5 қазан – Мұғалім күні
Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Ал, сол екеуін қатар ұстап, дарынды жастың талабын ұштап, ұлттық рухын қалыптастыру ұстаздар алдындағы үлкен жауапкершілік. 1963 жылдан бері талай буынға білім нәрін берген Абай атындағы №3 «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты бүгінде осы ұстанымды жаңа заман талаптарымен ұштастырып келеді. Мұнда оқушының пәндік білімімен қатар, ғылыми ізденісіне, шығармашылық қабілетіне, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне ерекше мән беріледі.
Соңғы үш жылда мектеп шәкірттерінің халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда 371 жүлделі орынға ие болуы, республиканың «100 үздік олимпиадалық мектебі» қатарынан көрінуі, халықаралық олимпиадалар мен робототехника жарыстарындағы жеңістері мектеп ұжымының салмақты еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Біз өз кезегімізде алда келе жатқан 5 қазан – Мұғалім күні мерекесі қарсаңында мектеп директоры Анаргүл Назымбекқызы Құрмашевамен жолығып, осы жетістіктердің сыры мен жалпы мектеп тынысы туралы әңгімесін жазып алған едік.
–Қадірлі Анаргүл Назымбекқызы, сұхбатымызды тарихы жарты ғасырдан әлдеқашан асқан мектеп-интернатының бүгінгі басты ұстанымынан бастасақ…
–Иә, мектебіміздің тарихы сонау 1963 жылдан бастау алады. Содан бері білім ордасы талай буынға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Бүгінгі басты ұстанымымыз – заман талабына сай білім бере отырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елін сүйетін, ойы озық, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыру. Мектептің миссиясы да озық ойлы, ұлтжанды жеке тұлғаны тәрбиелеу, жас ұрпақты Абайдың «Толық адам» іліміне бағыттау сияқты мақсатпен сабақтасып жатыр. Біз үшін білім мен тәрбие бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым.
–Ғұлама Абайдың есімін иеленген білім ошағында оның «Толық адам» концепциясын мектеп өмірінде қалай жүзеге асырып жүрсіздер?
–Бұл ойды Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым деген бес асыл ісімен де сабақтастыруға болады. Яғни, «Толық адам» өзінің жеке басын ғана ойламайтын, білімге ұмтылатын, еңбек ететін, әділеттілікті бағалайтын, айналасына жақсылық жасауға талпынатын тұлға. Абайдың бұл ұстанымы бүгінгі білім беру жүйесі үшін де маңызды болып отыр. Өйткені, қазіргі мектептің міндеті тек олимпиада жеңімпазын немесе жоғары балл жинайтын оқушыны қалыптастыру емес, алған білімін өмірде қолдана алатын, жете ойлайтын, жауапкершілігі бар, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеу болып табылады. Бұл ретте, «Дарын» мектебінің миссиясындағы жас ұрпақты «Толық адам» іліміне бағыттау ұстанымы мектептің білім мен тәрбиені қатар алып жүру идеясымен табиғи түрде үндеседі. Біз оқушының тек пәндік білімін емес, оның мінезін, мәдениетін, азаматтық ұстанымын да қалыптастыруға мән береміз.
– Енді білім ошағының негізгі білім беру бағытына қарай ойыссақ. Қазір мектепте қанша оқушы білім алуда, ұстаздар құрамы жөнінде де айтып өтсеңіз…
– Бүгінде мектеп-интернатта барлығы 212 оқушы білім алады. Оның 127-сі 7-9 сыныптарда, 85-і 10-11 сыныптарда оқиды. Мектептің негізгі оқыту бағыттары жаратылыстану-математикалық және «Абай желісі» бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыттар. Яғни, бір жағынан оқушылардың математика, жаратылыстану, IT бағытындағы қабілеттерін дамытсақ, екінші жағынан тіл, әдебиет, тарих, құқық, шешендік өнер сияқты салаларға ерекше көңіл бөлеміз. Мектеп-интернатта 40 педагог еңбек етеді. Атап айтқанда, 28 мұғалім, 8 тәрбиеші, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, кәсіби бағдар беруші педагог және педагог-ұйымдастырушы бар. Педагогтарымыздың 38-і жоғары білімді мамандар, екеуінің арнайы орта білімі бар. Біліктілік санаттары бойынша 10 педагог-зерттеуші, 3 педагог-сарапшы, 18 педагог-модератор еңбек етеді. Біз үшін жас мамандардың мектебімізге келуі де маңызды. Соңғы екі жылда мектепке төрт жас маман жұмысқа қабылданды..
–Ұстаздардың кәсіби жетістіктері де аз емес екен. Ұстаз еңбегінің марапатпен бағалануы да үлкен мәртебе. Солай емес пе?
–Әрине. Соңғы екі жылда мектебіміздің 16 мұғалімі түрлі конкурстарда жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, мамандандырылған білім беру ұйымдарының жас педагогтарына арналған республикалық «Teacher’s Hackathon» байқауында жас маманымыз жүлдеге ие болды. «Үздік психолог» республикалық байқауында педагог-психологымыз ерекшеленді. «Дарынды оқушыға – талантты ұстаз» республикалық конкурсында екі педагогымыз грамота алды. «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсында, сондай-ақ, «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» мегажобасында ұстаздарымыз жақсы нәтиже көрсетті.
Облыстық деңгейде де мұғалімдеріміздің жетістігі бар. Атап айтқанда, «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсында төрт педагогымыз, «Үздік психолог» байқауында педагог-психологымыз, «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында екі ұстазымыз жүлдеге ие болды. Бұған қоса, «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік педагог – 2024», «Биология пәні мұғалімінің үздік педагогикалық жобасы» сияқты кәсіби байқауларда әріптестеріміз топ жарды.
Сондай-ақ, біздің екі педагогымыз «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бір педагог «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», тағы бір ұстаз «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар, екі педагог Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болған. Екі мұғалім «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломдарымен марапатталса, 15 педагог облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған.
– Ұстаздың кәсіби дамуына мектептің өзі қандай мүмкіндік жасап отыр? Мектеп әкімшілігі мен ұстаздарымыз Қазақстандағы British Council ұйымының «Қазақстанда үздіксіз кәсіби дамуды енгізу бойынша мектеп жетекшісіне арналған нұсқаулық» тақырыбындағы инновациялық жобасының апробациялық жұмыстарына қатысты. Сонымен бірге, 20 педагогымыз облыс және республика көлемінде өз тәжірибесін таратып, авторлық бағдарламалары мен озық педагогикалық тәжірибелері сараптамалық кеңесте оң бағасын алды. Бұл ретте, біздің ұстанымымыз қарапайым, мұғалім өзі ізденбесе, оқушыны ізденіске жетелей алмайды. Сондықтан, педагогтың кәсіби өсуі мектептің даму болашағының маңызды кепілі болмақ.
– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, осы ретте, енді оқушылардың жетістіктеріне тоқталсақ. Айталық, соңғы жылдардағы қол жеткен нәтиже көңіл қуантады екен.
–Иә, оқушыларымыздың жетістігі мектеп жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Соңғы оқу жылдарының қорытындысы бойынша мектебіміз республиканың «100 үздік олимпиадалық мектебі» тізімінен орын алды. Соңғы үш жылда шәкірттеріміз барлығы 371 жүлделі орынды иеленіп, дипломдармен марапатталды. Тағы 37 оқушымыз түрлі грамоталарға ие болды. Ғылыми жоба бағытында да жақсы көрсеткіштер бар. Халықаралық «Infomatrix Asia — 2026» ғылыми жобалар байқауында 9-сынып оқушылары ІІІ орын алды. Республикалық ғылыми жобалар байқауында үш оқушымыз ІІ және ІІІ орындармен марапатталды. Республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қарлығаш Құлшымбек, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Әлима Сейсен, құқық негіздері пәнінен Ақниет Есмағанбет және Томирис Қабақбай ІІІ орын алды. 7-8 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада тарих пәнінен Аяулым Мұхамед ІІ орын иеленіп, Айнель Ерден грамота алды. Қарлығаш Құлшымбектің жетістігін ерекше атап өтуге болады. Ол Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасының республикалық кезеңінде екі жыл қатарынан ІІ жүлделі орынды иеленді. Түркістанда өткен республикалық «Яссауитану — 2026» байқауында Асылжан Сайлаубай ІІІ орын алып, 50 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Республикалық «ProEco» экологиялық жобалар байқауында Сағыныш Алтынбек І орын алды. «Менің шағын Отаным» атты жас тарихшылардың республикалық интеллектуалдық конкурсына 9-сынып оқушылары Санжар Ережепов мен Салтанат Әскерова қатысып, Салтанат жеңімпаз атанды. Ал, Таразда өткен VII республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс, сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауында Қарлығаш Құлшымбек пен Даяна Жақсылық жұптасып, ІІІ орынды иеленді және 30 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
– IT мен робототехника саласында да мектеп оқушыларының аты аталып жүрген көрінеді. Бұл бағыт қалай дамып келеді?
– Қазіргі оқушы үшін цифрлық сауаттылық – заман талабы. Сондықтан, IT мен робототехникаға да үлкен көңіл бөлудеміз. Оқушыларымыз IT және робототехника чемпионаттарында 8 жүлделі орынды иеленіп, халықаралық кезеңге жолдама алды. 2025-2026 оқу жылында робототехника командалары Astana Tech Cup халықаралық чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті. FootBot LegoLeague санатында 9-12 сынып оқушылары І орын, Autonomous Car Racing санатында ІІ орын алды. Екі команда да Түркияда өткен халықаралық кезеңде І орынға ие болды. Халықаралық деңгейдегі осындай жетістіктер оқушыларға үлкен жігер беретіні сөзсіз. Бұған қоса, «Жасанды интеллект негізіндегі STEM – білім беру» халықаралық конкурстарының жеңімпаздары болып табылатын оқушылардың IV халықаралық ғылыми форумына республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары Ж. Имантай, А. Дүйсенбек, Ә. Баянбай қатысты.
– Осы ретте, мектептің жоғары оқу орындарымен байланысының оқушыларға қандай пайдасы бар?
– Қазіргі мектепті жоғары оқу орындарынан бөліп қарау қиын. Біз ресми меморандумдар негізінде бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Соның айғағындай, мектебімізде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және оқыту әдістемесі, ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедраларының филиалдары ашылды. Бұл мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретін мүмкіндік. Оқушылар университет өмірімен ертерек танысады, ал, мұғалімдер әдістемелік тұрғыдан тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Болашақ сарайы» қосымша білім беру орталығымен, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетімен, AZ GROUP халықаралық білім беру компаниясымен серіктестік байланыс орнаттық. Қазақстандағы British Council ұйымымен де бірлескен пилоттық жобаларымыз жүзеге асырылуда. Осындай үлкен жетістіктердің артында күнделікті тынымсыз жұмыс тұрғаны анық. Біздің мақсатымыз осы қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмау. Білім беру жүйесі үнемі өзгеріп отырады. Алдағы уақытта функционалдық және цифрлық сауаттылықты одан әрі дамытуға, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу көрсеткішін арттыруға, халықаралық байланыстарды кеңейтуге, ұстаздардың кәсіби дамуына жағдай жасауға басымдық беретін боламыз.
– Әңгімеміздің түйіні ретінде алдымыздағы Мұғалім күніне орай, өзіңіздің әріптестеріңізге, ізгілікті қоғамды қалыптастырушы ұстаздарға деген игі тілегіңізді жеткізсеңіз.
– Меніңше, кез келген мектеп дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстыратын білім ордасы болуға тиіс. Осы орайда, бізге 1963 жылдан басталған тарихымыз да үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі әрбір мектеп жетістігінің артында оқушының талпынысы, ата-ананың қолдауымен қатар, ұлағатты ұстаздарымыздың еселі еңбегі жатыр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, «Дарынның» дара жолы үшін білім мен тәрбиені қатар ұстап, заман талабына бейімделген, ұлттық рухы берік ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан барша әріптестеріме өз алғысымды жеткіземін. Әр баланың бойындағы талапты ұштап, оны ілгері апару жолындағы еңбектеріңіз жанып, ертең елге тірек болатын азаматтарды тәрбиелей беріңіздер демекпін. Осы жолда сіздерге талмас қанат, сарқылмас қажыр-қайрат тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!
– Әңгімеңізге рахмет. Өзіңізді де шығармашылық ұжымымыздың атынан кәсіби мерекеңізбен құттықтап, еңбегіңізге жеміс, отбасыңызға амандық тілейміз!
Сұхбатты жүргізген
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

