарыңыз жаңа жетістіктерге толы болып, еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, абырой мен қанағат сезімін және жемісті нәтижелер әкелсін!
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

