Мұрағат
Республикалық «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында Көкшетау қаласының мемлекеттік архивінде мектеп оқушылары мен ұстаздарға арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Шараға Көкшетау қаласының №4 және №8 жалпы орта білім беретін мектептерінің 8-9 сынып оқушылары қатысып, архивтің тыныс-тіршілігімен танысты. Жас буын өкілдері архив саласының елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы маңызды рөлін ұғынып, құжаттардың қалай қабылданып, өңделіп, сақталатынын және ғылыми айналымға қалай түсетінін өз көздерімен көріп, еліміздің өткенінен мол мағлұмат алды.
Көкшетау қаласының мемлекеттік архивінің директоры Бақытжан Айдосова оқушыларға архив жұмысының маңызын түсіндірді. «Архив құжаттары сыр шертеді» атты көрмеге шолу жасалып, онда ХХ ғасырдың күрделі кезеңдері, саяси қуғын-сүргін, 1920–1950 жылдардағы ашаршылық және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихи құжаттар мен мәліметтер қатысушылар назарына ұсынылды. Әсіресе, 1920 жылдан бастау алған аудандық «Колхоз жолы», «Красный пахарь» басылымдары, сондай-ақ, 1945 жылғы 9 мамырдағы Ұлы Жеңіс туралы хабар жарық көрген облыстық газет нөмірі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, архившылар қатысушыларды 1930–1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміздің құжаттарының коллекциясымен, Ауған соғысы ардагерлерінің, өңірге еңбек сіңірген қайраткерлердің жеке тектік қорларымен таныстырды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәслихат пен әкім аппаратының маңызды шешімдері де назардан тыс қалмады. Оқушылар тарихтың тек ресми қағаздарда ғана емес, Көкшетау өңірін қамтитын 11 642 фотоқұжат қорында, тіпті 1984 жылы «Ленфильм» түсірген «АЛЖИР» деректі фильмінде де сақталғанын біліп, таңданыстарын жасырмады.
Көрмеден кейін архив қызметкерлері азаматтарға берілетін тегін әлеуметтік-құқықтық анықтамаларды дайындау жолдарын түсіндіріп, өз-өзіне қызмет көрсету бұрышының жұмысына тоқталды. Шара архив қоймаларына жасалған қызықты саяхатпен жалғасты.
Оқушылар үшін танымдық саяхат болған бұл шара жастардың жүрегіне отансүйгіштік пен тарихқа деген құрмет отын жақты. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тарихтың тылсым әлемімен жақын танысуға мүмкіндік берген архив ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

