Мұғалім болу – адамның жан жүрегінің қалауымен таңдалатын ұлағатты жол. Ал, тұтас бір отбасының бірнеше буыны өмірлерін білім саласымен тығыз байланыстыруы және педагогикалық әулет қалыптастыруы бұл теңдессіз құрметке лайық іс деп білемін. Мектеп қабырғасында оқығанда мұғалімдердің әулетімен еңбек етіп жүргенін көріп, тамсанатынмын. Олардың бір шаңырақ астында бірге өмір сүріп, әрі бір салада, әсіресе, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етуі мен үшін өте қызықты еді. Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында сондай бір әулет жайлы жазуды жөн санап, есімі елге сыйлы ұстаз Жұмай Ауғанбайұлының мағыналы да ғибратты еңбек жолы туралы қалам тербеуді қолға алдым.
Осы бір парасатты әулеттің ұстаздық жолының негізін қалаушы, отбасының ақсақалы Жұмай Ауғанбайұлы өз ғұмырының 31 жылын Аршалы ауданына қарасты Сарыоба ауылының орта мектебінде жас ұрпаққа білім беруге арнаған екен. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген Жұмай Ауғанбайұлы 1992 жылы атамекенге қоныс аударып, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, оқу-ағарту ісіне белсене кіріседі. Осылайша, мыңдаған шәкіртті ана тіліміз бен әдебиетіміздің кәусар бұлағына сусындатып, ұлттық құндылықтарымызды талай жас өскіннің санасына құйып, тәрбиеледі. Шәкірт жүрегіне сәуле түсіре білген ұстаздың алдын көрген оқушылары бүгінде әр салада белді қызметтер атқаруда… Бірі ұстаз, бірі дәрігер, бірі құрылыс компаниясының басшысы, бірі судья, бірі прокурор…
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» деген әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің нақылын өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаз бүгінде зейнет жасында. Өз ісіне адал ұстаздың еңбегі қашан да бағалы, беделді. Ел ертеңі жастарға бойдағы барын, оқу-білімнің нәрін берген оның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, оның мұрағатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары мен грамоталары бар.
Осыдан екі жыл бұрын бақилық болған аяулы жары Аллази Халдырашқызы екеуі бес баланы дүниеге әкеліп, оқытып-тоқытып, әрқайсысының өз өмір жолдарын табуларына бар жағдайды жасады. Ұрпағына үлгі боларлық ұстаздық ұлы жолдың негізін қалады.
– Мамандықтың бәрі жақсы. Инженер де, дәрігер де, сәулетші де, барлығы да қоғамға қажет мамандықтар. Бірақ, солардың ішінде ең мәртебелісі мұғалім дер едім. Себебі, қай мамандық иесі болсын, ең алдымен қолына қалам ұстауды, әріптерді қосып оқуды ұстаздан үйренеді. Мен де бала кезімнен өзіме сабақ берген ұлағатты ұстаздарға еліктеп өстім. Әсіресе, 9-10 сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Мұрат ағайыма қатты еліктедім. Осы ардақты мамандықтың иесі болуды армандадым. Сол арман-мақсатым ата жұртыма оралғаннан кейін орындалып, филология факультетінде оқыдым. Әдебиетті қатты сүйдім, кітап оқуға құмар болдым, – деді әңгіме барысында Жұмай Ауғанбайұлы.
Әке салған бұл сара жол кейінгі ұрпағына өнеге болды. Ұстаз-әкенің тағылымын бойына сіңіріп өскен ұлы Айбек Жұмайұлы да мамандығын білім саласымен байланыстырды. Мектеп бітіргеннен кейін ол Павлодар қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетін дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, 14 жылдан бері туған ауылы Сарыоба орта мектебінде сабақ беріп, жас ұрпақтың дені сау, рухы биік болып өсуіне өз үлесін қосып келеді. 2007 жылы тарих пәнінің мұғалімі Майрагүл Амангелдіқызына үйленіп, шаңырақ көтереді. Жұмай Ауғанбайұлының шаңырағы осылайша тағы бір ұстазбен толығады. Бүгінде олардың да төрт ұлы өсіп келеді.
Бүгінде Айбек Жұмайұлы оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу және жастарды спортқа баулу мақсатында түрлі секциялар ұйымдастырып, волейбол, баскетбол ойындарынан өтетін турнирлерге дайындайды. Аудандық деңгейде ұйымдастырылған командалық жарыстарда жеткен жетістіктері де баршылық.
Осы шаңырақтың келіні Майрагүл Амангелдіқызы бүгінде ауыл мектебінің тыныс-тіршілігіне жан бітіріп жүрген білікті ұстаз. 18 жылдық еңбек өтілі бар ол Сарыоба ауылындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінің мұғалімі. Ол да қайын атасы оқыған Еуразия университетінің түлегі. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие мен тарихи таным беруде Майрагүлдің еңбегі орасан, кәсіби жетістіктері аудан және облыс көлемінде жоғары бағаланған.
– Мұғалім – білім мен тәрбиені қатар өріп, парасат биігінен көрінетін өнегелі тұлға. Менің өмірлік мұратым – әр оқушының бойындағы адами асыл қасиеттерді шыңдап, ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиетті терең дарыту. Білім мен тәрбиені сабақтастыра отырып, ел болашағына зор жауапкершілікпен қарайтын саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, – деді Майрагүл Амангелдіқызы сұхбат барысында.
Жұмай Ауғанбайұлының қызы Гүлбарам да педагог. Ол еңбек жолын Сарыоба мектебіндегі шағын орталықта тәрбиешіліктен бастап, «Балапан» балабақшасының меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарды. Қазір елордамыз Астанада осы білім беру саласында жемісті жолын жалғастыруда.
Жұмай Ауғанбайұлының қарындасы Гүлжайна да ағасының ізімен мұғалім мамандығын таңдаған жан. 25 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз қазір Зеренді ауданына қарасты Садовый орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, шәкірттерін ана тілінің қасиетін ұғынуға баулып келеді.
Ұстаздық өнер бұл әулетте немереге де дарыған. Бүгінде әулеттің тұңғыш немересі Еркеғали Айбекұлы ата жолын қуып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында оқып жатыр. Оқу кезінде аудандық, облыстық Абай, Махамбет, Мағжан, Ақберен оқуларына қатысып, жүлделі бірінші, екінші орындарды бағындырған. Қазіргі студенттік шағында да өзі шығарған өлеңдерімен көзге түсіп, байқауларда жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл жас дарынға әулеттің үлкендері болашақ жарқын жұлдызымыз деп үміт артуда.
Ауғанбайұлы әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі бір ғасырдан асып жығылады. Мұндай ұлағатты отбасылар білім беру жүйесінің шынайы мақтанышы, ұлт болашағының берік тірегі.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Аршалы ауданы.
![]()

