Ауданаралық ауруханадағы соны серпін

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Ақмола облысының Атбасар ауданында болғанында тұрғындармен кездесіп, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде жаңартудан өткен Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасына барды.

Бес бірдей ауданның тұрғындары енді облыс орталығына бармай-ақ, күрделі оталар мен медициналық көмекті осында ала алады. Соның ішінде Атбасар ауданының орталық ауруханасы ауқымды жаңғыртудан өтті. Бұрын тұрғындар екі сағаттан астам уақыт жол жүріп, облыс орталығына баратын медициналық қызметтер бүгінде ауданның өзінде қолжетімді болып отыр. Елорда мен Алматыдан, өзге де өңірлерден білікті жас мамандар келіп, компьютерлік томограф, ангиограф қондырғылары толық қуатында жұмыс істеуде.  Бүгінде мұнда 85 дәрігер еңбек етеді. Мамандарға, оның ішінде бұған дейін тапшылық болған бағыттар бойынша қажеттілік толық қамтамасыз етілді.

– Еліміз бойынша өмір сүру ұзақтығы 75 жас 7 айға жетті, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ал, Ақмола облысында бұл меже 75,5 жасты құрап, тұрақты өсім байқалады. Біз үшін ең маңызды бағыттың бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау және бала өлімін азайту. Сонымен қатар, елімізде балалардың ерте дамуы мен оңалтуына арналған 336 орталық ашылып, нәрестелердегі даму кемістіктерін ерте анықтау 21 пайызға артты, – деді министр.

Атбасардағы аурухананың бас ғимараты 1,1 миллиард теңгеге, ал, балалар корпусы 550 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Қазіргі таңда МРТ аппараты орнатылатын жаңа ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Қондырғылар келер жылы алынады.

Бүгінде аталған емдеу нысаны бес бірдей ауданды қамтитын ірі өңірлік медициналық хабқа айналған. Атап айтқанда, медициналық мекеме Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың және Сандықтау аудандарының тұрғындарын қабылдайды. Мұнда тіркелген 106 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі. Емдеу мекемесіне заманауи ангиограф қондырғысы орнатылып, ақпан айынан бері 120-дан аса күрделі ота сәтті жасалған. Бұрын аудандық деңгейде болмаған нейро, кардиохирургия, балалар хирургиясы мен травматологиясы, нефрология, эндокринология сынды жаңа бейіндер ашылып, тұрғындардың Көкшетау немесе Астана қалаларына бармай-ақ, жергілікті жерде білікті көмек алуына толық жағдай жасалды.

– Қазіргі уақытта өз қаражатымыз есебінен емхана мен жұқпалы аурулар бөлімшесіне ағымдағы жөндеу жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, демеушілер ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын тегін әзірлеп жатыр. Бұған қоса, 19 төсектік кардиология және 6 төсектік эндоваскулярлық хирургия бөлімшесін ашып, аурухана жанынан шағын инвазивті кардиоорталық жасақтаудамыз, – дейді Атбасар ауданаралық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Самат Исламов.

Мекемедегі дәрігер кадрларының мәселесі де оң шешімін тауып, штат 100 пайыз жасақталды. Соңғы екі жылда ауруханаға 51 жас және салалық маман жұмысқа қабылданған. Олардың әрқайсысына 8,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және мекеме балансындағы 42 қызметтік пәтерден баспана берілді. Сонымен бірге, дәрігерлерге жылдық 9 пайызбен жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама да қарастырылған.

–  Әйелдер өңірлендіру қағидаты бойынша қабылданады. Бізге негізінен созылмалы сырқаты асқынбаған жүкті әйелдер түседі. Сондықтан, босану көбіне асқынусыз өтеді. Дегенмен, шұғыл көмек қажет ететін жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде шала туу қаупі бар немесе ауыр патологиясы бар аналарға дер кезінде көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, штатта 2 тәжірибелі нәрестелер дәрігері, яғни, неонатолог бар. Олар шала туған немесе жағдайы күрделі сәбилерге барлық қажетті медициналық көмекті көрсетеді, – дейді «Ана мен бала» бөлімшесінің меңгерушісі Ләйлә Мырзабекова.

Министр босандыру бөлімшесіндегі жас аналармен әңгімелесіп, жаңа туған нәрестелерге сыйлықтар үлестірді. Айта кетейік, «Ана мен бала» бөлімшесі былтыр күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылған. Мұнда жүкті әйелдерге барлық жағдай жасалғаны туралы пікір білдірді.

– Алдымен, облыстық ауруханада болдым. Осы жерде де дәрігерлердің қадағалауында бір аптадай жаттым, олар баланың қозғалысын бақылады. Бізде бала теріс қарап тұрғандықтан, кесарь тілігін жасауды жөн көрді. Әрине, бастапқыда қорықтым, өйткені, бұған дейінгі екеуін өзім дүниеге әкелген едім. Бірақ, дәрігерлер барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, сабырға шақырды. Сонымен, ұлымыз өмірге келді. Салмағы аздау болғанымен, бәрі жақсы. Мұндағы қызметкерлер өте жақсы, мейірбике қыздар кәсіби кеңестерін жақсы түсіндіреді, үнемі келіп, бақылап тұрады, барынша көмектеседі, – деп жылы лебізін жеткізді үшінші нәрестесін дүниеге әкелген жас ана Надежда Ильчук.

Бүгінде бөлімшеде ай сайын 30-ға жуық келіншек сәбиін өмірге әкеледі. Штатта 6 акушер-гинеколог, 7 акушер және 6 мейірбике еңбек етеді. Бөлімшеде жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия палатасы жұмыс істейді. Мұнда көбінесе шала туған сәбилер дәрігерлердің бақылауында болады.

– Биыл уақытында туған балалардың арасында ауыр жағдайлар тіркелген жоқ, бәрі дүниеге сау келді. Неонатологтар шала туған нәрестелерге қажетті көмек көрсетіп, аса күрделі жағдай туындағанда санитарлық авиация мамандарын шақырады, – деді Ләйлә Мырзабекова.

Сапар барысында Ақмарал Әлназарова медицина ұжымымен аурухананы одан әрі дамыту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

– Дәрі-дәрмекпен қамту саласында да нақты қадамдар жасалды. Баға белгілеу тетігі қайта қаралып, дәрілердің 60 пайызға жуығының құны 20-30 пайызға дейін арзандады. Елімізде азаймайтын дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Толық цифрландыру мен таңбалау жүйесі енгізіліп, көлеңкелі айналым мен дәрілерді заңсыз есептен шығару фактілері 20 есеге қысқарды, – деп, министр өз сөзінде денсаулық сақтау саласындағы жағымды жаңалықпен бөлісті.

Кездесу соңында медицина саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, азаматтардың өмірін сақтап қалуға үлес қосқан жергілікті бірқатар дәрігерлер мен орта буын мамандарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар