Еңбекпен өрілген өмір

27 қыркүйек – Еңбек күні

Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтіледі. Осы мерекеге орай, қоғамның алға жылжуына өзінің маңдай терімен үлес қосып, өз кәсібіне адалдық танытып жүрген еңбек адамдарын елеп, бірқатар азаматпен тілдесіп, еңбектің қадірі мен маңызын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген едік.

Еңбек  адамды шыңдайды. Еңбекпен келген нанның да, жетістіктің де жөні бір бөлек. Бүгінде ел ішінде осындай адал еңбегімен ерекшеленіп жүрген жандар аз емес. Еңбектің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы кез келген әулет үшін үлкен мақтаныш. Осындай өнегелі әулеттердің бірі Гранкиндер әулеті десек, артық айтпаспыз. Бұл әулетте әке мен қызы және немересі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Олардың осы саладағы жалпы еңбек өтілі 26 жылды құрайды. Бүгінде олар Бұланды ауданындағы «ХПП Арна» серіктестігінде еңбек етеді. Олар жақында ғана республикалық «Еңбек жолы» байқауында «Үздік еңбек әулеті» атанды. Бұл  әулеттің басты ерекшелігі еңбекті тек кәсіп көзі емес, отбасылық дәстүр ретінде санайтындығында болса керек.  Сондықтан, бұл отбасының үздік атануын олардың еңбегіне берілген лайықты баға деп санаймыз.

Ал, Степногорск қаласының тумасы Әли Тілеубаев 2001 жылы дүниеге келіп,  Ақсу орта мектебін бітіргеннен кейін, Қарағанды техникалық университетінде «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша білім алды. Университетті үздік тәмамдаған жас маман бүгінде өндіріс саласында еңбек етіп жүр. Бүгінде «Алтыналмас» АҚ-да бұрғылау жұмыстарының шеберінің бойындағы өз ісіне жауапкершілік пен кәсіби өсуге деген талпыныс оның басты қасиеттерінің бірі. Ол да жоғарыдағы аталған байқауда «Үздік жас өндіріс қызметкері» аталымы бойынша I орынды жеңіп алды.  Расында да жастарымыздың осындай жетістігі еңбекке енді араласқан қатарластарына да үлгі болатындығы даусыз. Себебі, кез келген биік нәтиже бір күнде келмейді. Оның артында қаншама біліммен қатар үнемі ізденіс, тәжірибе мен өз ісіне деген жауапкершіліктің тұратыны айдан анық.

Еңбек адамы туралы сөз болғанда, өмірінің басым бөлігін ауыл шаруашылығына арнаған азаматтарды айтпай кету мүмкін емес.

Солардың бірі Сейдіғалым Бахатов дер едік. Ол 1960 жылы Бүйректал ауылында дүниеге келген. Ауылдың тыныс-тіршілігін бала кезінен көріп өскен Сейдіғалым Қалуұлы еңбекке ерте араласып, бар өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстырып, әсіресе, мал шаруашылығына бар ғұмырын арнаған азамат.

Жастық шағынан техниканың тілін түсініп, ауыл шаруашылығына қажетті кәсіпті игерген ол кәсіби механизатор мамандығын меңгерген соң, 1979 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына шақырылды. Екі жылдан кейін елге оралып, еңбек жолын қайта жалғастырды. Оның алғашқы жұмыс орны Жарқайың ауданындағы «Маяк» совхозы болды. Ауылдағы малшының тіршілігі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның өзіндік қиындығы жетерлік. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы, төрт түліктің жағдайы бәрі де еңбеккерден төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді.

Сейдіғалым Қалуұлы осындай жұмысты жылдар бойы атқарып, мал шаруашылығының қыр-сырын тәжірибе арқылы меңгерді.

Кейін «Уәлиханов» совхозында төрт-бес жыл еңбек етіп, қосымша ауылдағы ағайынның малын да бағып, қолынан келген көмегін көрсетті.

Содан соң, еңбек жолы  «Костычево» серіктестігінде жалғасып, бордақыдағы малдарды күтіп-баптау жұмысына жауапты болды. Осылайша, оның мал шаруашылығындағы еңбек өтілі 30 жылдан асып, ауыл тіршілігімен біте қайнасты. Сөйтіп, 2023 жылы ол ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде зейнеткерлікке шықты. Бірақ, еңбекке әбден үйренген азаматтың қол қусырып отыруы қиын еді. Бүгінде ол Костычево ауылында жеке шаруашылықтың малын бағып, ауыл тіршілігіне араласуын жалғастырып келеді.

Оның отбасы да өміріндегі үлкен тірегі екені сөзсіз. Бір қызы бар. Бүгінде қызы отбасын құрып, Астана қаласында тұрады. Немере-жиеннің қызығын көріп отырған ардақты әке, қадірлі ата үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!

Адамның өміріндегі ең үлкен марапаттың бірі  артында жақсы сөз, өнегелі іс қалдыру емес пе? Сейдіғалым Қалуұлының ғұмыр жолы да осындай қарапайым, бірақ, мағыналы еңбекпен өрілген деп айтуға толық дәлеліміз бар.

Еңбекпен адам өз отбасын асырайды, елге қызмет етеді, қоғамның дамуына үлес қосады. Біреудің еңбегі өндірісте көрінсе, енді бірінікі ауылда, мал шаруашылығында, егін даласында немесе техниканың қасында атқарылады.

Еңбек күні осындай жандарды еске алып, олардың еңбегіне тағзым етуге мүмкіндік беріп отыр. Ендеше, еңбекті бағалайық, еңбек адамын құрметтейік. Себебі, елдің ертеңін қалыптастыратын да, бүгінін алға сүйрейтін де осы маңдай термен атқарылған адал еңбек екені сөзсіз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар