Жағымды жаңалық
Аршалыда аудан орталығы мен ауылдардың арасында жолаушыларды тасымалдайтын әлеуметтік автобустар қатынайтын болды.
Сөйтіп, жолға шығу үшін көлік іздеп, алаңдап отыратын ауыл тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Бүгінде аудан орталығынан 26 ауылдық елді мекенге жолға шыққан 9 автобус бағыттарының игілігі сөзбен айтып жеткізгісіз.
«Green Gross-A» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жоба тұрғындарға тиімді болып отыр. Бағыттардың шығыны мен қажетті есептеулері жасалып, арнайы комиссияның қарауынан өткен. Нәтижесінде жоғарыдағы тоғыз тұрақты автобус бағыты әлеуметтік маңызы бар бағыттар қатарына енгізілді.
Жол ақысы бір жолаушы үшін әр шақырымға 11 теңге болып белгіленген. Бұл ауыл тұрғындарына мұндай автобуспен аудан орталығына және кері бағытта қолжетімді бағамен қатынауға қолайлы мүмкіндік туғызып отыр.
Әлеуметтік автобус қызметіне халықтың сұранысы да аз емес. Тамыз айында осы автобустармен 1 мыңға жуық жолаушы тасымалданса, қыркүйекте олардың саны 1 300 адамнан асқан. Бұл аудан орталығына жұмысқа қатынайтын, дәрігерге көрініп, басқа да шаруаларын реттейтін ауыл тұрғындарына осы жолаушылар тасымалының қаншалықты маңызды екендігін айқын көрсеткендей. Сондықтан да, ауданда еліміз нарықтық қатынастарға көшкелі тек жеке жүргізушілердің қызметіне қарап қалған халыққа жақсы бір бастаманың қолға алынғаны сөзсіз. Олай болса, басқа өңірлер де осы бір игі істен үлгі алса, артық емес.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Аршалы ауданы.
![]()

